Думан Омар
Ақын, жазушы, сазгар Думан Омар – ҚХР Іле Қазақ автономиялы облысы Жазушылар одағының, Қазақстан Республикасы журналистер одағының, Қазақстан авторлар қоғамының және Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі. Әлем халықтары жазушылар одағының <<Құрмет иесі>> төсбелгісінің, Қырғызстан Республикасы <<Қырғыз ақын-жазушылар>> қоғамдық қорының №90 хаттамасы негізінде ұйымдастырылған <<ДОСТЫҚ КӨПІРІ>> халықаралық мүшәйрасының 2-орын жеңімпазы – <<АЛТЫН ҚАЛАМ>> дипломы иегері.
ЕСТЕ ҚАЛАР ЭССЕ
(Исматова Сәрсегүл Молдабекқызның эссесі жайында)
«... Адам жүрегін сағыныш билегенде қандай күй кешеді? Оны сағынған жан ғана түсінер...»- дегенінен-ақ, бір сағыныштың тарихи бір оқиғамен тамырласып жатқанын оқырман көңілім бірден сезді...
«Әзірбайжан... Елбасына нәубет ала келген 1936 жыл...», «Қаламды көсеу деп айыра алмайтын, қолына да жөндеп қоя білмейтін, қас надан, пасық та тасыр, зорлықшыл да, безбүйрек өкілдер мен белсенділерге шексіз билік беріліп, солардың елді советтендіру, әсіресе коллективтендіру тұсындағы шектен асқан зұлымдығы, бірер жылдың ішінде елді аздырып-тоздырып тынды, аштан қырылды» -деп, диктатор жүйенің жыртқыш аңнан да, асқан жауыздығын ашты тілмен ашады, Молдабекқызы. Сөйтіп, 1930—1940 жылдар қасіреті айналып өтпеген, Әзірбайжанның қазіргі Нахшаван облысының, Ордубад ауданы, Уступ ауылының тұрғыны, Тағыоғыл отбасының тағдырын, эссенің сағыныш сырын ашудың негіз етеді...
Бір түнде, НКВД-ның адамдары тексеріп кеткен соң, хабарсыз кеткен Тағыоғыл отбасына оралады. Шырынға, өзі ұсталса түрмеге қамалатынын, жанұяның өзге мүшелерін Қазақстанға жер аударатынын айтып, балаларының болашағына алаңдайды. Қашудың сәт сағаты жеткенде ол, «Балаларымның анасы Шырын, мына сөзімді есте сақта. Ауылдастарымның алдында арым таза. Ешқайсысына тіземді батырғам жоқ. Барыма әділқазы-өзім білетін халық. Жеті диірмен соқтым. Өзім үшін бе? Отбасыма оның біреуі ғана жететін еді. Атшаптырым етіп ауылдастарым үшін соқтым. Қызығын солар көріп отыр. Бұным айып ба? Осы диірмендерім бүгін өз басыма жау болып тұрса, оған не амалым бар?»... Болашақ алдында, ұрпақтарының алдында пәк екенін, жарының жұмыр жүрегіне аманаттайды. Аманаттайды да, алты жастағы Ұрқияның бетінен сүйіп, «әттең өзім де бірге кетер ем... қызым, сенің есейіп, ержетіп, бақытты болғаныңды көре алмаймын» -деп, болашақтан күткен үміт-қызығын тағдырдың тас диірменінің табанына жаншытып, Иранға босып кете барады. Шырын балаларымен Қазақстанға жер аударылады... Бұнда автор Уступта, ел ішіндегі әл-ауқатты адамдар мен ұлт зиялылары диктатористердің қудалауында болғанын тілге тиек етеді. Сол арқылы олардың жай халықты тұрмыста тасырқатып, санада сауатсыздандырып, өзіне боданды жасауға, жол ашу екендігі оқырманға түсінікті болады. Бұл қай қоғамда да, билік жүйесі диктатор болса, қайталанып жататын саяси құбылыс алапаты. Мұндай нәубетті беттері бүлік етпес, безбүйректердің қолымен жүргізу, олардың ұстанымы...
Шығарманы жалғастыра оқығанда көркем тілде, күрделі ойларға құрылғанын түсінесіз.
«Қазақстан...» «...Жабағы өзені толқып жатыр. Оған жақындаған сайын, толқын сарыны күшейіп, айқын естіледі.» Тыныштықтың шырқын бұзған Әзірбайжан қоғамының саяси толқыны Қазақстан жерінде де, ел тыныштығын бұзғанын, Жабағы өзенінің тынымсыз толқуымен бейнеленсе, толықсыған тіршілік қызығының қызуы қайытқандағы жұрттың жабырқауын, «Күздің піскен гүлдерінің жұпары танауға шашып, алтын жалатқандай атырап қызуы қайытқан күнге жәутеңдей қарайды», -деп, бүркемелеп жеткізгендей. Кей шақтарда адамның түпсіз ойлардың түбіне жете алмайтын сәттердегі күйзелісін, тебіренісін қиялдың ұшқырлығымен жеткізе жазғандай. Эсседе автор екінің бірі қолдана бермейтін, қазақтың қаймақты қара сөзінің бірі «құмбыл» сөзін, қатар келген бірнеше сөзбен былайша үндестіріп, «Кей-кейде адам осындай оңаша ойға шомып, қым-қуыт құмбыл қиял құшағында сағынышқа ерік береді ғой...», -деп, ойын көркем тілмен жеткізе, сәби исіне зар Тұрғынның көңіліне сағыныш ұялатады. Үміт білтесіне от тамғандай болған Тұрғынды, «Бүгін осы арадан бір шешімге келіп, атқа мінуім керек», - дегізіп, «Балалар үйінен бала алсам»- дейтін, нартәуекелдің желкеніне жармастырады. Кертөбелге құранды ер салған оны, «Балалар үйінен» бірақ шығарады…
Жазба арысын оқыған жанды қызықтырумен ерекшелене түседі. Тұрғын кім? Сәл ойланып барып, кім екенін білуге асыққандай жанарыңды жүгірте, көкірегіңді күбірлетіп бересің. Содан барып, «Балалар үйінде» болған Ұрқияны бауырына салып алған «Жаман орыс» ауылының ауылсоветі екені түсінікті болады.
Тағы да сол сияқты, автор келесі жерде, жетімнің өгей әке бауырында өскен балалық шағынан ешқандай дерек бермейді. Асырап алған ата-анадан басқа жанашыры жоқ, қыздың болашақ тағдырына бойжеткен сәтінен алаңдаған әке, шер кернеген көкірегіне сордың жасы сорғаламасын дегенді ойлайды. Ойлайды да, атақты Байзақ датқаның шөбересі, тектінің ұрпағы деп, өзінің нағашысы Молдабекке тұрмысқа береді. Оқиға былайғы жерде Ұрқияның бақытты отбасы тағдырында өрбиді.
Эссе қызықты. Жасында жетім Молдабекті жеткізген аға-жеңгесінің берекелі шаңырағына сән берген жас келіннің ақылдылығы мен ел-жұртқа сиымды адами қасиеті өмір шындығымен табысып жатады. Автор Ұрқияның үйлі-баранды бақытты сәттерін кейіпкердің шынайы өмірінен тауып, оқырманын қызықтыра қалам тартады. Сол арқылы тоғыз баласының тұңғышы, Сейсекүл жазғы каникулда анасын нағашысының ауылына ерте баратынын, атасы Тұрғынның ауыл балаларына ұлтымыздың рухани мұрасы аңыз-әңгіме, ән-жыр, қисаларды айтып беруден жалықпайтын, таусылып тарықпайтын, көкірегі сарқылып бітпейтін сыр сандық, абыз қария екендігімен, Ұрқияның да балалық шағы сұңғыла әкенің құдірет күші мойындайтын адамдықтың асыл рухын жандүниесіне егіп, өмір бойына өркендейтін өнегелі ұрпақ етіп ержеткізгенін аңғартады. Және бала болашағына жауапкершілікте болатын данышпан да қормал әкенің образын жасайды. Шалқыған шабытпен қалам тарытқан жазушы, ауылға келген қонақ Құбылай бақсының қобызда ойнаған күйлерінің мінезіне табиғаттың тылсым күшін үйлестіріп, оқиғаны шиленістіреді. Молдабектің көңіл-күйін толқытады. Өткенін ойына оралтады. Басындағы баянды күндеріне шүкіршілік айыттырады. Салихалы жарының болғанына сүйіндіреді. Қиялын қырға қыдыртады. Сөйтіп, Әзірбайжан топырағында туып, небары алты жасында Қазақстанға жер аударылып, қаршадайында жетімдіктің қамытын киген Ұрқия, Тұрғынның бауырында ержетіп, қолынан ұзатылып, бауыры оттан ыстық, жаны жомарт қазақ әлемінде бақытты жанұядан болып, өсіп-өнгенін жеткізе жазады. Мұнымен қоймай, ағасы Асадулламен, анасы Шырынмен қауыштырады. Отыз жыл бойына жиналған сағынудың ыстық жасын жанардан жұздеріне домалатады. Жүздерден алқымдарға жосытады. Бүкіл ауыл жұртын толқытады. Осы кереметімен есте қалардай. Жанымды тебірентіп, көңілімді босатқандай… Дегенмен жазбаны толқи оқып, соңына шыққанымда, бір әттеген-ай құшақ ашарын күтпегенде екенмін. Ол, шешесі Шырынның: «-Шекеңді, шекеңді көрсетші,»- деген сөзі де. Ұрқияның шекесіндегі бір кезде өзі салған сызатты көріп, қайта қауышты...»-дегенді жазады. Сызат сөзін- тыртық деген түсінікте қабылдадым. Ұрқияның шекесіне анасы тыртықты қашан, неге салды? Оның «Балалар үйіне» баруына қандай бір күш ықпал етті? Анадан неге бөлінді? Адасқан отыз жылда өзге туғандарын атамағанда, Шырын қандай күн кешті? Ұрқия сәбиліктен бәрі-бәрін түсінбеген шығар-ау! Қызын аңсап, жүрегі сыздаумен өткен кейуана, көңілінің теріскей бетіндегі сызын көлеңке қалдырды. Бұл жұмбақ, Шырын ананның сөзімен, ұрпақ санасында қайта жаңғырса еді, ғой!!!
Сонымен айтарым, эссе оқырман ойына қоғамдық ой қосатын, адамилықты дәріптеуде шындықты негізге алғанымен, оқығаның ойында қалар көркем шығарма...
ДУМАН ОМАР