2012 жылы, дүние жүзі қазақтар қауымдастығының Алматыда бас қосуы болған еді, шақырусыз барып қалдым, сол ортада «ауыл сағынышы», «Жәйірды аңсау» сынды өлеңдері бала күнімізден жаттап өскен Жәркен Бөдешұлы ағамен жолығып аз – кем кеңесте болдым, еш кімді жатсынбайтын, іс – әрекетінде, жан дүниесінде, сөз – сөйлеміде жасандылық жоқ шынайы бейнедегі ақынға бұлайша жолыққан тәлейіме шынын айтсам қуандым. Себебі Қытай Қазақтарында ақынның өлеңдерін сегіз жастағы баладан сексендегі кәріге дейін жатқа біледі десем артық айтқаным емес, тіпті әнге айланған өлеңдері тыңдарманының жүрегін әбден жаулаған, міне осындай ел аңсап, көруге зар болған ақынға жолығуым қуанарлық жәйт еді.
Бала мінез, аңғал – саңғал ақынмен кеңесімді әзілмен бастадым:
- Е .... е.... жыр кен аға, есен – сау боларсыз?.
- Не... не дедің, есімімді қате айтып тұрған жоқсыңба, бауырым?.
- Жоға ей, жырдың кеніші екеніңіз өтірік емесқой...
Біз осылайша күлісіп алдықта кеңесті ары қарай қоздата түстік. Міне содан беріде сан рет жолықтықта, қашанда бір қалпынан аумай жүретін ақын ақырын, байыпты да қысқа сөйлеп, өлеңін байыппен оқиды да, бәз біреулерше желпініп, қызынуды білмейді, кейде ауашалана қалғанда «Жәйір не болып жатыр екен?» деп күңк етіп жүзіңе мұңая қарағанда ақынның сағыныш толы жан дүниесіндегі туған жерге деген зарығын сезгендей боласыңда еріксіз өзіңде күйзелмеске амалың жоқ.
* * *
Бүгін елге суық хабар жетті, әлуметтік желілер «шу» болып күңіренді. Жәйір тауы булыға өксіп, осынау даланың тынысы тарылып, туған жердің «бақасы шулап, шаянымен бүйісі жансырап, жыландары жиырылып, доңыздары дол ұрды». Ах ұрған, аспанда түйдектелген бұлттар тұнжырап, жанарынан жас төкті. Иә, бұлар ақынның дүниеден «қайтқанына емес қайталанбас талантты арадан алыстағанына» дейтін сағыныш жоқтауы еді.
Иә, өлім өмірдің заңдылығы, бұл күнде «Жәркен ақын қайтты» деп тәмәм ел қайғырып қасірет жұтқанымен, Жәркеннің қайталанбас «туған жерге» деген сағыныштан туған отты жырлары оны өлтіргеннің орынына өршеленген өмір теңізіне жүздерін, сағынышқа толы жүректердің мұңын тербете түсуде.
Жәркен ақын өзінің мың бұралаң өмір жолында жүріп жаратушы алдындағы бұл дүниеге өтер адамилыққа толы борышын өзгеден өзгеше жырымен өтеді.
Иә, ол сағынышқа толы жүрегін тоқтатып бақи әлеміне әкетуге әзірейілде қимай жан дүниесіне «иман», рухына «туған жер» туралы жырын қайталатып, көз алдына Жәйір тауында өткен балалығымен жастығын елестетіп қуанта – қуанта әкеткен болар. Сондықтанда ол өзінің өсиет нама жырының бірінде:
Мен өлгенде сала көрме табытқа,
Қақпағы жабық шегеленген тамұққа.
Сүйегімді ақ матамен арулап,
Тапсыр өлім, Жер анадай алыпқа.
Шарт жүгініп дұғаңды оқы жүгініп,
Бұдан бұлай мазалама келіп көп.
Гүл тастама қабырымның үстіне,
Сыңар уыс бидай дәнін сеуіп кет – деген жыр жолын қайталай жатып мәңгілік мекеніне аттанған болар ау сірә.
Иә, «жазмыштан озмыш болғанба?», кеше аяулы ақын Жәйірін сағынып кетсе енді Жәйір Жәркенін сағынатын болды. Басын бұлт басқан Жәйір тау ақ жауынға малына ақынына қимастықпен мүлги қарайды...
Байахмет Жұмабайұлы
(академик, жазушы, этнограф), Алматы 02.05.2021