Ұмыт болып кеткен, бір таныс әуен сырыттан келгендей. Оянып кеттім де, пердесі сырулы тұрған терезеге көз салдым. Жоңғар Алатаудың басынан таң рауандап келеді. Қыр қыдыратын түннің салқын лебімен жуа-жусанның, алма-өріктердің, алуан гүлдердің жұпары мүңкіп тұр. Терезенің ашығынан бөлме ішіне әлде қашан сіңген-ді. Құс киелісі ақбауыр қарлығаш терезенің жақтауында қоныпты. Құйқылжыта сайрап, ұлы таудың қойнауын әсем сазына тербетуде. Һәм тіршілік иелерін бүкілімен оятпақ та... Қызыл күрең тамағын дамылсыз бүлкілдетеді. Ала таңның симфониясындай сезілген сырлы әуен, жүрегіме жетіп, санамда шалқыды. Ертерек өтіп кеткен күндерден бір оқиғаны есіме түсіріп, үша барды…
Қарабауырдың солтүстігіндегі елді мекен. Батыстан шығысқа қарай созыла біткен, екі аласа жалдың арасындағы сай іші. Аядай сазды жерден бастау алып, әлсіз ғана сылдырай жылып аққан бұлақ, тұмсық айлана құрып қалмаған. Ирелеңдеген жіңішке арығымен еңістей кеткен. Еңістеген сайын, ағысын әлінше тездеткендей. Жағадағы құрақ шөптердің сыбдырын ала қашып, ұзаққа ағыс алғаны білінеді. Мал суаты осы бұлақтың суы да. Сай қойнауына тартып, жал етегін баса ірге тепкен көрші екі отбасының жаз бойына иен қалған тас қыстауы. Иен болатыны, көшпенді салт бойынша, малды ауылдың көктеулікке шыққаннан, арысын жайлау жайлап, жыл құстардың жайымен қазанның сәтті күндерінде қыстауына келіп кіретіні бар-ды. Үйлер де, қоралар да қара тастардан қисын тауып, оң бетінен қаланған. Қазақ (киіз) үйдің үлгісіндегі жиналған тас тошалары тіптен керемет-ақ. Ғасырдан ары тарихы бар да шығар. Биігі метрден асатын, ені метрге жуық, төбесі ашық та, дөңгелене жиналған қораның кей тұстарының тастары іші-сыртына құлаған. Жем топыраққа көмілген тастар үйінді болып көрінеді. Көне қора тағанынан тайып, тоза бастағандай. Діттеген жеріміз осы қыстаулық еді, күн еңкейе жеттік. Ойымыз малға қыс күндеріне жылы жәй салу. Заттарымызды жайғастырдық. Жайғастырдық та, қыстаудың ту сыртындағы қожыр-қожыр жертасқа барып басылдық. Құрылыс жүретін жерді көзбен көріп, кеңесіп отырғанбыз. Сәл отырған соң, шалғыны алшындай көтерілген бастауды айлана ұшқан бір жұп қарлығаштың, біз тұратын үйге кіріп, шыққанды қайталап жүргенін байқадық.
-Үйдің ішкі дөдегесінде жылда қарлығаш ұялайды. Көшкенде терезелер ашық қалатыны содан,-деді, қыстаудың жайын білетін Жолсерік.
- Е е е, Баяғыдан жеткен аңызда қарлығаштың жауы жылан. Адамзаттан рахым күткен бейшара, ұяларын үйлердің төбесіне салатыны сол.
- Иә аңыздың астарында ақиқат та жоқ емес-ті. Дегенмен, алыстан талып жеткен жаңғырық сияқты, бүгінге жеткені шамалы да...,-деді, ол…
Құрлыс жұмыстары жүріп жатса да, аса қарқынды емес. Өйткені, бізде оятқыш қоңырауы жоқ. Сонан да әр күнгі еңбекке жай барып жүрдік. Сөйтіп, қара жұмысқа да көндіге бастаған күндердің бірі болатын. Азаннан сайрап қоя берген құстың дауысы, біздерді оятып жіберді. Таң сәулесі енді-енді жарық шашып келеді. Қазан-аяқ тұратын тұс. Кісі бойы жететіндей биікте, екі тастың арасына қағылған жіңішке ағаш қазық тұр. Жарты тұтамдай ұшы мұндалаған бұл қазық, кепкен ырғайдан. Қыс бойына іші май бауырсаққа бірде сіреліп, кейде орталап қалатын сұр тұлыпты ілетін екен де. Қасиетті құс дәл сонда сайрап отырған-ды.
-Пааа, ғажап! Қарлығаштың сайрағанын көргенім осы екен. Бұлбұлдың үнінен де кереметін-ай,- деді, досым.
-Сан құбылған сазынан сыбызғы, сырнайдың үндері де адырам қалар-ау. Түрлендіре құйқылжытқаны дала таңының оркестрі болғандай,-дедім.
04:30 сағат шамасы. Таңның салқынымен жұмыс бастап кеттік. Сөйтіп, қарлығаш сайрағаннан істелетін еңбек пен ас ішетін уақытты күн тәртібіне енгіздік те, өндірісімізді өндіре бердік. Тек, көк сиыр күн тәртіпке қойылмады. Өйткені, оны екі-үш күнде бір мәрте саууды Жолсерік міндетіне алған еді. Көк сиыр дейтінім, неше күн бұрын қарлығаштар, жер бауырлай ұшып, маңайда сайраңдады. Ертеңі таңнан себезгілеп жауын жауды. Қолымыз босады да, көрші қыстауға кіріп аралап жүрдік. Тошаласындағы бұзаулап тұрған сиырдың үстіне түспесіміз болсын ба?! Тік мүйізді дәу сиыр. Шаранасы да кеуіп үлгірмеген, көкбуырыл бұзауының қос бүйірі қабысып тұр. Тәнтіректей келіп енесінің әукесін әлсін-әлсін түртпектейді.Табалдырық атаған бізге, тебінгідей құлақтарын едірейтіп, үрке қарады, қарасан. Екі үрпісінің ұшынан уыздың тамғанын малсақ Жолекең байқап үлгірді...
-Қашан туды екен ә,-дедім де, сүйкімді бурылға қызыға қарап, жақындай берім.
-Сүзіп жібермесін, қарағанының жаманы-ай,-деп, дауысын бір көтеріп салды да, сөзін жалғай: - Үйі де түспепті, қарасанның. Қарлығаш сайрағанда туған сияқты,-деп, күлдірді досым. Сөйтіп, күн өткен сайын кақтан арқау тапқандай болып, әлдене түстік...
Қарлығаш сайрағанда тұруға әдеттеніп-ақ алыппыз. Айға толғанда кірпіш қораның дуалдарын жинап, бөренелерін көтеріп үлгердік. Былайғы күнге төбесін жабып, іші-сыртына майда сылақ жасау жұмысы ғана қалды...
Күн көтерілгенде таңғы асқа отырғанбыз. Ақбауыр әншіміз ұшып келген бойда, сүр тұлыптың қазығына дастарханға сол жағын беріп қона кетті. Жаратқанның бұйрығы шығар-ау, сәтке байыздаған оның, сол жақ жіліншігіне шаққана сары жез түсті білезік таққанын көрдік. Бұрындары естіп, көрмеген осы бір тосын оқиғаның куәсы болғанымыз өте қызық-ақ. Қуандық ба, әлде таңдандық ба, бірімізге -біріміз аузымыз ашыла аңқия қарастық. Шаршаудан жүдеген жүзімізге таңданудың күлкісі жүгіріп, көңілдің қарлығашы шалқи көтерілгендей. Тіпті, әртүрлі тұспалдарымыз тілімізді сайратып жатты. Сөйтіп отырып білезікті жануардың ұясына қашан кіргенін де аңдамай қалыппыз. Осыдан үш-төрт күнге жалғасқан еңбек шақтарында, күн бойынан көзіміз ұйқыға кетенше байыбына бара алмай, әңгімеміздің арқауы болды да тұрды...
Соңғы жұмыс күні. Сахараның таңғы симфониясы ойналғаннан жұмыс басында болған біздер, үзіліссіз жұмыс атқардық. Ниет, келер таң қарлығаш сайрағаннан ауылға сапар алу...
Көз байланғанда қараңғы үйге кіріп шам жақтық. Жарыық сәуле бөлмені нұрландырып жібергені сол еді, ұша жанталасқан балапанды бірден көрдік. Балаша қуанған екеуіміз:
-Балапандарын ұшырыпты-ей, деп, иен қыстауды басымызға көтердік. Сүйкімді бейнесін қызықтап тұрған маған, Жолсерік:
- Қозғалма , өзгелерін көрмей басып кетпейік, біреуінің аяғына білезік тақсақ қайтеді... Сұраулы бейнемен бетіме қарады. Бірден келістім де, ұн дорбаның аузын буған жұмсақ тоқсымының өзегін аштым. Жуандығы жіңішке инедей қызыл түсті мысты дайындадық. Жарықтан қорғалаған балапанды уысына түсірді ол. Жіліншіктері тым-тым нәзік. Сындырып алмауды негізге алдық. Сөйтіп, Жолекең уысындағы балапанның аяғын еппен соза ұстады. Мысты түсіп қалматындай етіп, білезік орнына бекітіп тындым. Шөкімдей балапан уыстан сақ босағандағы терең бір тыныс ала күрсінгенімізбен, айдан артық мезгіл жасаған еңбектің ауырлығын, білжолата ұмытуға жібергендей болдық...
Сапарға шығатын таңдағы сайраған қарлығаш дауысы күндегіден тіптен бөлек болды. Жастықтан басымызды жұлып-жұлып алдық та, бірден терезеге қадала бердік. Таң алакеуімдеп келеді. Төрт сұр балапан. Ашық терезенің сыртқы ернеуінде, аналарымен тысқа қарап әлінше сайрап бағуда.Туған өлкесінің сол күнгі таңының шымылдығын ана үніне қосыла сазы шалқыған балапан үн-сырлы әуенмен айқаруда. Ана қарлығаштың соңынан сәби қарлығаштар, туған жерінің кеңістігінде қанаттарын еркін қағып самғап кете барды....
2023 . 04 . 15
Думан Омар