Маңызды
(«нау» 26, 2022) Маңызды
Порталымызды қолданғаныңыз үшін қуаныштымыз! Тепсең порталы Сіздерге сапалы қызмет көрсетуге дайын! Біздің редакция сіздерге көптеген пайдалы әрі қызықты ақпараттар ұсынады. Read more...
   |   

Абақ Керейдің 12 руының әрқайсысының өз ұраны бар. Олардың барлығы да қол бастаған батырлар болғаны шындық. Рудың ұранына айналу үшін тек ғана қол бастап жауға шауып, ел қорғаумен бірге олардың әрқайсысы еліне пана болған дана болған, елін тек жаудан ғана емес даудан да қорғаған, жоғын жоқтап, кегін қайтарған ерлер еді. Солардың бірі Абақ Керейдің ноқта ағасы Ителі руының ұраны болған Бұқарбай батыр Елтоқұлы. Әкесі Елтоқ Ителі ішінде бес Күйіктің біреуі Елтоқ ата болып таралатын бұтақтың басы болған бір кіші рудың атауына ие болған адам. Бұқарбай Елтоқтың кенжесі екен. 1690 жылдар шамасында Қалба өңірінде дүниеге келген. Әкесі Елтоқ шіліңгір ұста болған, соғыс қару-жарақтарын соғады екен. Сол кезде «Елтоқтың қылышы-ай, қанжары-ай» деп ерекше сұранысқа ие болған өнер иесі екен.

Бұқарбай жастайынан әкесі соққан қару-жарақтарға ертеден танысып, оларды меңгеруге ерекше ынталы болғандықтан әкесі Елтоқ баласының кесек тұлғасы мен алғыр алымдылығын байқап, оны сол кездегі соғыс өнеріне жаттық адамдарға ілестіріп тәрбиелеген көрінеді. 14-15 жастағы кезінде-ақ төбелесіп жатқан екі азаматтың арасына түсіп қойдырмақшы болғанда бой бермеген соң екеуінде ұрып жығып кеткен екен деседі. 16-17 жасында ел арасындағы ұрлық-қарлыққа байланысты дауды шешуге араласып, ұтымды айла қолданып, ел назарына ілінген көрінеді. Бұқарбай батыр керей, найман аралас бір жиында арысқа түсіп сол кездің бір атақты палуанын жығып кеткенде көп ру аз руға басшылық көрсетіп өктемдік еткен төбелес кезінде қарсыластың 18 мықтысын қамшысымен ұрып жыққан атағы бүкіл елге жайылған көрінеді. Оның қамшыгерлігі туралы жараған бураны қасқалай қамшымен тартып жібергенде бураның басы екі айырылып өлгені аңыз болып ел ішінде тараған екен. Сол кезде айбаты асқан батыры болмаса басқалардың тізесінде кететін өктем дәуірде Бұқарбайды елі пана тұтады екен. Бұқарбай 1780 жылдары 80 жастан асқан шағында қайтыс болғанға дейін қаруы қолынан түспеген батыр болғандығы туралы ел ішінде талай аңыздар сақталған. Аңыздың түбі ақиқатқа барып тірелетіндігін білеміз.

Бұқарбай батырдың ерлік істері жөнінде халық арасында дастан сақталған. Бұл дастанды жазушы, тарихшы, этнограф, шежіреші ғалым Биахмет Жұмабайұлы тауып өзінің «Бұқарбай батыр» кітабына енгізген. Бұл кітапта: -Бұқарбай батыр өз өмірінде 500-ге тарта ірілі-ұсақты шайқастарға қатысқан. 1730 жылы, 1754 жылдары Жоңғарға қарсы соғысқа, 1779 жылы қырғыздармен соғыста, 1780 жылы Тәшкенді қазаққа қайтару сапарында Абылай ханның қолынан табылып, таңдаулы 25 батырдың біріне саналған екен. Оның батырлығына көңілі толған Абылай хан

  • Міне керей деген керей емес пе, 
  •  Керейдің жігіттері егей емес пе 
  • Шеп бастар Ерке батырға ілескен ерлер 
  • Жеңістік алса мерей емес пе- 

деген сөздерімен оның Бұқарбайды «Ерке батыр» атағаны аңғарылады. Бұқарбай батыр туралы аңыздарда батырдың «Ақ бурасы» немесе «Ақ түйелі батыр» атанғаны да айтылады. «Бұқарбай батыр» дастаны халық мұрасын жинаушы Өмірбек арқылы мәлім болып, Киікбай шежіреші арғы атам Бұқарбаймен бір ауылда өскен екен деп басталады. Олай болса дастанға өз замандастарының аузынан айтылған естеліктер негіз болып, атадан балаға мирас болып жеткен деуге болады. Ақын батырдың әкесін былай сипаттайды.

  • Бабасы Елтоқ шебер әрі ұста 
  • Таныды шеберлігін сол бір тұста 
  • Ақсауыт қалқан, семсер, қылыш 
  • Тамсантып өтетұғын қолдан қолға 

Ал Бұқарбайдың өзін:

  • Кісі еді орта бойлы сом денелі 
  • Жасынан дәлдеп атқан сан жебені 
  • Өткір көз, бүркіт қабақ, кең жауырын 
  • Ақылы ханнан артық тым зерделі- 

деп суреттейді. Дастанда Бұқарбайдың жылқы барымталаған 10 жоңғарды ақбақай атпен қуып жетіп, аттан түсіріп жылқыны алып қалуы, Сары су мен Бұлантыда, Аңырақайдағы жоңғармен болған үлкен шайқаста Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібектермен жауды жапыра жеңуі Абылай ханның көзіне түседі. Бұқар жыраудан бата алуы, Қалба тауда барымталанған жылқыны қуып жетіп қайтаруы, атан түйені көтеруі, сексенге келгенде батпаққа батқан өгізді көтеріп шығаруы батырдың ел ұранына айналуына негіз болған дейді. Абылай ханның:

  • Шаңдатып жауға кіретін 
  • Сиырға енген бұқадай 
  • Жайратып кете баратын 
  • Қашқан жауды құтқармай- 

деген сөздері батыр бейнесін толықтыра түседі. Сондай-ақ дастанда халқына айтқан өсиеті де ұмыт қалмаған.

  • Сақтаңдан ата салтын, таза қанын 
  • «Жеті ата ұрпақ бір» деп саналатын 
  • Жақсы айғыр жақынына шаппас болар 
  • Ұрпағым осылардан сақтанарсың-  

деген өсиетін ел жұрты күні бүгінге дейін ұстанып келеді. Жоңғарлар жеңіліп ел ішіне тыныштық орнаған соң Қалба таудан Сауырға қарай көштің басын бұрып, Алтайдың мұзтауларын ұрпағы мекенденіп қалды. Бұған дейінгі деректерде Бұқарбай батырды 1740-1825 жылдары өмір сүрген деп келсе, автор батырдың сексен жасында жалаң бастап жауға аттанғанын тілге тиек ете отырып 1690 жылдары шамасында дүниеге келіп, сексеннен асып өмірден өткенін дәлелдейтін тың деректер келтірген. Бұл мақаланы Биахмет Жұмабайұлының «Бұқарбай батыр» кітабына кірген мәліметтер мен жазушы Жұмашәріп Шаһадатұлының Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми бас қызметкері, ғылым докторы Гүлжаһан Ордалардың мақаласында айтылған деректерді негізге ала баяндадық.


Оңтуған Қажекберұлы

Монгол «Заман» гәзеті 2020.08

Тарихшы, жазыушы. шежіреші

  • Қаңтар 27, 2024
  • Ақпан 18, 2024
  • Қаңтар 22, 2024
  • Қаңтар 24, 2024
  • Қараша 25, 2023
  • Қаңтар 09, 2024
  • «Желтоқсан» 23, 2023
  • Қаңтар 08, 2024
  • Шілде 17, 2020
  • Шілде 17, 2020
  • Қараша 27, 2021
  • Шілде 27, 2020

Ең соңғы кескіндер

Тепсең сайтында жарияланған бейнежазбалардың барлығын осы арнадан көре аласыз.

Кіріп көріңіз