Маңызды
(«нау» 26, 2022) Маңызды
Порталымызды қолданғаныңыз үшін қуаныштымыз! Тепсең порталы Сіздерге сапалы қызмет көрсетуге дайын! Біздің редакция сіздерге көптеген пайдалы әрі қызықты ақпараттар ұсынады. Read more...
   |   
Баяхмет Жұмабайұлы.Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан мемлекеттік тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының әкадемигі, Қазақстан республикасының «Құрметті азаматы», Қазақстан республикасының «Еңбек сіңірген қызметкері».

Әуелқан Қалиұлы

Кешегі кеш яғни 2022 жылы қаңтар айының 22 жұлдызы, күн аспанның түстік жиегін алқызыл күреңге бояп барап батқанын көріп, «апам айта беретін» бір жамндыққа ырымдаған едім. Кештің батуымен көк аспаннан бір жұлдыз ағып түсті. Міне іле-шла алыстан қаралы хабар да жетті. «Рас естіп тұрмын ба»? – деймін өзіме өзім. Өкпе, бауырымды сорғылаған өксікті тек бұл өмірде ең жақыным болатын жұбайыма келіп жескізіп шерімді төгіп барып сәл кеңігендей болдым. «Әтеген-ай» деп қолыма қаламымды алған едім, мүндайда қалам құрғыр да тосырқап жүрер емес. Себебі, кешегі ағалап, жағалап жүрген даңсалы, дана, ақылгөй ағамнан айырылып отырмын. Мұндайда біреулердің: «Бұл ғұрша қабырғаңды қайыстырып, мұңға батырып отырған ағаң кім»? – деген сұрағына бола қарапайым тілмен таныстырар болсам:

Бүкіл дүние қазақтарына танымал, ҚХР-ның қазақ халқынан шыққан санаулы ғана ғалымдарының бірі, профессор, ардагер педагог, әдебиеттанушы маман, жазушы, аудармашы, ҚХР-дағы ірі үнверситеттердің бірі Шынжаң оқу-ағарту иниститутының ректоры, «Қазақ ауыз әдебиеті» (оқулық), «Жазушылық білімі» (оқулық), «Қазақ тілінің стилистикасы» (оқулық), «Әдебиетке алқау сөз» (мақалалар жинағы), «Әдебиет туралы ойларым» (мақалалар жинағы) қатарлы том-том ғылыми еңбектер мен «Биіктеген там» (әңгіме-повесттер жинағы), «Ауырлықты жер көтереді» (сахналық шығармалар жинағы), тағы басқа да көптеген көркем әдебиет кітаптары, аударма кітаптары мен ғылыми сараптама мақалалары, әңгіме, шалқымаларының (көбі қытай тілінде жазылған) авторы Әуелқан Қалиұлының дүниеден қайтуы – қазақ халқының тілі, әдебиеті, мәдениеті, оқу- ағарту істері үшін үлкен жоғалту болды...

Иә, аяулы ағамыз Әуелхан Қалиұлы білімдегі біліктілігі мен қоғамдағы орынын айтар болсақ, соның өзі сан кітапқа жүк болады. Ендеше бірегей ғалымды оқырманға қысқаша таныстырар акетуді жөн көрдік.

Ә. Қалиұлы Қазақ жоғары санатты оқу-ағартуына, қазақ тілі мен әдебиетінің зерттелуі мен дамуына, қазақ көркем аудармасына елеулі еңбек еткен үлкен маман еді.

Ол ҚХР, Шынжаң саяси мәслихат кеңесінің депутаты, Шынжаң әдебиет- көркемөнершілер бірлестігінің, Қытай жазушылар одағының, Қытай фольклоршылар қоғамының мүшесі, Шынжаң қазақ мәдениетін зерттеу қоғамы төрағасының орынбасры қатарлы қоғамдық міндеттерді де абыроймен атқарып, ҚР мемелекеттік кеңесінің ерекше стипендиясының иегері. Ғалым міне осындай жоғары атақтарға ие болған санаулы тұлғалардың бірі.

Әуелқан Қалиұлының әйгілі есімі «Қытай ағарту мамандары» (қытайша), «Қытай мамандарының ірі сөздігі» (қытайша), «Қытай жазушыларының қысқаша өмірбаяны» (қытайша), «Қытай еліндегі Қазақ мамандары» (қазақша) қатарлы сөздіктер мен «Қазақстан энциклопедиясы», «Қазақ әдебиетінің сөздігі» қатарлы сөздіктерге енген.

Әуелқан ұстаздың «Қазақ ауыз әдебиеті» атты ғылми еңбегі 1990 жылы Қытайдағы аз санды ұлттар әдебиетін зерттеу қоғамының «Үздік шығарма» силығын еншілеген. «Қытай қазақтарының салт-дәстүрі» кітабы ағылшын тілінде Американың университеттер баспасында жарық көрген. Оның көптеген ғылыми мақалалары, әңгімелері, шалқымалары қытай тілінде жазылып, қазақ тіліне аударылып, қытай, қазақ оқыпмандарына қатар жол тартып отырды.

Міне осындай көрнекті ғалым, абыройлы ұстаз Әуелқан Қалиұлының тұтас өмірі Қазақ халқының мәдениет саласына, әдебиет пен көркемөнер ғылымына, қазақ оқу- ағарту ісіне арналғандықтан, ілуде бір кезігетін талант иесі бұл ортадан бақиға аттанып жатқанын естігенде, қалайша күңіренбеске?! Бүтін қазақ халқы, бүкіл ғылым-білім саласы, тұтас мәдениет пен әдебиет саласындағы орны толмас жоғалтулардың бірі Ә. Қалиұлының қайтыс болуы деп есептеймін.

*               *                 *

«Адам түбінде бір өледі» дейтін өмір заңдылығын кім-кім де түсінеді. Менің бұл қазаға өкініш білдіріп отырғаным – «әттең неге қайтты екеп» деп заңдылыққа мойындамау емес, мұндай парасатты жандардың әлі де ғұмыры болса, еліне берері тағы да көп еді-ау деген арман ғана.

Өз басым жиырма бес жастарымда Әуең (жалпы халық Әуелқан ағаны атын атамай «Әуең» атап кеткен болатын) ағаның Үрімжідегі отбасында тансқан едім. Кейін яғни 1984 жылы Әуең менімен Көктоғайда ішкерлей танысқанын «Аңызға айланған адам» деген 2016 жылы «Шынжаң халық бас баспасы, Іле халық баспасы» жағынан жарық көрген кітабында жазған юолатын. Әуең «Зуқа Зұлпыхар» деген мақаласында былай баяндапты: «Байахмет Жұмабайұлын 1984 жылы Көктоғайда көрдім. Жақ жүні үрпиген салақ жігіт деп білгем. Қайдан білейін, көптен құнтты, табанды, шөгел, дарынды, қаламгер болып жетілді. Шығармаларының көптігінен жанрлау қиын, мен білгенде прозадан және осыдан жиектес жанрлардан көп шығарма жарялады. Әуелі, тасқа қашалған тарих есептелетін жартас суреттерін де сөйлетті... ... » («Зуқа Зұлпыхар», 7- бет).

Міне, содан бері Әуең ағамен ішкіліктесе арласып келдім. Үрімжіге жолым түсе қалса, амандаса барып, ақыл-кеңесін алмай кетпейтін едім.

Әукеңмен әр уақт жолыққанымда айтатын ардалы кеңестерін жіпке тізгендей тізбелеп шықсам оқырман үшін менмұндалаған үлкен бір ғибратты оқулық болар еді. Оның бәр-бәрі мына шағын еске алу мақалаға қайдан сссын?! Сондықтан, бәр-бәріне тоқталмай, оларды баяндайтын бір сәті болар деп, кейінге қалдырып отырмын.

2003 жылы қыркүйектің 17-18 күндері арда Алтайдың өр төсі, Әуеңнің кіндік қаны тамған шұрайлы мекен Бурылтоғай ауданының Жетарал жерінде Әуеңнің жетпіс жасының құрметіне орай ғылыми конференция өтті. Осы конференцияда мен Әуеңнің театр жанрына жататын «Төрт тонналық дүр Қайша» атты шығармасы жайында тоқталдым. Бұл арада айтпағым бұл жайында емес. Сол жолғы жиындағы ғажайып көрініске куә болғаным жайында сыр шертпекшімін.

Әуелқан мен Байахмет Жұмабайұлы

Ғылыми конференцияға Шынжаң өлкесінің әр өңірінен келген ғалымдер мен зертеушілер, Әуеңнің шәкірттері, кәсіптестері, туып-өскен мекендегі мейырбан халқы және туыс-туғандары жиналып бас қосқан ұлан-асыр, дабыралы той болды. Той алдында алстан келген бірмұнша қонақтар халқымыздың дәстүрі бойынша, Әуеңнің аяулы анасы Жәмиға апамызға сәлем беруге топтасып барды. Тоқсанның төріне шығып отырған кейуана аман- сәлем еткен азаматтарға:

– Мұнда не болып жатыр, неге топтасып жұрсіңдер? – демесі бар ма. «Күлсең кәріге күл» дегендей, отырғандар жаппай бір күлісіп алды да, топ арасынан жасы үлкендеу бір кісі:

– Той болып жатыр, ұлыңыз жетпіске келіп, ғалым болып, соны мына халқы тойлап жатыр! – деген еді. Аяулы ана:

– Е... е, жөн екен, онда «Жетарал жерім-ай» әні қайда? – деп тосын сұрақ қойды. Ойпырым-ай... бұл сөз білгенге әншейін кәрілігі жетіп отырған ананың айта салған сөзі емес екені белгілі еді. Ананың зілді сауалы отырғандарды шынымен ойландырып тастады. Әрине, аяулы ана «Жетарал» жерінде ғұмыр кешкендіктен, «Жетарал» әнін тыңдап, айтып өсіп, сол әнің әлдиімен, Әуеңдей ұлын дүниеге әкеліп, есейтіп-ержеткізген. Қандай бір ауыр күндерде де, рахаты мол бақытты шақтарда да «Жетарал» әнін санасына сіңіріп өскен аяулы ана, ән мен жердің киесі мұнда туып-өскен әрбір адамның тағдырымен кіндіктес екенін ескеріп, «Ендеше сол бір киелі ән әуені қайда?» деп жоқтап отырғаны белгілі болды.

– Ойпырым-ай! – деп таңдай қағып, шұлғымаған адам қалмады. Өзін дүниеге әкелген ананың шарапатын тіптен сезінген Әуең де асыл анасының ыстық құшағына сәби шағындағыдай еніп мәз. «Жетарал» әні осылайша әуелеп, шарықтап шыға келді. Аяулы ананың жүзі нұрланып, жанары оттанып, ұлының маңдайынан сүйіп: «Ғұмырлы бол балам!» – деп ақ батасын берді.

Әуелқан және анасы Жамиға марқұм

Әрине, аяулы ананың батасы дарыды да, содан бері міне арада он тоғыз жыл өтіпті. Әуең 83 жасқа келіп, бүгін ғұмырдан озып отыр. Шынын айтқанда, халқына берері мол, арналы, сүтті бұлақтың сексен үшінде суалуы келте ғұмыр. Өйткені Әуеңдей қазыналы ғалымның алда берері әлі де аз болмас еді. Әуеңді білетін кім-кімді де өкіндіретін бір арман мазалайтыны шындық. Алайда, « жазмыштан озмыш» қайдан болсын.

Иә, Әуең кейін Шынжаң университетнің жауыпты басшысы болып, қазақ әдебиетінен бізге лекция сөйлеп, менің аяулы ұстазым болды. Аты тұтас қазаққа таудай дананың сыртқы бітімі қанша қаңылтақ, өңі жұқа болғанымен, сол кезде біз үшін ұстазымыздың атақ-абыройына бола ма, ол кісі бір теңдессіз алып адамдай сезілетін. Сөйтсем, ғалым ағаның сол кездерде елуге енді ілінген кезі екен емес пе. Осылайша, телегей теңіз білімі бар адамның кеше кітаптарын оқып білім алсам, енді міне алдында ауыз екі насихатын тыңдап, ақыл- парасатынан суысындау орайына ие болдым.

Әрине, Әуеңнің «Әдебиет зерттеу», «Қазақ ауыз әдебиеті туралы», «Қазақтың стилистикасы туралы», «Жазушылықтың негіздері туралы», т. т. кітаптарынан нәр алмаған оқырман кемде-кем. Сондықтан да, қазақ халқының әр саладағы мамандарының негізін қалап қана қалмастан, басқа ұлт, тіпті шетелде жатқан қазақ ұлтын зерттеушілер үшін де Әуеңнің еңбегінің орны айрықша болды. Бұлай деуіме (қай жылғы санында екені есімде жоқ) ұмытпасам «Мұра» журналында Мидыхат Разданұлының «Әмерика еліне сапар естелігі» жаряланып, сонда өзінің Әмерикадай ірі елдің миллиондаған кітап қамбасы бар әлде бір кітапханасының кітап сөресінен Әуелқан Қалиұлының «Қытай қазақтарының дәстүрі» деген ағылшын тіліндегі кітабын кездестіріп, өзінің өзге құрлық төрінде мақтаныштан жарылардай болғанын жазған мақаласын оқыған едім. Міне, бұл Әуеңнің еңбектерінің Америка еліне дейін етек алып, халқының мәдениетін ағылшын оқырмандарына дейін жеткізіп отырғанын көрсетіп отыр.

Әуең өзінің біліктілігін танытып көптеген шығармаларын Қытай тілінде жазатындықтан, Қытай еліндегі милиардтаған қытай оқырмандарына да Әуеңнің кітаптары арқылы қазақтың әдебиеті мен мәдениетін жоғары деңгейде танып жетіп отырды. Бұлай деуімізге бір мысал: Қытайжың мемелекеттік деңгейлі ғалымдары Әуеңмен қазақ әдебиеті, мәдениеті, фольклоры, тұрмыс-салты жәйында үздіксіз пікір алысып, сұхбаттасып, олар да қазақ қалқы жөнінде талай зерттеу мақалаларын және кітаптарын жазды.

Әрине, Әуең ағамызбен барған сайын тонның ішкі бауындай, тығыз арластым. Әдебиет, ғылым-білім, қоғам, бүгін мен ертең жөнінде сырласып, пікір алмастыратын күндеріміз де болды. Рухия Әнуарқызы жеңгеміздің ықыласты ақ дастарқанында талай-талай кеңестер құрдық. Сабырлы да қағылез, әр сөзін ойлап сөйлеп, салмағымен баяндайтын Әуең ағамыз жымиып күле отырып, мысқылын бүлк еткізеді де, шындықты шырқыратып айтатын әдеті еді.

Әуеңнің кеңесінен мынау қоғамда болып жатқан өзіме жұмбақ жағдайларды біліп тамсана тыңдайтынмын. Әсіресе, Әуең төңірегіндегі болмыстардың барлығына назар аударып, қоғамдағы келеңсіздіктер мен дамушылықтарды да сарапқа салып отыратын еді. Әдебиет ауқымын бажайлап, оларға сын көзбен қарап, жақсысына қуанып алақайласа, көңіліне симағанына «әттеген-ай» айтып, пікір білдіріп отыратын. Түрлі басылымдардағы кітап, газет, журнал, радио және теле-арнадағы берлімдердің мазмүны мен тіл тазалығы, ондағы шығармалардың өресіне дейін зер салып оқып, тыңдап оғаш кеткендерінен ерінбей естелік алып сын-пікірін беріп, халқымыздың тіл, діл, тұрмыс-тіршілігі, әдебиеті мен мәдениетінің нағыз жанашыры болып, ақылын айтып отыратын дағдысы еді.

Өз басым Әуеңнің осылардың бәр-бәрін санасын сиғызып, сараптап, парақтап, қымбатты уақытын сарып етіп шұқшия назар аударып отыратынын көргенімде, нағыз ұлтым деп еңіреген ердің ерен ерлігі мен ізгілікті ісіне еріксіз бас иетін едім.

Қайсы бір жолы кезіккенімде, ағамыз менің «Зәруге дәру» атты романымды оқығанын айта келіп:

– Сенің рулық шежіреге жабысып алғаныңды көріп, «бұған сарып еткен уақыты мен зейін-зердесін жасампаздыққа арнаса болар еді», – деп жүруші едім. Кейін ойласам, шежере де бізге керек екен. Мұнда тарих, ата -баба рухы жатыр екен. Бәрінен де ұрпақтың қан тазалығы, ендігі ұрпақтың бірінен бірі адасып қалмайтын бірлігі жатқан екен, – деген ағамыз, өзінің осы тұжырымдамасын 2016 жылы «Шынжаң халық бас баспасы, Іле халық баспасы» жағынан басылым көрген «Аңызға айналған адам» деген кітаптағы «Зуқа зұлпыхар» деген мақаласында былай деп дәлелдеген екен:«... Ителі (ру аты) шежіресін бес рет бастырды. Бірінен-бірі сапалы, осының ретелуін, басылуын былай қойғанда, шашыранды, шикі материалын жинау үшін еліміздің және Қазақстанның Ителі әулеті жасаған мекенді аралағандығын кітабынан көріп отырмын. ... осыдан ойлайсың, Байахмет құнттылығмен, табандылығымен, шөгелдігімен, дарындылығымен ел-жұртына қадірлі...», – дейді. Ғалым ағамыздың мына бағасынан қашанда ағамыздың назарында жүргенімді сезіп, марқайып қалдым.

Әуең ағаның шалқыма1 (сануын) жанрында Шынжаң қазақ әдебиетіндегі салған сара жолы тек өзіне тән дара жол болып қалыптасты. Оның зерттеулері мен шағын әңгімелері қаншама оқырманына үлгі болып келді.

Әуеңнің зерттеу жұмысы барысында шындықты майдан ететін қасиеті мұндағы көптеген оқырмандарына үлгі еді. 1984 жылы болатын. Әуең мен Қалиолла Нұртаза ағамыз Алтайдың Көктоғай ауданында іссапарда болды. Аты таудай ағаларымыз ауылымызға келгенде, мен емес-ау, аудандық үкімет, мұндағы атқа мінер игі жақсылар болп жапырыла қарсы алды. Олардың бұл реткі іссапарларының мақсаты – мұндағы ұлы кәрілерге кезігіп, байырғы кітаптарды жинау екен. Кезінде ғұлама Ақыт Үлімжіұлының Қапас мүпти сызған портрет сызбасы заң орындарының архивінде жатқанын естіп, соны сұрап алуды да көдеп келген екен. Үшінші бір шаруасы Көктоғайдың Тұрғын ауылына қарасты Шалғыр деген жердегі ежелден қалған екі сынтасты көріп, суретке алу екен. Мен ағалардың қасында қолғанаты болып жүрдім. Арада Сынтасты көруге барғанымызда, Өлкелік зерттеу орнынан (қай орын екенін сұрамадым) келген екі қытай азаматы бірге барған еді. Біз сынтастың басына барып, көлігімізден түскен жерден әлгі қытай азаматының бірі:

– О, ... мынау Хан хандығының мұрағаты екен, – деп қойып қалды. Әуең мырс етіп күлді де:

– Зерттеу тым атүсті болып кеткен жоқ па? – деді зілсіз. Әлгі азамат шынымен ұялып қалды. Әуеңнен кешірім сұрап:

– Сол дәуірдің мәдениет үлгісі бар екен дегенім кой, – деді ақтала.

Әуелқан Қалиұлы мен жұбайы Рухия Әнуәарқызы

Қай жылы екенң есімде жоқ, Әуеңнен телефон келді. Ол өзіне Бейжіндегі Ұлттар баспасынан Ақыт Үлімжіұлының өмірі туралы деректі кітап әзірлу міндеті түскенін айта келіп:

– Ақыт жасаған ортада отырсың ғой. Осы жұмысты сен қолыңа алсаң бола ма? – деді. Мен аз-кем ойланып барып:

– Аға, мұнда Ақыттың ұлы Ғазез қажы отыр ғой. Ақт қолды болғанда он алты жасында қалған бала нені білмейді, талай дүние есінде. Осы кісіге міндетдегеніңіз жөн болар?! – деген едім, Әуең қуанғаны сонша, әншейнде байыпты сөйлейтін сөзі жеделдеп кетті.

– Әй, бәрекелді, дұрыс айтасың, бауырым, мен неғып ойламағам?! Осы сенің шыншылдығың, төтелігің ұнайды маған, – деген Әуеңнің риза болғаны сонша, рахметін жаудырып жатты.

Әуең шындықты жаны сүйетін еді. Қай бір жылы Қазақстанда Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен, әлем қазақтарының төртінші құрылтайы өтетін болып, Қытай елінен делегеция келгенде, сол топтың бір мүшесі болып Әуең де келеді. Құрылтай аяқталып, Алматыда министрліктің атында дастарқан жәйіліп, әркім ризалықтарын айтып, лебіз білдіргенде, Әуеңмен бірге делегеция мүшесі болып келген ұйғыр халқының танымал суретшісі де өзінің бұл реткі сапарына ризалығын білдіріп, Қазақстанды мақтаса керек. Сонда Әуең кеңкілдей күліп:

– Жақсы сөйледің, бауырым, өте жақсы сөйледің. Бірақ, бір айтарым, қайтып елге барғанда осы айтқан сөздеріңнен қайтып қалмасаң болды, – деп отырғандарды ду күлдіреді.

Әуеңнің осындай жөпелдемеде сөз табатын, тықетпе әзіл арлас сөздерін көздеген нысанасына дәл дарытатын ерекшелігі бар еді. Осы арқылы астамсып бара жатқандардың мысын басып алатын еді.

Иә, «айта берсең әңгіме ұзақ» дегендей, Әуеңнің ізгілікті істері мен парасатты пайымдарын еске алар болсақ, том-том кітапқа жүк боларлық хикая бар. Бұл жөнінде дүниенің төрт бұрышында жүрген шәкірттері де Әуеңнің ерекшеліктерін әр қыранан таныстырып, еске алып жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан, Әуеңді сағына еске ала отырып, мақаламызды осылайша келте қайыруды жөн көрдік.

Жинақтап айтқанда, Әуелқан Қалиұлы тұтас өмірін туған халқының әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне арнаған біртуар ғалым деуге болады. 1939 жылы ШҰАР, Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданында дүниеге келіп, 1959 жылы Шынжаң Тіл институтын қытай тілінде тәмамдағанан бастап, ақыл-ой, талантын ұстаздық жолына арнап, қаншама шәкіріт тәрбиелеп жетілдіргенін абырой санап, мақтаныш етсе, халқының әдебиеті мен мәдениетін дамыту жолындаға күнді түнге, таңды таңға жалғаған зерттеу жұмыстарының нәтижесін: «Ұрпаққа арнаған еңбегім ғой, солар жылы қабылдаса, менің бақытым сол», – дейтін-ді. Міне бұл ғалым ағамыздың өмірлік алға қойған мақсаты, әрі ұстанымы еді.

Соңында қортынды негізінде мынаны айтқымыз келеді. Жаратушы пендесін жаратқанда ақылды, парасатты етіп жаратқандықтан, өзінің орынбасары ретінле тағайындайды. Себебі, сол ақыл-парасатымен дүниедегі әрқандай зұлымдықты, азғындықты, бөгеттіктердің барлығын зейін-зердесімен жеңіп, өзінің арман-мақсаттарына жету жолында қажырлық танытып, дүниені жамандық атулыдан құтқаратындығына сенді. Иә, Жаратушының осы міндетін орындау жолында құлшынған пенделер Жаратушы Алланың адал құлы есептелді де, олар ертең қайтса Алланың ризалығымен Одүниеде Жанаттатн орын алып, Ұжымақтың төрінде болды. Пендесінің еңбегіне разы болған Жаратушы алдынан жарлқап, қабірін нұрға бөлейтіні рас болса, міне Әуең марқұмның Алланың абыроймен берген міндетін адал, шын ниетімен орындап, адамзат үшін, қоғамның дамуы үшін аянбай қосқан еселі еңбектеріне де Алла риза болып, өзінің құзырына алуын тілейміз. Өйткені, тұтас халқы риза болған марқұмның еңбегіне Алла да разы деген зор сенімдеміз.


1. Шалқыма – Қытай әдебиетіндегі поэзия, проза, драммалардан кейін аталатын төртінші жанр. Қытай тілінде Сануін деп аталады. Қытайдағы қазақтардың әдебиетінде де осы жанр біршама дамыған. Шалқыма жанрында жазылған туындыларда ұйқассыз өлең сияқты, көңіл-күйге еркін с ілтеп жазу көзде ұсталады. – Б. Ж.

  • Шілде 17, 2020
  • Қараша 22, 2020
  • Қараша 27, 2021
  • Шілде 17, 2020
  • Қараша 25, 2023
  • «мамыр» 15, 2023
  • «наурыз» 28, 2021
  • Қазан 01, 2023
  • Маусым 01, 2023
  • «тамыз» 24, 2021
  • «Желтоқсан» 15, 2021
  • Қараша 08, 2021

Ең соңғы кескіндер

Тепсең сайтында жарияланған бейнежазбалардың барлығын осы арнадан көре аласыз.

Кіріп көріңіз