Маңызды
(«нау» 26, 2022) Маңызды
Порталымызды қолданғаныңыз үшін қуаныштымыз! Тепсең порталы Сіздерге сапалы қызмет көрсетуге дайын! Біздің редакция сіздерге көптеген пайдалы әрі қызықты ақпараттар ұсынады. Read more...
   |   

Көзді ашып жұмғанша 2023 жылымыз да тәмам. Осы жылы көптеген адамның өмірінде біраз өзгеріс орын алды. Әсіресе, алтын ұя мектебін бітірген түлектер үшін қызық та шытырман айлар ретінде есте қалғаны айтпаса да түсінікті шығар. Түлектер тақырыбын бекер қозғамадым. Бүгінгі кейіпкерлеріміз Мерей, Олжас пен Темірлан биыл мектеп бітіріп, жоғарғы оқу орнының табалдырығын аттаған балмұздақтар. Олар Халықаралық Ақпараттық Технологиялар Университетінің студенттері.

Президентіміз айтқандай IT саласына, мамандарына үлкен қолдау білдіру керек. Сұхбат берушілер осы саланың үздіктері. Жеке өзімді IT мамандығы қызықтыратын. Жақында ғана сайт жасап, код жазып үйренген маған бұл жаңа дүние болып көрінді. Бірақ менікі емес екендігін бірден түсіндім. Себебі, шексіз сандар мен кодтар «басымды айналдырып жіберді». Кейіпкерлеріміз біраз адамның миында қалыптасқан таптауырынды бұзды. Себебі, IT саласында жүргендер көп сөйлесе алмайтын, өздерімен өздері бөлек әлем, коммуникациядан мақұрым жандар деп ойлайтындар аз емес. Керісінше, олар өте жарқын, мәдениетті, сөзге жақын екендігін айтқым келеді.

Олжас Майсұлы Алматы қаласының тұрғыны, көптеген жарыс пен жобалардың жеңімпазы, робототехника мен айти салаларының үздігі, American Space ұйымының еріктісі және Сұлтанахмет Қожықов атындағы №39 мамандандырылған лицейде оқушыларға робот жасауды үйрететін ұстаз. Бүгінгі күні ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша білім алуда.

Темірлан Әлжан да Алматыдан. ХАТУ да программалық инженерия мамандығында білімін жетілдіру үстінде. Сұлтанахмет Қожықов атындағы №39 мамандандырылған лицейді бітірген. Оқушы кезінен көптеген республикалық, қалалық жарыстардың жүлдегері.

Мерей Бақытжанқызы киберқауіпсіздік мамандығында оқиды. IT мен қатар би, шахмат, тілдерге қызығады. Мектеп қабырғасында пәндік олимпиадаларда жүлделі орындар алып, білімі мен бәсекеге қабілеттілігін шыңдап, белсенді оқушылардың қатарынан табылған.

- Мамандық таңдаумен қатар сол мамандықты кәсіби оқытып, нағыз сол саланың маманы етіп шығаратын сапалы университет таңдау да өміріміздегі маңызды қадамның бірі. Оқу орнын таңдау оңай емес. Еліміздегі бірнеше ЖОО-ның арасында «басың айналып қалатыны» рас. Өз басымнан өткендіктен бұл да бір үлкен таңдау екендігін айта аламын. Сіздерден сұрағым келгені, не себепті таңдауларыңыз дәл ХАТУ-ға түсті?

Олжас: ХАТУ атауының өзі ақпараттық технологияларға ерекше назар аударатынын білдіреді. Бұл университетте басқа жоғарғы оқу орындарына қарағанда өз-өзіңді дамыту мүмкіндігі көп деп ойлаймын. Тағы бір маңызды себебі - достарымның басым бөлігі осы университетке түскен.

Темірлан: Ең басты себеп әрі талап мен үшін келесі жылдарымды өткізетін университет халықаралық болуы шарт еді. Әсіресе ХАТУ-дың шетелдік университеттермен келісім шартқа отырғандығы ұнады. Студенттер өзге мемлекеттерді де көріп, тәжірибе жинап, білім ала алады. Бұл оларға үлкен мүмкіндіктер ашады деп білемін. Және де біздің оқу орнымыз әлемдік стандарттарға сай оқытатыны көңілімді осында бұрды.

Мерей: Менің ойымша университетті барынша мамандығыңа жақын болатындай таңдау керек. ХАТУ IT саласына мамандандырылғандықтан ойланбай құжаттарымды осында тапсырдым.

- Қазақстандағы IT саласына қандай баға берер едіңіздер? Сіздердің ойларыңызша жаңадан өсіп келе жатқан жеткіншектердің бұл салаға деген қызығушылықтары бар ма?

Олжас: Қазақстанда IT саласы қарқынды дамып келе жатыр. Мемлекет ақпараттық технологиялар бағытын белсенді қаржыландырып, жыл сайын IT форумдар ұйымдастырып, стартаптар мен инкубаторларға қолдау көрсетеді. Мен өзім соңғы екі жылда бес форумға қатыстым. Сондай-ақ, Қазақстан цифрландыру және робототехника салаларына көп назар аударатынын айта кеткім келеді. Қазақстан құрамасы осы бағыттар бойынша да халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, әлем алдындағы даңқы көтерілуде. Робототехника, бағдарламалау және информатика мұғалімі ретінде айтарым, балалардың IT саласына деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді.

Темірлан: Еліміздегі IT тоқтаусыз жетілу үстінде. Бес жасар баланың өзі әлемнің озық технологияларын жетік меңгерген. Балалардың 90 %-ы кемінде бір құрылғымен жақын таныс екендігін айтқым келеді. Бұның зияны әрине көп. Бірақ позитивті түрде ойласақ, жаңа технологиялар жеткіншектерді жылдамырақ ойлауға, креативтілікке машықтайды. Ал осы екі қасиет қазіргі заманда басымдылық танытып тұр.

Мерей: Қазақстанда IT белсенді даму сатысында тұр. Жаңа буын арасында ақпараттық технологияларға деген қызығушылық артып келеді. Бүгінгі күні бұл қызық бағыттың дамуына ықпал ететін бағдарламалар мен білім беру бастамалары көп.

-Өздеріңіз айтқандай жастар мен балалардың IT саласына қызығушылығы жоғары. Олардың арасында сөзсіз сіздер де барсыздар. Бірақ сіздердің ерекшеліктеріңіз армандарыңызды мақсат етіп, қалаған мамандықтарыңызға, оқу орнына түсіп, жетістікке жете алғандарыңыз. Осы ретте қояр сұрағым, бұл салаға қалай және қашан келдіңіздер?

Олжас: Мен IT саласына 8 сыныпта мектептегі робототехника үйірмесіне қатыса бастағаннан бері қызықтым. Робототехникадан басқа, сайт жасау және бағдарламалаумен айналысамын. IT саласы - қазіргі замандағы үлкен сұранысқа ие болған тартымды сала.

Темірлан: Мектеп қабырғасынан бастап программалауға қызығушылығым ашылды. Шамамен 10-11 сыныптарда HTML, CSS, JAVA SCRIPT тілдерін жетік білдім. Бітіруші сыныпқа келгенде мамандығымды нақты таңдап, өзім үшін үлкен шешімдердің бірін қабылдадым.

Мерей: Мен бұл бағытты салыстырмалы түрде, ой саралауынан өткізіп дәл бір жыл бұрын таңдадым. Таңдауыма өкінбедім, «өзімді» тапқаныма қуаныштымын.

-Әр ата-ана өз баласы үшін, оның шешімдері мен таңдаулары үшін алаңдайды. Егер де қандай да бір шикілікті немесе жамандықты сезсе, балапанына айтып, сол шешімін өзгертуге не бас тартуға кеңес беретін кездер де болатыны рас. Мамандық таңдауда кей ата-ана баласын қолдаса, енді бірі қарсылық танытып, басқа мамандыққа бетін бұрғызуға тырысады. Ал сіздердің қорғаушыларыңыз таңдауларыңызға қарсылық танытпады ма? Не дегенмен ересектердің басым бөлігі IT саласы туралы көп біле бермейді.

Олжас: Ата-анам менің мамандық таңдауыма еш қарсылық білдірмеді. Бірақ өзіңіз айтқандай күманмен қарағаны рас. Оларды жасанды интеллекттің қарқынды дамуы біршама алаңдатты. Мен 5 сыныптан бастап компьютермен жұмыс істеуге қызығушылық танытып келемін, сол кездің өзінде ата-анам жасыма қарамай, қолдау көрсетіп компьютер алып берген. Робототехникамен айналысқан кезімде де қатысқан олимпиадалар үшін ата-анам қаржылай қолдау көрсетті. Олардың қолдауының арқасында мен бүгінгі күнге дейін көптеген жетістіктерге жеттім және оларға алғысым шексіз!

Темірлан: Жоқ, қарсы болмады, олар мені әр қадамымда, әр бастамамда қолдап отырады. Сол үшін де оларға әрқашан ризамын!

Мерей: Әрине қарсылық танытқан жоқ, керісінше ата-анам маған өздері ұсынды.

Сұхбат беруге келіскен әрі бірден қолдаған Темірлан, Мерей, Олжасқа болашақта шығармашылық, кәсіби табыс тілейміз! Президентіміз қолдап, әр жолдауында басымдық беру керектігін айтатын IТ салсының мықты маманы болып, елімізді бүкіл әлемге паш ететін жастар болатындарыңызға сенеміз әрі тілекшіміз.

Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана университет бітіріп, мықты деген компаниялар мен ұйымдарда қызмет етіп жүрген жастардың көбі ХАТУ түлегі. Халықаралық Ақпараттық Технологиялар Университетінің ашылғанына көп болмаса да аты әлемнің бірнеше нүктелерінде танымал. Әлі де университетіміздің бүгінгі кейіпкерлеріміз секілді өзге де талантты, білімге құмар, ізденімпаз студенттердің басын қосып, Қазақстанның атын шығаратын мамандардың талайын дайындайтынына күмәніміз жоқ.


Сұхбат алған: Жанайым Өмекбай

ХАТУ-дың 1 курс студенті

Республикалық балалар мен жасөспірімдерге арналған

«Ұлан» газетінің жас тілшісі

  • Ақпан 18, 2024
  • Қаңтар 24, 2024
  • Қаңтар 22, 2024
  • Қараша 25, 2023
  • «мамыр» 15, 2023
  • «Желтоқсан» 23, 2023
  • Қаңтар 09, 2024
  • Қаңтар 08, 2024
  • Шілде 17, 2020
  • «тамыз» 19, 2020
  • Шілде 17, 2020
  • Қараша 22, 2020

Ең соңғы кескіндер

Тепсең сайтында жарияланған бейнежазбалардың барлығын осы арнадан көре аласыз.

Кіріп көріңіз