Тарихи деректер бойынша Қазақ елі Жоңғар басқыншылығына қарсы екі ғасырға жалғасқан қантөгісті басынан өткерді. Сол замандардың басты хандарының бірі Абылай болса оның маңайындағы жүзге жуық батырлары арасында айырықша көзге түскендеріне ақын-жыраулар хиссалар мен дастандар арнап сол шығармалар бүгінгі күнге дейін ел арасында сақталды. Соның бірі Өмірбек Әшімұлы жазып алған «Бұқарбай батыр» дастаны. Бұқарбайдың ерлігін көзімен көріп сын сағаттарда жанынан табылған Киікбай шежірешінің дастанында:
- Елім деп елі үшін төккен терін,
- Бабалар мекен еткен Алтай жерін.
- Өрбіген өсіп-өніп құт мекенде,
- Ел -жұртым бұл өңірде өркендедің.
- Ұрпағым бұл жазғаным ойдан емес,
- Көз көріп қол ұстаған нағыз кеңес.
- Бастырдың әруағы шат болсын деп,
- Ұрпаққа қалдырайын ерден елес-деп айтылады.
Бұл шығарманы ел адақтап жүріп деректер жинап, әр жерде айтылатын дастанды бір ізге түсіріп кітап қылып шығарушы Байахмет Жұмабайұлы жазбаларынан Бұқарбайдың айтулы ер, аты ұранға айналған санаулы батырлардың бірі екенін көреміз. («Бұқарбай батыр» Жұмабайұлы Б.2019ж. Алматы).
Ел іргесі бұзылып анталап келген жоңғарға қарсы жасақ құрылып жатқанда Бұқарбай өз сарбаздарымен бірге «Бөрілі байрақ» көтеріп астына «Ақбура» түйесін мініп келген дейді.
Жоғарға қарсы алғашқы шайқастың бірінде жау тобын жарып шыққан батырды Абылай хан көріп: -«Мынау қайсы батыр?!» деп қалыпты. Жанында тұрғандардың бірі : Бұл Керей руының «ноқта ағасы» Ителінің Елтоқ дегенініңұлы Бұқарбай депті. Сонда Абылай хан «Бұқарбай, Бұқарбай!» деп ұран тастаған екен. Мұны естіген қалың әскер Бұқарбайлап жауға лап қойып батырдың аты керей жасағының ұранына айналады.
- ... ұран болған Бұқарбай,
- Жыр-ән болған Бұқарбай.
- Қөрген жауын құтқармай,
- Қыран болған Бұқарбай.
- Шауып бара жатып та,
- Садақ тартқан Бұқарбай.
- Шаңдатып жауға кіретін,
- Қашқан жауын құтқармай..
Шежіре бойынша Бұқарбайдың атасы Елтоқ пен оның адамдары соққан қару-жарағы , сауыт-сайманы Абылай батырларының басқа да жабдықтары жоғары бағаланған екен.
Керейлер қол өнерге шеберлігі; «Керейден ұл туса, ағашқа күн туады» деген мәтелмен айтылады.
Осы ортада өскен Бұқарбай да өнерлі әрі әскери қимылдарға әуес болып «Қамшыгер» деп аталған. Ол өзіне қарсы шапқан бураны қамшымен тартқанда жынын шашып келе жатқан бураның басын тіліп түскен екен дейді. Сонымен қатар күш иесі, ол балуандық өнерді де меңгеріп «Атан түйені көтерген» деп айтылады.
Бұқарбай батырдың Киікбай жырлаған дастандағы суреттелуі:
- Елтоқта құдай беріп бес ұл болған,
- Кенжесін Бұқарбай деп атын қойған.
- Бұқарбай балуан еді құрыш білек,
- Өр мінез сұңғақ мүсін, ерен тұлға.
- Кісі еді, орта бойлы сом денелі,
- Жасынан дәлдеп атқан сан жебені.
- Өткір көз, бүркіт қабақ, кең жауырын,
- Аханнан артық тым зерделі.
- Ойламды кең толғайтын барлық істі,
- Арыстың алыбы еді ерен күшті.
- Қамшыгер сілтегені кетпес зая,
- Бір сырлы, сегіз қырлы, өр мінезді.
Әділ Татанайұлының жазуынша 1779 жылы 13-ші тамызда Абылайхан 4000 жасақпен қырғыздың Садырбаласына қарсы жорық ұйымдастырғанда және 1780 жылғы мамыр айында Ташкентті қазаққа қайтару жеңісті сапарында да Бұқарбай бірге болған дейді. Абылаханның Бұқарбай батырға «Атойшы қосынның» туын көтерткені үшін ол «ақсарбас» атап, астындағы атын құрбаныққа шалғаны туралы уақиға айтылады. Осы жолы Абылай хан жасы сексенге таяған Бұқарбайға разы болып:
- Міне керей деген керей емеспе,
- Керейдің жігіттері егей емес пе.
- Шеп бастар «Ерке батырға» ілескен ерлер,
- Жеңалса мерей емес пе, - деп жауға аттануға батасын береді.
Бұдан Аблайханның Бұхара, Самарқанд, Үргенішке аттаныстарына Орта жүз жасақтары қатарында керей жігіттері де жүрді.
Самарқан сапарында Абылай басыма қойдырам деп «Көк тас» қаздырып оған «Абылай ибн Сүйеніш хан», деп жаздырған екен.
Бұдан соң Ташкенге келіп енді соғыс жоқ, бейбіт заман туды деп Орта жүз бен Кіші жүздің сарбаздарын таратып жіберіпті. Мұны естіген Ташкент, Манкет, Шымкенттің кетпен ұстаған сарттары аз-ғана Ұлы жүздің жасағымен қалған Абылай ханды Арыс бойына тосып қырып жіберіпті.
Хан сүйегін Түркстанға әкеліп жерлепті. Тірісінде атын жаздырған «Самарқанның көк тасы» ырымға жаман болып іштегі жаудан жазым болған екен. Осылайша Абылай хан 1781-ші жылы Ақпан айының соңында 68 жасында қайтыс болған екен. Бұқарбай батыр туралы аңыз әңгімелерінен басқа тарихи деректе: «Барақ сұлтан екі ұлымен өліпті, мұны Барақтың жаназасында болған қырғыздың (қазақтың) Бұқарбайы анық естіпті...» И.Неплюев. А.Тевкелев. Ресей империясы сыртқы саясатының мұрағаты. Қазақ істері қоры, 22-тізбе 1750. 3-іс, 79-86 шы бет) (Дидахмет Әшімханұлы 2011).
(«1760ж. Бұқарбай батыр елімен Қотырақ Жәнтекей ауылын Қалбадан Ертіске өрлетті». «Бұқарбай батыр Абақ керейдің Ителі руын, Қожаберген Шұбарайғыр руын Кішкене тау Маңырақтыға апарды..» («Ұлы дала батырлары» 2018ж) енді бірде, Бұқарбай батыр Шілікті және Базар өзені бойында болған «Қандысу» шайқасына ауыр жараланды... дейді («Тауасар би» Таласбек Кәрібайұлы).
Міне сөйтіп ел бастаған аты ұранға аналған Бұқарбай батыр 85-87 жас шамасында Шығыс Қазақстанның Жылыағаш деген жерінде өмірден озған екен.
Есімі есте қалуға тиісті аты аталмай жатқан батырларымыз баршылық. Соларың ерлігі ұрпағымызға рух беру мақсатында ескерткішер орнатылуда. Әсіресе шығыс өңірінде болған жойқын шайқастарда ерекшеленген батырларымыздың бірегейі түйеге мініп жау қайырған Бұқарбай бейнесін жасауды үлкен абырой санап мүсін жобаларын оқушыларыма ұсынып отырмын.
Еркін Ануарұлы Көкеев
СССР және Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі, Мүсінші.