Әлем Халықтары Жазушылары одағы Қазақстан жазушылар одағының мұшесі, этнограф, зерттеуші, Қазақстан мемлекеттік тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, ҚР құрметті азаматы, Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі, ТӘЖ одағының мұшесі, Қытай мемлекеттік жазушылар, фольклоршылар қоғамының мүшесі Байахмет Жұмабайұлының шығармашылығына арналған Халықаралық мүшәйра 2022 жылдың соңында ұйымдастырған болатын. Қаншама авторлар Б. Жұмабай ұлының шығармаларымен танысып әрі автордың ерен еңбектерімен өмір жолына тәнті болып қалам тербеді. Осында Б. Жұмабайұлының шығармашылығына арналған, мүшәйраға қатысқан авторлардың шығармалары жүлделі болған және авторға өз әлінше өлеңдер арнаған ақындарымыздың шығармалары топтамасын оқырманға ұсынып отырмыз.
Силыққа ие болғандар
Баяхмет шығармашылығына арналған ақындар өлеңдеріне қорытынды баға:
Алаш Кеңшілікұлы (Баянөлгей аймағы)
Емен
Байахмет Жұмабайұлына
Сіз!
Қазақтың қамбасына өлең боп құйылғансыз
Тамырын терең жайған, емен боп бұйырғансыз
Өгейлік күйін кешкен, білесіз бауырларды,
Сағыныш сазыменен жеткенсіз қиырдан сіз..
Ақыттың ақыреттік, ғақылын өріп сөзбен
Қысымын қысық көздің*, өскенсіз көріп көзбен.
Қазақтың Алтай асқан, тарихын таңбаладың,
Роман, хикаят қып, айшықты теріп сөзбен.
Сіз!
Шер толы жүрекпенен, қауырсын қалам алып
Жеменей өзенімен бір мезет дауаланып...
Шылбырын сүйрей қашқан, құлагер құлынысыз,
Ел үшін жанпида деп, шыбынын садаға қып...
Таңжарық, Сұлубайдың жырымен сусындадың
Егіліп Бежең болып, беріліп күй тыңдадың.
Ұрпақтың зердесіне ғасырлық құйып нәрді,
Кисеңде темір ноқта, жауыңнан қымсынбадың.
Сіз!
Алатау бөктеріне жеттіңіз емен болып
Ертіс пен Есілдерге құйдыңыз өлең болып.
Жат жерді жастанғанда, құлатпай рухыңды,
Ешқашан аласарып, көрмедің төмен болып.
Бұқарбай, Отарбайлар* аруағы қолдады ма?
Шалдығып шабан аттай қалмадың жолда мына!
Бүр жарған жапырағы, ұрпаққа сая болған,
Емен боп қосылдыңыз, қазақтың орманына!!!
- Қысық көз* -- Қытай жұрты.
- Бұқарбай, Отарбай* -- Байахмет ақын шығармасында кездесетін жыраулар.
Сайлаухан Есболатұлы
Мұзтаудың Мұзбалағы
Қырық кітабы қырық мықтың үйіндей,
Қырық құттың күйіндей.
Кісі бейнеге жеткенше қадақ балбалдай,
Қаларсың қалай сүйінбей?
Ой-хой, Мұзтау, Сауыртау,
Өр Алтай, жүгің ауырлау.
Ақұштаптарға оранып өсіп жете алмай,
Өгейсіп қалған бауыр-ау.
Зукра тектес мыңда бір,
Періқыздан туған ұл.
Әулие, сопы, дамулла тыңдап,
Дәстүрмен белін буған ұл.
Мыңдаған ақсақалдардан,
Шыңдаған асқақ ақ арман.
"Жап жарық әлем" туған жер,
Тамшысын жұтып жаңарған.
Оюды ойып сөйлеткен,
Ойын да орам ой не еткен?
Зырылдауық пен гүрілдеуікті,
Сақпанның тасын гөйлеткен.
"Ақық"та ақын тұғырлар.
Түнекте туған ғұмырлар.
Аңсаған арман,
"Өшпес тағдырлар",
Гималай асқан шымырлар.
Қазақтың сауда саттығын,
Дәл сіздей ашқан нақты кім?
Жойылып кеткен хайуан мен көне дәуірге,
Жартасқа барып таптық үн.
Баба балбалдар,
Кешендер менен жартастар,
Дәуірлер менен сүбелі сөзді салт, астар,
Сонау, Мұзтаудың мұзды шыңында,
Мұзбалақ ғұмыр, Қарт-Асқар.
Гүлнар Рақымжанқызы
Сұлулық
Баяхмет ағаға арнау
Сенімін сақтап,
үмітке үкі байлаған,
Сарқылмас сабыр, кеудесі салған арман- ән.
Қыранды көрдім,
биіктен жемін талғаған,
Толысып келіп
төсінде елдің самғаған.
Жырақта жүріп
өмірді сұлу аңсаған,
Алыстан айтып тұрғандай елдің бар шамы ән!
Сағыныш толы
жүрекпен жетті Алашқа,
Аңсаған баба, уақыттан озған шаршаған.
Күмбезін жырдың
орнатты кеуде лүпілі,
Намыс пен арды,
жаныды пенде пікірі.
Алатын сыйы-
алғысы күллі қазақтың,
Тектіден туған,
маңдайға таққан үкіні.
Дауылды кешіп
өссе де жырақ, шерменен,
Ғашықтық сезім жанбаса, сөніп, өлмеген!
Сұлулық,- деген қаруды ұстап қолына,
Бәйгенің алдын, Құлагер аттай бермеген.
Қиялдан ұшты, көбелек - қанат жырлары,
Шөліркеп жүрген алашы қанды мұндағы.
Жарқырап тұрар маңдайы қашан ақынның,
Күмістеп иген, алтыннан болса құндағы!
Дала да, жел де
тына қап, тыңдап жарысты,
Көреген көзі қайнардың көрді алысты.
Сұлулық деген- жүректе көктем бүр жарды
Тандырды естен, Айы оң туып, ғарышты!
Жұпарын сезіп,
білім мен ілім биінің,
Шегін тартып,
құлазып шертті күйін жын!
Күбірлеп тұрған
сайтанды өртке орады,
Асауын мініп, салмаған шылбыр үйірдің!
Табиғат- ана
үйлесім тауып жарасып,
Жыр болып жерде
салынды үлкен қалашық.
Тойға да жеткен
жасарып арман, ақ ойы,
Қайтесің ғалам, ақынмен мұндай таласып!
Мақсұтқан Баркөл-Дәлейұлы
Көне жұрыт
Байахмет Жұмабайұлының, «Жаңғырған жартас үн қатады» этнограпйалық кітабін оқығаннан туған ой.
Барама тауға жан кіріп,
жартасы кетті жаңғырып.
Үн қатты бір зіл қатты,
жаңғырған тастан жаңғырық…
Бабамыздың көңрік қалған жұртында,
тасқорғаның жұрнағының сыртында.
Керме тартып ат байлаған дүр бабам,
Ат ағаш тұр,аппақ болып қураған.
Қарағайдың тошынынан ойылған,
Астау жатыр,
Саптаяғы ғы мойылдан.
Талдан иген сыңар басы бесіктің,
тақау жатыр,таянышы есіктің….
Әрбіріне ауыр оймен тоқтадым.
көрдім сынған,ұшқат томар тоқпағын.
Сулығымен жатыр темір ауыздық,
сағалдырық үзбесі де ноқтаның…
Бұқа басы терісінен тұтынған,
талыс жатыр,күнге күйіп жыртылған,
Үскі жатыр,Үстіргі мен Ыңғыру,
Қырықтық та қажып қалған қырқымнан.
сапсалғыда, Шомбізі мен Аталғы
Аспаптарры сол Талыстың сыр тұнған…
мұжық шөрке,атын мінер тағалап,
Қүлдіреуіш,сынған жетім сағанақ.
жау шапқынын мұндалайды бәрі де,
Тұтқиылдан түн ішінде қамалап…
Қазақ жұрты.
Қалдықтардан танимын.
Аңғары бар алты қанат ақ үйдің.
Жағы қарыс,басы талыс ер адам,
Және қанша бас сүйегі сәбидің…
Тау ішінде,анау қиыр қойнауда,
Биік емес ұры адыр,ойтауда.
Қара бұлттай ауыр ойға бүркеліп,
Бабам жайлі кеттім ғажап ойларға…
Осы жұртта не өлтірген,не өлген…
Ой -ауырлық,басып алды төбемнен.
Осы мекен бізге көктен түскен жоқ,
Бабамыздың қан мен жаны төленген…
Шұғайып Ақын
Рух
Баяхмет Жұмабайұлына
Құлаш ұрдың ғылымының тереңіне,
Жарасам деп халқымның керегіне
Парасаттың көріндің биігінен,
Ақыл-ойдың айналып кемеліне.
Ғылым жолы болған соң талдағаның,
Сырын шерттің шежіре паң даланың,
Өшпейтұғын тастағы жазулардай,
Есіміңді ертеңге таңбаладың.
Кәусарынан білімнің қанып іштің,
Шоғын үрлеп өзектен сағыныштың.
Еркіндікті аңсаған тарланбозым,
Ата жұрт деп аяулы алып ұштың.
Жөнің бөлек ардақты асыл аға,
Туған жердің әр түйір тасы дара.
Өр Алтайдың басында қалып қойған,
Балалығың қол бұлғап шақырама?
Көңіліңе бір мұңлы күй ілініп,
Жанарыңа ыстық жас үйіріліп.
Жалаңаяқ саз кешкен қайран күндер,
Түсіңізге жүрме екен жиі кіріп?
Самал желі қандай еді таңдардағы?
Биге басып сыңситын ормандары.
Қар астында қаңтарда көктейтұғын,
Сізді Алтайдың дер едім қарғалдағы.
Бізге өнеге қашан да тағлымыңыз,
Қайталанып жатандай тағдырымыз.
Қара нардай қасқайып қайран ағам!
Медет беріп жаратқан сау жүріңіз!
Элдар Татиев (Өзібекстан)
Әйгілі жазушы, этнограф, Байахмет Жұмабайұлына құттықтау
Ұлтының ұлы боп туылған,
Білімі бұлақтай қайнаған.
Қаламмен қағазды сүйді ол,
Өмірін білімге арнаған.
Мақтауға сөздерім жетпес-ау,
Шәкірттер бақтына жол ашқан.
Әлемде жазушы көп бірақ,
Жоқ бірақ ағамдай, нұр шашқан.
Бағытқа байланған тағдыры,
Жақсылар ілесер артынан.
Аттандым сөз теріп майданға,
Ұстаздан әлі көп, тартынам.
Отан деп соғады жүрегі,
Тілімдеп жанады көздері.
Райхангүл әр таңда бас иер,
Тамшыдай таматын сөздері.
Әр көктем келеді сізді деп,
Байахмет сырларын сұрауға.
Құстарда келеді алыстан,
Сіз жазған хаттарды жырлауға.
Мен әлі жаспынау, жас әлі,
Байахмет сөздерін оқуға.
Ойладым, бір тілек айтуды,
Кірістім арнауды тоқуға
Ақындық, бұл рахат емесқой,
Сіз айтқан уайымның күндері.
Қаламгер бұл кәсіп емесқой,
Ұстаздың ұйқысыз түндері.
Тілектер тіледім жүректен,
Талғанға сол екі білегім.
Ұстазым шынайы қуанса,
Қуанар меніңде жүрегім.
Әділет Ахметұлы
БАЙ-АХМЕТ
Ау, Бай аға, баласы Жұмабайдың,
Жалғанда жалған сөйлеу күнә, қайғым.
Берісі Күнгей, Мағаз баласысыз,
Арысы Шоқан, Ақыт, Ұлы Абайдың.
Тарихын ессіз ғасыр түйреп кеткен
Қазақтың бір ұлысыз түйнек шешкен.
Созып жүрсіз пұшпағын көн терінің,
Бабалар өз қолымен илеп кеткен.
Құбылыс деп асыра мақтамаймын,
Жат жанынан түңілсін, даттамаймын.
Қаламгер қара нар деп жүгін артты,
Аса ауыр тарихы Көктоғайдың.
Өр Алтайда жөңкілген құйын ғасыр,
Қара бұлтын қазаққа үйірді ақыр.
Сорға туған солақай сотқарлардың,
Бишігі бүгінге де тиіп жатыр.
Жасымай жазды соны Байахмет,
Болашаққа әділет, сая тілеп.
Сақ пен ғұннан жалғасқан ерлікті айтып,
Жалғандыққа шүйлікті жай оты боп.
Жартастағы тарих таңбаларын
Сөйлету бұл бір ғажап заңғар ағым.
Баба салтын зерделеп, бала ойынын,
Көрестті жағаласса жан қаларын.
Ізін қайта кестелеп Ізғұттының,
Сырын ашты, мың мықты, жүз құттының.
Кесек-кесек кітапты көкейге алып,
Ақиқат айдынына жүздік бүгін.
Басына үйген жансыз бар бақытты,
Сізге айтқан шежіресін шал бақытты.
Сіз жазған тас бақытты, Ел бақытты,
Қаламыңа ілінген сор бақытты.
Айналып алып орда шегесіне,
Салдыңыз өткен шағын ел есіне.
Сегіз қырлы, бір сырлы қайратты ұлды,
Көтерсін Қазақстан төбесіне!
Мадақталғандар
Қадырсұлтан Нүсіпқан (Жетісу облысы)
АБАДАН
Бағзы күндер бастау алып Алтайдан,
Барыс ағам, Алатауда марқайған.
Бала шағын еске алса сағынар,
Бабасының қара қосын қалқайған.
Алтай, Алтай баулып оны өсірген,
Алқабында арда күрең көсілген.
Ата-жұртта шұрқырасып қосылсақ,
Армандар ғой арғы беттен көшірген.
Иләйім жолды оңғарып бір Алласы,
Иран бақта өсіп келет мал- басы.
Иір-қиыр талай сүрлеуді басса да,
Иманды жан лайланбаған ед арнасы.
Абадан ер сағыныш жасын жасырған,
Адал жолмен Аллаға ғана бас ұрған.
Аңғал-саңғал, мәрт мінезді ағам-ай,
Алаш даңқын Атырау, Алтай асырған.
Халық үшін еңбек етіп терлеген,
Хакім Абай ізін қуып ерлеген.
Хұсни хатын құс жолына ұшырып,
Хафиз рухын жат қолына бермеген.
Маңғазым-ай, мәнсап, атақ қумаған,
Мұхтар жүрек кеудені ұрып тулаған.
Мәңгүрттенсе мәнісі кетер қоғамда,
Мешелдер көп мекіреніп шулаған?!
Елім деп тілдің түзеп кемістігін,
Еңбек етіп нәр таттың жеңісті күн.
Елжіреген от жүрек тоқтамағай,
Ең бақытты жаны Сіз жер үстінің.
Тау тұлғаңа жыр іздедім тең келер,
Танып Сізді орын берсін төрден ел.
Тұлпар тағдыр тұқыртқанға қарамай,
Тебінгіден тер ағызып көрген ер.
Замира Талғатқызы (Павлодар облысы)
Байахмет Жұмабайұлына Арнау өлең
Кітап алып қолыма ашқан күнім,
Сыр шертіп, тарихымның кешкен үнін.
Саналы қазағымның болашағын,
Қаламгер насихаттап жазсын бүгін.
Кесек ой мен кестелі сөз өнерін,
Ақындатып бір-бірлеп жыр етейін.
Халқымның ұлы ақыны болмасамда,
Ақындардың өнерін пір етейін.
Мен бір тұлға, жүрген бір ауылдағы,
Қалам алсам ақ параққа жазам тағы.
Жүрегімнің түкпірін дүрсілдетіп,
Оятып сан параққа салам тағы.
Жаздым бүгін, жазушының жыр дерегін,
Парақтарға ақтарып сөз тірегін.
Саналы сан ғұмырдың аясында,
Елімнің сен тарихын түгендедің.
Көк аспаның, көк туыңда, өз елің,
Өз еліңде келді сөйлер кезегің.
Сол кішкентай қара сөзден басталған,
Теңіз болды сенің өмір өзегің.
Қыран бүркіт самғап қазақ көгінде,
Орның бөлек халқың үшін төріңде.
Ұмытылмас сенің бейнең бүгінгі,
Сыйлы болған әділ кісі елінде.
Әкесіде білім алған Уфадан,
Зуқа батыр Қари атын атанған.
Шәкірттерін тәрбиеге үйретіп,
Құранның 30 парасын жаттаған.
Тарихты таратқанда түгел ұғып,
Бойында парасаттық, біліктілік.
Тереңнің түкпіріне еркін жүзер,
Байқалып қатарынан биік тұрып.
Қазағыма қасыретін шектірген,
Ресейлік патша үкімет текпінмен.
Араша түсіп қазағымның батыры,
Қиян-кестік заман болды сескенген.
Әділет пен азаттылық жоқ бүгін,
Көріп өсті ашаршылық жоқтығын.
Зорлық қылып әлділерге жақтасқан,
Патшалардың көріп өсті озбырын.
Қарсы шығып жалғыз өзі ақтарға,
Қараңғылық басып өтті Алтайға.
Әскерін жинап алып генерал,
Өтіп шыққан Қытай жері Шонжыға.
Үкіметтің салық салған жолдарын,
Бүкіл халық азат тұтты арманын.
Қарсы шығып үкіметтің жолына,
Халқын ойлап халық батыр атандың.
Ғалым ол-қаламының қырамы бар,
Бірегей дара туған дарыны бар.
Сөйлесе түптеп қозғап түгел айтар,
Мұқылмас күш-жүгердің жалыны бар.
Асыл сөздің зерттеуші,тапқырысың,
Ол сенің өмірдегі бақ, ырысың.
Ұзақ жыл еңбек еткен ардагерім,
Құлагердей сүрінбеген дүлділісің.
Жасыңнан талай зерттеп ғылым жайын,
Үңіліп кете бардың барған сайын.
Тынымсыз осы жолда еңбек етіп,
Еліңе зор еңбегің сіңген дәйім.
Қасыретін халықтың қастер тұтар,
Қасыретін кеудеге жиіп алар.
Найза тисе намысың назаланар,
Қайсарлы мінезіңнен жалын алар.
Орны бөлек өлеңнің шарықтаған,
Айтамыз мақтанышпен сусындаған.
Шыңдалып шымыр өмір сындарында,
Күркіреп найзағайдай дауылдаған.
Әуелі керек нәрсе білім деген,
Білімсіз еш бір адам ілінбеген.
Тарихты мың айналып өтсең дағы,
Қара сөзің қайта толғап тербейді екен.
Өмір жайлы, өзің жайлы,ел жайлы,
Әлі талай келер ұрпақ жырлайды.
Өткен мына өмірлерден ұлылар,
Тарихыңды ашып талай толғайды.
Мақтанар сізді көрген дана халық,
Сырыңа сыр шерткендей бүкіл халық.
Алаштың ұлы биігі секілденіп,
Жырлатып жүре берші дараланып.
Зирагүл Нұрданбекқызы (Жетісу облысы)
Бір адам
Оқыдым да Күләш апам жырларын,
Ескі әннің таптым іздеп ырғағын.
Бір адам бар мен білетін ғаламда,
Оның айтқан сөзіне ұйыр құлағым.
Ол бар жерде жасқанбадым дауылдан,
Желден ұрып жауған нөсер, жауыннан.
Ізгілктың гүлі көктеп өнетін,
Ол жүрген жер қала және тауымнан.
Ол бар кезде қарамадым ешкімге,
Арқасында соның өрлеп өстім де.
Алатаңда арман қуып оянып,
Ақ бұлт болып аспан жаққа көштім де.
Дарқан еді оның ойы, тұлғасы,
Қарт ғасырдың қайталанбас сырласы.
Ей, адамдар, білмек болсаң өмірді,
Одан келіп өмір жайлы сұрашы.
Бөлмейді ол адамдарды алалап,
Көркем сұлу көңілінде бар алап.
Қалдырмайды көңілін ол ешкімнің,
Ел қуанса қуанады қабағат.
Айтатыны дегдар елге ізгі ой,
Ол үшін де тіпті қоңыр күз мерей.
Сондай жанның назарында іліккен,
әлемдегі мен бақытты қызбын ғой..
Тойлыбай Қуаныш
(Саналы ғұмырын халықтың игілігі мен болашағының дамуына арнап жүрген) Байахмет Жұмабайұлына
Саналы бүкіл, ғұмырын жұмсап білімге,
Жақсыға сілтер сөзі боп ылғи тілінде.
Қазақтың арда, елсүйер дана перзенті,
Кешуде ғұмыр қызмет қып елге бүгінде.
Жастығы өткен, өр Алтай болып отаны,
Сол асем мекен, болғандай әбден опалы.
Қағаз бетінде қарыштай түсіп қаламы,
Ғылымға терең, үлесін молдан қосады.
Ізгі ғұмырын ғылымға жұмсап пайдалы,
Бұзылмай мүлде, тілінің беткі қаймағы.
Сезіліп тұрар, көргенге көркем мінез бен,
Қазақи болмыс, өңінен жұмсақ жайдары.
Жанрға алуан тартумен құтты қаламын,
Ғылыми жолға жұмсаумен ізгі талабын.
Оқырман сүйер сан шығарманың мәністі,
Жандырып бағын, асыра түсті бағамын.
Кесек ой менен кестелі сөзді серік қып,
Ізгі ғұмырын білімге дәмді жерік қып.
Жазуда әлі ғылыми алуан жұмыстар,
Ұқтырып мәнін еліне керім дәріп қып.
Еңбегі жанып, мол алғыс алып халқынан,
Құтты ғұмырда жақсы сөз еріп артынан.
Жүрді қоғамда әрқашан болып хабарлы,
Дәуірдің мына нарқынан тағы парқынан.
Ерен еңбектен, табумен жанға тыныштық,
Берекесі мол, бұйырып Хақтан ырыс құт.
Еліне жасап, қолынан келген жақсылық,
Кешуде ғұмыр, отанда бүгін тым ыстық.
Тұрса да бұл күн жетпіске жасы таяп қап,
Мақсатты жолын - бітпеген әлі аяқтап.
Жырыма осы жалғыз-ақ сырлы кейіпкер,
Сан қырлы дана - Жұмабайұлы Баяхмет,
Жаса бауырым, өмірдің көріп жақсысын,
Еліңе жасар - ылғи да болып жақсы ісің.
Арымай, талмай ғылымға ізгі құмар боп,
Тапқын елеулі - ісіңмен ерен бақты шын.
Тудырып жүрген ізгіні сырлы сезіммен,
Ұйытып көпті - тұратын құнды сөзіңнен,
Күтеміз әлі, өзіңнен талай дүниелер,
Ботасын нәзік күтетін сынды боз інген.
Марияш Хавденқызы(Павлодар облысы)
Ағаға арнау
Күйбің тірлік әйтеуір күнделікті ем
Күрең шөптер боялып күзгі түспен
Талап еңбек,терең ой тұлғасының
Мүшайрасы жақындап біздер күткен
Ақыл,зейін,парасат сізге біткен
Талап,еңбек,терең ой ізденіспен
Құнды мұра,қазына өндіріпсіз
Жауһар жырлы жүректей жыр көрікпен
Кесек ой,кестелі сөз өресі биік
Алары қақ жас ұрпақтар ойға түйіп
Ұлағатты ұлтымыздың үлгі,өнегесін
Санасына сан қазақтың қайта құйып
Ойдан,қырдан таптыңыз бәрін жиып
«Ақыт» романды оқыдым сүйі-сүіп
Сан қилы сезімде болдым
Тұла бойым ,бірде суып,бірде күйіп
Қан кешкен қайран есіл ерлерім-ай
Кеттіғой ұлты үшін жанын қиып
Бақ қонсын басыңызға үйіп-үйіп
100 жасаңыз шөбере ,шөпшек сүйіп
Қазаққа берері көп ғалым аға
Мәртебеңіз болсыншы бұдан да биік
Қазақ кім десе сізден сұраңыз дер ем
Жазайын менде шумақтап өлең
Сусындап өсер жас буын енді
Сіз қалдырған мұраңызбенен
Бақытбек Бәмішұлы
Байахмет
Кезіктіріп көңіл кен,
Керемет кезең кезген кез:
Көмбесайын көмілген,
Көне тарих – көркем сөз.
Тас екеш тасты сөйлеткен,
Тілін ұғып өрнектің.
Шедевр ылғи ой неткен,
Аңқыған иісі жөргектің.
Бақ ашады қақпасын,
Тап өзіндей Бөртенің.
Кезіп таудың тақтасын,
Тапқаннан соң ер теңін.
Өсірген ойдың өртеңін,
Мініп ап қалам – ала атын.
Байағама төр тегін,
Байлар сатып алатын.
Ой салады жанға есті,
Ісі емес бұл ермектің.
Бағасы Төр жанкешті-
Ұланғайыр еңбектің.
Тұрсынбек Кешубайұлы
Байахымет Жұмабайұлына арнау
Тусаңыз да Жеменай даласында,
Есейдіңіз Көктоғай қаласында.
Қанша жылдар жүрдіңізкөпір болып,
Халық пен қарт тарих арасында.
Еңбегіңіз сондықтан еселеген,
Әр сөзіңіз шежіре, нөсер өлең.
Ешкім сіздей дөп басып айта алмайды,
Бүгінгіні үндес қып кешеменен.
Том-томғыпкітап жазып қаншалаған,
Күні-түн еңбек етіп шаршамаған.
Сіз, барлық қошеметке лайықсыз,
Қол соғып, медал тақсын барша ғалам.
Сұхбат алып көненің көздерінен,
Дерек пен дәлел тауып сөздерінен.
Халқыңыздың өзіне сыйладыңыз,
Қазынаны жинаған өздерінен.
Асыл кездік көміліп жатпайды екен,
Қашанда еңбек өзін ақтайды екен.
«Халық» деген Алланың бір есімі,
Адал жанды ешқашан сатпайды екен.
Көтердіңіз нар болып күйме жүгін,
Жан емессіз сақтаған үйдебілім.
Барыңызды сіз арнап халқыңызға,
Ал, халқыңыз көтерді сүйген ұлын.
Көтеріле беріңіз биіктерге,
Байахымет ұлы болып сүйікті елге.
Шамамның келгенінше жыр арнадым,
Бағалап, аға тұтып, сүйіп мен де!!!
Гүлсара Мырзахан
Байахмет ағаға арнау
Ағамызсыз бұл өмірде күнің қараң,
Өр Алтай жеменейге жылынғаннан..
Оқу білім болмаса жер бетінде,
Ашпас еді ағама сырын ғалам..
Асып талай Шығысты Тайгалардан,
Адамзаттың арманы айға қонған..
Саналы ұрпақ ағасы болмаса егер,
Айтыңларшы білімді қайдан алған??
Бір тілектің құйса да қалыбына,
Білімсіз жұрт бақытқа жарыды ма??
Жүрегіңде болмаса күн сəулесі,
Жете алмайсың əлемнің жарығына..
Бір құдірет қашанда танып көктен,
Сара жолды бабалар салып кеткен.,
Тəрбие мен білімді қатар ұстап,
Əл-Фарабидей əлемге жарық төккен..
Қаймана кезген қазақтың далаларын,
Байахметтей асқар тау, даналарым..
Ой санама білімнің нəрін жиып,
Дүниеге кірпіш боп қаланамын..
Білімсіздің қашанда күні қараң,
Білімділер бұл күннің сырына алаң..
Биігіне өмірдің шыға алады,
Бұл өлеңім Байахмет ағама Әмин!!
Тұмартай Дінтайұлы
Дарабоз
Байағаңды сыйлар күллі қазекем,
Жан сарайы мөлдір шықтай таза екен.
Әдебиет пен тарихты тең ұстаған,
Дара талант ұлтымызда аз екен…
Туындысы оқырманға бағалы,
Зерттеулері сілкіндірер сананы.
Ғылым жолын бағындырған еңбекпен,
Дара талант халқымызда шамалы…
Өмір жолы - биік шың мен бел-белес,
Парасаты ғұламамен деңгейлес.
Адамдық пен адалдықтың жаршысы,
Дара талант елімізде көп емес…
Сәйгүлігі әрқашанда жараулы,
Жазбасынан нұр сәулесі таралды.
Ізгілік пен жақсылықтың бейнесі,
Дара талант жерімізде санаулы…
Ғұмыр бойы жүрегі мен пейілі ақ,
Тумысынан ниеті мен тілегі ақ.
Бір басына бар өнерді қондырған,
Дарабоз бен Байахмет - біреу-ақ!
Хуат Иркитханқызы
Байахмет Жұмабай ағаға арнау
Сөзінде бар қара дауыл ұлы епкін,
Қақ төрінен орын алған жүректің.
Көңіл күзді ,көктемге ертіп құлпыртып,
Жас жанымды, жаз жайлаудай түлеттің.
Алла берді сөзден сізге епкінді,
Алға тартың сан тарих көшкінді.
Бүгін міне ел мен жұрттың ардақтап,
Алты алашқа абыройың естілді.
Дейсіз бе аға елді ойлаған текті ұлмыз,
Тарихпен шежереден шеп тұрғыз.
Керегеңнен ұшқан асқақ шабыттың,
Шырқауына қанат болсақ деп тұрмыз.
Өркен жая мәуелеп тұр бұл бағың,
Тәнті етумен,аймақтың бар қырларын.
Ұлан ғайыр, осы Ұлы далама,
Рух болсын, аға жазған жыларың.
Мініп ағам қара сөздің ұшағын,
Қайрағандай алмас тілдің пышағын.
Абыройын асқақтатып ата жұрттың төрінде,
Сан кітаптың кессін тағы тұсауын.
Дандан Мақпузақызы (Павладар облысы)
Асыл аға
Қалам тербеп отырмын асыл аға,
Еңбегіңді өлшеусіз есіме ала,
Тарихыңды ақтарып бүгін білдім,
Жасырамын оны мен несін аға.
Кәрі Ертістің бойында туылыпсыз,
Қанды Ертістің суымен жуыныпсыз,
Топырағын жағып ап табаныңа,
Қара Ертістің оиымен жүгіріпсіз.
Өр Алтайдың қыраны қалықтаған,
Өсіріпті өр қылып алып далам.
"Дүкендегі жас" деген туындыңыз,
Ең алғашқы қадамды анықтаған.
Сіз жаиында жазуым былай тұрсын,
Аитуымның өзіде даңық маған.
Жеті кітап жазыпсыз жеті роман,
Кітап жазу ақынға үлкен арман.
Ақ параққа сиғызып жеріпсіз-ау,
Шежіресін халқымның жетім қалған.
Әр жанырға жазыпсыз түрлеп кітап,
Түрлі тарих,түрлі ои ол бізге қақ.
Әдебиет жақын боп жаныңызға,
Жанға дәру болыпты маңдайға бақ.
Ана тілді әрдайым ардақтаған,
Мақал мәтел өлеңдер арнап дара ән.
Ел ағасы бұл күнде жетпіс асып,
Аитар оиын саралап салмақтан.
Көне дәстүр ақтарып парақтарын,
тексеріпсіз балбал тас алаптарын.
Көкте самғар қыраның кім десе егер,
Баиахмет Жұмабаиұлы қарақтарым.
Ұшан теңіз қажырлы еңбегіңіз,
Шын жүректен шырылдап ел дедіңіз.
Жырдан шапан жабаиын Асыл аға,
Құрметіне халықтың кенеліңіз.
Сырлы қалам сырылдап сырғыи берсін,
Бергенінен көп болып береріңіз.
Осы орайда бұл реткі мұшайраны ұйымдастырып отырған , Әлем Халықтары Жазушылар Одағына және мұшайраға белсене қатынасып, шалқар шабытымен менің шығармаларыммен өмірім туралы өзіндік ізденістер жасап қалам тербеген әрбір қаламдастарыма шексіз рахметімді білдіремін!.
Құрметпен: Байахмет Жұмабайұлы