* * *
- Мынау не?
- Ою ғой.
- Нені білдіреді дегенім ғой.
Ақсақалдың мына сөзі қытығыма тиейін деді. Ою, өрнек дегендер нені білдіруші еді. Десе де ол сұраулы жүзбен қарап отырғандықтан әліптің артын бақтым. Жасаған дүниемізге ұлттық сипат, қазақы рең беру үшін қолданатынымызды жеткіздім.
- Оюдың түрі көп және әрбірінің мағынасы бар. Қысқаша айтқанда олар сөйлейді.
Алпысты алқымдаған ағамыздың мына сөзі ойға қалдырды. Жадыма сақтар ма, ғұндар ма жоқ кейінгі көне түркілер жөнінде ме ертеде оқыған орысша бір жазба түсті. Авторы есте жоқ. Онда байырғы бабаларымыз өзге өңірлерге әлдебір оқиғадан шұғыл хабар жібергенде тоқымдағы жарғақ терінің бір пұшпағына ою салатыны және бір уыс жусан түйетіні айтылатын. Хабаршы не жаушы көбіне мылқау болады. Бірақ жусаннан қай аймақ екенін білсе, ою арқылы сол елдегі той ма, соғыс па кез келген жайдан құлақтанып соған орай қам жасайтыны баяндалатын.
- Қасірет қайғылы тіптен қарғысты білдіретін де ою-өрнектер бар. Сендердің әрлеу әшекейлеу жұмыстарыңнан көрсем таң қалам.
Ақын Ғалым Жайлыбаймен баспаға еріп келген Байахмет Жұмабаймен осылай танысқам. Қытайда біраз еңбектері, оншақты кітабы жарық көрген. Көп ұзамай "Жартастар үн қатады" , "Ою-өрнек әлемі" т. б. төрт кітабын басып шығардық. Одан бері де екі жылдың жүзі ауды. Бірдеңені білсем, ұғынсам деген адамға берері көп, айтары бар дүниелер.
Жасыратыны жоқ арғы-бергі көне түркі, қыпшақ мәдениеті, тарихынан азды-көпті білем деп, шамалыға дес бермейтіннің бірі едім. Алайда жалпылама білу бар да, дәйек пен дерекке жүгіну, оны зерделеу бар. Осы тұрғыда орысқа арапқа еліктеп, өзгенің қаңсығын таңсық көріп дүбара күй кешкендіктен арғы тамырымыздан ажырағанымызды мойындауға тиіспіз. Сырттан келген ағайындарда бәрі болмаса да ішінара көпшілігінде біздегі олқылық жоқ. Мен сөз етіп отырған Байекең осы топтан. Ағамызда дерек көп, алайда бір байқағаным сол қыруар дүниені жүйелеп, нақты қорытып беруде шашыраңқылық, ой қайталау бар.
Бұл менің жеке пікірім. Әрине кез келген жаннан Маловтың, Бартольдтың, Гумилевтің, Кляшторныйдың, Уәлихановтың, Марғұланның, Өмірәлиевтің, Аджидің, Су Би Хайдың т. б. еңбектерінде кездесер кесіп-пішпе тұжырымдарға сындарлы академиялық білім қажет.
Байекең осындай пікірлер күтеді. Ол жоғарыда айтылған төрт кітаптың тұсаукесерінде осындай ой, ұсыныс күткен. Бірақ Ұлттық Ғылым Академиясынан келгені бар, жазушы, ақыны бар, кіл білгіштер алып кеп мақтаудың сайысына түскені есте. Байахмет Жұмабай ғылым мен әдебиетімізге не әкелді? Еңбектерінің құндылығы неде? Автор осы бағыттағы ой-пікір күткен. Олай болмаған соң өз сөзімде "Әлкей Марғұланнан ұят болды ау" дегенім де содан.
Қалай дегенде де сүбелі еңбектер жарық көруде. Байекең маған жоғымызды түгендеп, үлкен талаптың жолында жүрген жоқшыдай көрінеді. Бізді осы қуантады.