2023 жылы қазанның бас шені. «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы, ақын, жазушы, журналист, аудармашы Дәулетбек Байтұрсынұлы телефон бере қалды:
- Бір ақын апа сізбен хабарласпақ. Бұрын «Халық кеңесі» газетінде бірге жұмыс істегеміз. Кітаптарыңыздың бір әрібін қалдырмай (мен туралы жазғаныңызды да) оқып, жүйрік қаламыңызға тәнті болыпты. Сізге арнаған жақсы өлеңі де бар екен. Телефоныңызды менен сұрап алды,-деді саңқылдаған әуезінен көңілділіктің лебі есіп.
Ойланып қалдым. Шілде айында Әлем Халықтары жазушылары одағы Шымкент қаласында жылдық қортындысын шығару, одақ жағынан шыққан «Энцикопедияның» және менің 5 кітабым бастатқан өзге де қаламгерлердің бір ер кітаптарының тұсауын кесу жиналысын ашқан еді. Кітаптарым қатысушыларға жеткенінше тараған-ды. Отырыста Алматыдан барған бір апа өз әнін шырқап таңқалдырғаны есімде. Газетте жұмыс істегенін айтқан болатын. Есімін ұмытыппын. Сол апа болуы мүмкін деп топшыладым.
Телефон да келе қалды. Дәл өзі болып шықты. Ақтарыла сөйлеп, жазғандарыма сүйінгенін айтып жатыр. Сол шабытымен толғаған арнауын да оқып үлгерді. Қайранмын! Мекен-жайімді жазып алды. Біз үйде бар кезімізде келіп «бұйымтайын» айтатын болды.
11 қазан күні алдынан шығып, ертіп келдім. Сұңғақ бойлы, ақ жарқын, ақ самайлы, жүзініен нұры тамған қызыл шырайлы, алымды апаның қимылы тіптен қунақы, тетік. Көргені де көп екен. Тиегі ағытылған әңгімесінің майын тамызды. Арасында өлеңдерін жатқа оқиды. Маған арнауын жазып, қолтаңбасын қалдырған «Жүрек жылуы» қатарлы 6 жыр жинағын және «Ақ сезім» атты ән кітабы мен «Алтын алқалы ақын ана Бекемкүл Батырбекқызының сөзіне жазылған әндер» деген ән таспасын (ән касетасы, пластинка) ұсынды. Тосын сыйға қуанып қалдым. Сұрамай-ақ есімінде білдім.
Жарасымды әңгіме дүкеніміз қыза түсті. Аңғарлы апа оқыған, білім нәрін зердесіне тоқыған, парасатты, қаламы қарымды ақын екен. Бойынан нағыз қазақ аналарының көл-көсір мейірімі мен молқорлығы, жайсаңдығы аңқып тұр. Әз жанынан зәредей де жаттық байқалмайды. Құдды өз анамды көргендей әсерлі күйдемін. Совет заманында құлшына оқып, өндіре қызмет істеген оның жасы сексенге таяса да еңсесі биік, рухы асқақ екен.
Б. Батырбек апа 1945 жылдың 22 мамырында Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Жаңа-базар ауылында, Қазығұрт тауының күнгейінде шаруа отбасында өмір есігін ашқан. 1959 жылы осы аудандағы Елшібек батыр (бұрынғы М. Горкий) атындағы мектеп табалдырығын аттап, оны 1962 жылы өте үздік бағамен бітірген. Білімге құштар жалынды қыз Алматыдағы Қыздар педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті факултетіне оқуға түсіп, оны 1966 жылы қызыл дипломмен тамамдаған. Жігері тасқындаған ол қоғамдық жұмысын сол жылы ҚСЭ-де бастаған. Қызметкер бола жүріп, М. Әуезов атындағы «Әдебиет және өнер» институтында фольклор бөлімінде сырттай аспирантура бітірген. 1979 – 1995 жылдар аралығында Ақмола облысы Ерейментау қаласындағы «Прогресс» газетінде редактордың орынбасары, Алматыдағы «Жалын» баспасында нәсихатшы редактор, Президент органы «Халық кеңесі» газетінде қызыметтерде болған. 1994 жылы көп балалы ана ретінде зейнетке шықса да қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып отырған. 2000 – 2004 жылдар аралығында К. Байсейітова атындағы дарынды балалар мектебінде және № 4 қалалық емханада қазақ тілінен ұстаздық еткен. Талант иесінің бір басына сан өнер тоқайласқан. Айталық, ақындығынан тыс, философ, сәулетші, әнші, сазгер, қобызшы, суретші, дәрігер, есепші ретінде көзге түскен. Олардан тамаша нәтижелер де жаратқан. Тар құрсағын кеңітіп, омыртқасын үзгендей өмірге 7 перзент әкелді. Оларды қадағалап өсіріп, қазақы тәрбие сіңіре оқытып қоғамға дарындылардан етіп жетістірген. Қазір кең құшағы тарылмай Құдай берген 9 немересін емірене сүйген бақытты әже.
Халқына, ұрпақтарына айдын шалқар көл-дәриядай мейір төгіп, ұшан-теңіз еңбектер сіңірген Б. Батырбек апа қолы қалт ете қалса болғаны саңлақ жырларын жамыратып, елін рухани лаззатқа бөледі. Жалықпай ізденудің, мұқият еңбектенудің, ұмытыла бастаған асыл салт-дәстүрлерімізді жаңғыртудың өшпес өнеге-үлгісін қалдырып келеді. Оның тынымсыз арқыраған жыр ағысынан «Қазығұрт қызғалдағы» (1997 ж.), «Ақ сезім» (2003 ж.), «Сұлу сезімді сұңқарым» (2004 ж.), «Өмір өрнектері» (2005 ж.), «Нұр-шапағат» (2007 ж.), «Жүрек жылуы» (2009 ж.), «Мәуелі дарақ» (2011 ж.) қатарлы кітаптар тізбегін көріп көзайым болдым.
Б. Батырбек апаның «Қазығұрт қызғалдағы» деп аталатын алғашқы жыр кітабына «Жолың болсын, Бекемкүл!» деп шағын алғы сөзін аямаған ақ иық ақын, Қазақстанның халық жазушысы Т. Молдағали ағамыз үмітке толы ыстық лебізін білдіріпті. Ол: « Есейіп, етегінен ұл-қыз өргізіп, сонау бала күнімнен құштарым еді-ау деп Бекемкүл қарындасым өлең сарайының есігін имене кеп қағып тұр» дейді. Ол тағы: « Бірде жеткізіп, бірде жеткізбей айтқанмен, бұл жырларда өмірге құштар көңілдің шуағы, арман ағысы, сәбидің үні, көктемнің гүлі, ана жүрегінің сүйініші мен күйініші бар» деп ағынан ақтарылған. Иә, ана жүрегі саумал жырмен лүпіл қағады, тебіренеді, асау теңіздей толқйды, буырқанады. Қазақтың ең ұлы бақыты – егемендік. Ақынның осы кітаптағы К. Дүйсекеев ән жазған, орыс мектебптерінің 10 сыныбына арналған «Қазақ тілі» оқулығына енген, «Күлегеш» балалар театрының өнерпазы Волеьтин Смолякина «Золотой микрафон» атты Алматыда өткен конкурста мәнерлеп оқып жүлделі орын алған «Егемен елім-ай» өлеңін оқылық:
- «Біз қазақ ежелден ел едік жері бай,
- Өр мінез, ақкөңіл, мейірбан, қонақжай.
- Даналық дарыған, ақын ел, батыр ел.
- Бабалар мекені асқар тау, шалқар көл.
Қайырмасы:
- Ақ бесік, ақ отау мәңгілік,
- Жасай бер, жаңарып жаңғырып.
- Достық пен ынтымақ мекені,
- Гүлденер халқымның ертеңі.
- Жасай бер, жері бай,
- Егемен елім-ай!
- Жасай бер, жері бай,
- Тәуелсіз елім-ай!
- Бармақтан күй тамған, жезтаңдай әншіміз,
- Ғасырдан-ғасырға ұласар даңқымыз.
- Әлемге әйгілеп елімнің есімін,
- Айқара аштық біз азаттық есігін».
Бірде үй жалдап көшіп жүруден әбден ығыр болған көп балалы алтын құрсақ ана, тәуекелмен ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс боп тұрған Алматы қала бастығы Заманбек Нұрқаділовқа үй сұрай барды. Талантты ананың тарғалаңына көз жеткізген ұлт жанды қайраткер, ардақты азамат көп ұзамай үш бөлмелі кең сарайдай үй сыйлады. Қойнына сыймаған бұл жүрек жарды қуанышын ол өлеңмен былай өріпті:
- «Әлде қалай болады деп жүр едім,
- Қуаныштан жарылар болды жүрегім.
- Риза болдым азаматқа тым ғажап,
- Қабыл алған ана, бала тілегін!
- Қамқор болған көп балалы анаға,
- Жолықтым мен ақылды, есті данаға.
- Кең сарайдай үй ұсынып қуантты,
- Тар үйдегі қысылған он адамға».
Осы жинағында қазақ еліндегі ұлы тұлғалардың біразына ақжарма өлеңдерін арнап, алқаудың астында қалғанын да несіне жасырайық?!
Ақын апамыз 2003 жылдан бері қарымды қаламын еркін көсілте сілтеп, арт-артынан кітаптар шығарып, нарық билеп, рухани әлем жүдеулеп, селкеу тартқан тұста сезімге қанат, ойға қуат бітіретін құнарлы дүниелерін ұсынып жатты. Солардың бірі өлеңдеріне жазылған ән жинағы – «Ақ сезім». Бұл кітабына Қазақсанның еңбек сіңірген артисі, Қазақстан және Америкдағы Феодоров атындағы сазгерлер Одақтарының мүшесі Марат Омаров пен Қазақсатнның еңбек сіңірген артисі Дәриға Тілендікеліні тұщымды пікірлерін жазыпты. Д. Тілендікеліні мақаласында: «Бірде домбырада бір әуенді ойнап беріп, осыған Нұрекемнің (Нұрғиса) қасиеттерін жеткізгендей сөздер болса деген тілік білдірдім. Ол ойымды құп алып, көп ұзамай өлең жазып берді. Екеуміздің ойымыз бір жерден шығып, маған өлеңі қанат бітірді. Нұрекеме деген ниетімді сөзбен өрнектеп, домбыраның қос ішегіндей менің жүрек лүпілімді жеткізген сезімтал Бекемкүл екеуміз творчетволық бірлікте жұмыс істеп келеміз. Сөйтіп, «Нұрекем, менің Нұрекем» атты ән өмірге келді» деген тебірене. Берері мол осынау шағын кітапқа Гүлмайдан Сүндетова, Құралай Сәтмұхамбетова, Аида Бекенмұрова, Ағайша Исағүлова, Шынар Соқурова, Роза Әжімұратқызы, Нұрлан Байгөзов, Кеңес Дүйсекеев, Сүгірәлі Сапарәлиев, Ізбасар Өтешов, Марат Омаров т. б танымал сазгерлердің 30 дан астам әндері топтастырылған. Сонымен бірге сөзі мен әуенін өзі жазған әндері де көзге шоқтай басылады...
Кітап шығарумен ғана қанағаттанып қалмаған даңсалы ақын осы әндердің жетеқабыл жеткізе орындалған, тыңдармандарын терең сезімдерге бөлеп желпіндірген ән таспасын (ән пластинкасы) да шығарған. Несін айтасың, жұтынған тамаша әндер құлақтан кіріп бойды алады...
2004 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан, сонау Алматыға арман қуып, білім іздеп келіп, Қыздар педогогикалық унверситетіне оқуға түскен кездерінде, төрт жыл бір топта, бір бөлмеде бірге болған бота көзді хас сұлу жан досы Рақыш Әбдуалиқызының қарқарадай жолдасы Әзім Рахметолаұлының рухына арнаған «Сұлу сезімді сұңқарым» атты кітабы еріксіз көңілімді аударды. Шағын кітаптың берер тағылымы да мол екен. Нағыз достықтың алтын қоңырауы спетті екен. Бірінші бөлімінде, ақын өзі жазған Рақыштың және оның анасының, әпкесінің, інісінің, марқұмның достарының жоқтаулары, шарқұрып, егіле іздеулері мен олардың арасындағы ғаламат қайнасқан шырын да адал, берік махабат шынайы таза сезіммен, жанкүйерлікпен жырланған; Екінші бөлімі Әзім марқұм мен Рақыштың туыстары, бауырлары, қимас достары және қызмет істеген ұжымы, таныс-біліс, аралас-құраластары сипатталған арнау мағынасын да аңғартатын сұлу жырларынан құралған; Үшінші бөлімі Әзім мен Рақыштың шаңырақ көтергендеріне 25 жыл, Әзімнің 50 жастық мерей тойларына арналған ыстық ықыласқа толы құттықтаулар мен арнаулардан тұрған.
Қай кездеде көңілі көктем, сезімі сетер, талғамы тараз, ойы орман, жүрегі жалын, ниеті хақ, арманы асқақ ақын ананың өмірге деген құштарлығы шексіз. Оның 2005 жылдан 2011 жылға дейін жарық көрген 213 беттен 318 беттерге дейін тұратын «Өмір өрнектері», «Нұр шапағат», «Жүрек жылуы», «Мәуелі дарақ» кітаптарындағы алуан тақырыптағы сан хилы толғаныстарынан сыршылдықтың тамаша жыр сипаттарын крпияз да нәзік талғамдарымен бүкпесіз аңғартады. Ақын өзін қоршаған ортаның, қоғамның, елдің, жердің, сұлулықтың, ізгіліктің, адамдық қаситеттердің сезімшіл түйсігіне, сарабдал санасына оң әсерін талғамынан өткізе отырып ершімді жырлайды. Кір жуып, кіндік кескен туған жеріне, егемен байтақ елінің ғажайып сұлу көріністеріне, қажылық сапарына, Түркия еліндегі 4 қала серуеніне, елдің толағай жетістіктеріне бірге саяхаттатса, ұлы тұлғаларға, дос-жаран, инабатты, арлы, сымбаты мен ішкі жан-дүниесі жарасқан аруларға, өнер жұлдыздарына жазған тебіреністі арнауларымен таңдандырады, тәнті етеді. Кітаптарының қақ төрінен орын алған фото суреттерін айтсайшы! Ол да оқырмандарын ақын өміріндегі мағыналы кездесулеріне, ұлы қаламгерлермен жүздесулеріне, қажылықтағы құнды сапарларына, Түркия еліндегі Тарсус қала әкімі, ақын Косомос Бурханеддиннің құттықтап жатқан салиқалы кездеріне т.б. ждағатты сәттеріне жетелейді. Ақынның біраз шығырмалары Халықаралық және Республикалық байқаулардан жүлделі орындар алғанын айтқамыз. Сол шығармаларының бірі «Қазығұртым ауылым» өлеңіне назар салайық:
- «Қазығұртым кірімім-ай,
- Шаттандырған көңілімді-ай.
- Жаннат бағы секілді-ай,
- Жайма-шуақ өмірің-ай.
- Қазығұртым керілген-ай,
- Әулие тау дегезген-ай,
- Елге ырыс құтты мекен,
- Жаралғанда егіз ең-ай.
- Жайлаудағы малы қандай,
- Дертке дәру қымыз балдай.
- Сүтін сауған жеңешемдер,
- Тойғызады құрт пен майға.
- Алма, өрік балбыраған,
- лмұрт, жүзім салбыраған.
- Дәулет қонған алтын далам,
- Қойны толған қазынаға.
- Ақ тілеулі аналардай,
- Мейірімді елім қандай.
- Сағындырып еркелеткен,
- Ай, хай, шіркін ауылым-ай!».
«Жүрек жылуы» кітабының «Журналистік жазбалар» деп аталатын III-бөліміне мектепте мұғалім, «Халық кеңесі» газетінде журналист, «Жалын» баспасының әдебиетті нәсихаттау тобының редакторы қатарлы қызметтерде жүрген кездерінде жазған ғылыми зерттеулері мен орыс тілінен аударған әдеби шығармалары және әр тақырыптарда жарық көрген публицистикалық мақалалары берілген. Аудармалары арасынан өзіне тарта жөнелетін тәрбиелік мәнге ие шағын әңгімелер де бір төбе.
Алтын құрсақ ақын апаның оқуын үздік тамамдап, қоғамдық қызметтерге белсене араласса, отбасының құт-берекесі болып, 7 перзентін қанаттыға қақтырмай, құйрықтыға соқтырмай мәпелеп жеткізгеніне, шығармашылықтан толағай табыстарға жеткеніне еріксіз мойынсалсыз. Құдай қосқан қосағы, құрылыс саласының білімді инженері Балтабек ағамен тату-тәттілігі, өзара сыйластығы, ізеті ұрпақтарға үлгі. Оның өмір сапары сан соқпақтарды артқа тастады. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен білімің екі жақтап» деп Абай айтқандай адал да нағыз еңбектері ел құрметіне бөледі. «Түсімде» деген өлеңінде:
- «Жамбыл, Кенен атаның,
- Жолын апа, жалғайсың»,
- - Бейтаныстау азамат,
- Деген кезде таңқалдым.
- Алланың бұл аяны,
- Әртүрлі ойға салады.
- Ұзақ болса ғұмырым,
- Мүмкін орындалады», деп жазған екен.
Сексеннің табалдырығын енді аттағалы тұрған апаның қызыл шырайынан бақыт нұры төгіліп тұрғандай еді. Мұқалмаған рухы асқақ, қимылы ширақ, жүйкесі мығым, сом біткен тұлғасы тіп-тік, қадамдары адуынды...
Қарымды қаламгер апа Б. Батырбекқызына таудай табыс арқалап, шаршап-шалдықпай жеткен 79 жасыңыз құтты болсын, шығармашылықтан әлі талай белестерді бағындырыңыз, жасыңыз Жамбыл ата жасынан ассын деген ақ тілегімізді тілейміз!
Болат Құрманғажыұлы Әкежан
Ақын, жазушы, журналист, сыншы,
алықаралық Б. Майлин атындағы әдеби сыйлықтың, ҚХР-дағы мемлекеттіказ санды ұлттар ақпарат сыйлығының иегері