Маңызды
(«нау» 26, 2022) Маңызды
Порталымызды қолданғаныңыз үшін қуаныштымыз! Тепсең порталы Сіздерге сапалы қызмет көрсетуге дайын! Біздің редакция сіздерге көптеген пайдалы әрі қызықты ақпараттар ұсынады. Read more...
   |   

Байахмет Жұмабайұлының «Бұқарбай батыр» кітабына Бұқарбай Елтоқұлы туралы жинаған материалдары топтастырылған екен. Автор жиналған маьтериалдарды өз ішінен топтап, жүйелеп беруге ден қойған. Автор оны былай бөліпті: әлқисса, Бұқарбай батырдың ата-тектік анықтамасы, өмірі туралы, ерен ерліктері, батырға қатысты аңыздар, «Бұқарбай батыр» дастаны, соңғы сөз.

Бұған дейінгі деректерде Бұқарбай батыр Елтоқұлы 1740-1825 жылдар аралығында өмір сүрген деп келсе, автор батырдың 80 жасында жасақ бастап жауға қарсы аттанғанын тілге тиек ете отырып, 1690 жылдарда дүниеге келіп, 1780-1785 жылдары ғұмырдан өткені жөнінде тың мәлімет береді. Сонымен бірге батыр туралы Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы мұрағатындағы деректерге сүйеніп, 1690-1760 жылдар аралығында өмір сүргендігі туралы дәлелдеме келтірілген. Батырдың өмір сүрген уақыты түрліше болып жүруі атадан-балаға мирас болып сақталған шежірелік кітап қолды болып кеткендігінен екені анық. Алайда, шежірелік «Зүгіпәрйә» («Зұлпықарйа») кітаптың мазмұнына қанық Әшім қария кітаптың мазмұнын қбаласына қайта жаздыруға тура келеді. Алтай өңіріндегі Әділ Татанайұлының 1980 жылдары «Бұқарбай батыр 80 жастарында Керейден жасақ бастап, Абылай хан қосынына барған» деген деректі алға тартады.

Алпамса денелі батырдың салмағын ат көтере алмайтындықтан, оның соғыстарға түйе мініп шығатыны, астындағы атының мінер жағы бозғылт түсті болса, қамшылар жағы торы түсті болғандықтан, «пері сыйлаған дүлдүл мінетін әулие батыр» атанып кеткені де тілге тиек болған.

«Жеті атасын білмеген жетесіз» деген халық тәмсілін негізге алған автор оның Абақ Керейден тарайтындығын таратып, жеті атасын санамалап көрсеткен. Елтоқ қарияның ұсталығы жөнінде ел ішінде «Елтоқтың қылышы-ай, қанжары мен сауыт-саймандары-ай» деген сөздер кеңінен тараған. Кезінде Абылай хан жоңғрға қарсы соғыста құрал-жабдықтар мен сауыт-саймандарды Елтоққа жасатқан деген сөдердің астарынан оның ұсталық шеберлігі аңғарылса, Бұқарбай әкесі соққан құрал-жабдықтарды жетік игеретін болған. Ер тұлғалы баласының бес қаруын түгендеп, оның болашағынан үлкен үміт күткен.

Ел ішіндегі бітпейтін дауларға «ноқта ағасы» (ел ағасы, яғни Ителі руы Абақ керейдегі он екі ру ішінде «ноқта ағасы» аталатынын меңзейді) атынан шешім айтқаны, тура биде туған жоқ болғандықтан, дауларды шешуде бітімгерлік жұмыстар атқарғаны туралы да ел аузында аңыздар сақталған.

Сонымен бірге ол жаурыны жерге тимеген алып күштің иесі болған. «Атан түйені көтерген, алып балуан болғандығы» туралы ел аузында сақталған аңыздар да жетерлік. Автор батырдың ерліктерін де жүйелеп, санамалап көрсетуге тырысқан. 1730, 1754 жылдардағы жоңғарлармен, 1779 жылғы қырғыздармен соғыстарда, 1780 жылы Тәшкенді қазаққа қайтару сапарында Абылай ханның қасынан табылғаны жөніндегі деректер де қызғылықты оқылады. Сексен жасында қол бастаған батырдығ ерліктеріне көңілі толған Абылай ханның:

  • Міне керей деген керей емес пе, 
  • Керейдің жігіттері егей емес пе? 
  • Шеп бастар «Ерке батырға» ілескен ерлер, 
  • Жеңістік алса мерей емес пе?, - деген сөздерінен оның Бұқарбайды «Ерке батыр» деп атағаны аңғарылады.

Батыр туралы аңыздардың ішінде «Жаратқанның аспаннан батырға арнайы пырақ түсіргені туралы», «Ақ буралы» немесе «ақ түйелі батыр», «ноқтағасының ділі, діні таза», «сырлы батыр», «ерке батыр» атануы туралы аңыздардың жинақталып берілуі де орынды.

«Бұқарбай туралы аңыздар М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған 100 томдық «Бабалар сөзіне» де енді, алайда «Бұқарбай батыр» дастаны ол көптомдықта кездеспейді. Халық мұрасын жинаушы Өмірбек арқылы жеткен «Бұқарбай батыр» дастаны: «Киікбай шежіреші арғы әкем, Бұқарбаймен бір ауылда өскен екен» деп басталады. Олай болса, дастанның жазылуына да өз замандастарының аузынан айтылған естеліктер негіз болып, атадан-балаға мирас болып жеткен. Ақын батырдың әкесін былай сипаттайды:

  •  Бабасы Елтоқ шебер әрі ұста, 
  • Таныды шеберлігін сол бір тұста. 
  • Ақ сауыт, бадана, қалқан, семсер, 
  • қылыш, Тамсантып өтетұғын қолдан-қолға. 

Бұл жолдар қару-жарақ, сауыт-сайман соғатын ұстаның шеберлігі туралы аңыздарда айтылған ойлармен үндесіп жатыр. Ақын Бұқарбайдың бір сырлы, сегіз қырлы болғанын айта келіп, оны былай суреттейді:

  • Кісі еді орта бойлы, сом денелі, 
  •  Жасынан дәлдеп атқан сан жебені. 
  • Өткір көз, бүркіт қабақ, кең жауырын, 
  • Ақылы ханнан артық тым зерделі. 

Дастанға Бұхарбайдың жылқыны барымталаған 10 жоңғарды Ақбақай атпен қуып жетіп аттан түсіріп, жылқыны алып қалуы, Сарысу мен Бұлантыда, Аңырақайдағы жоңғармен болған үлкен шайқаста Қабанбай, Жәнібек, Бөгенбайлармен бірге жауды жапыра қуып жеңуі, Абылай ханның көзіне түсуі, Бұқар жыраудан бата алуы, Қалбатаудан барымталаған жылқыны қуып жетіп қайтаруы, атан түйені көтеруі, сексенге келгенде батпаққа батқан өгізді ырғап-ырғап шығаруы, Бұқарбай батырдың есім ұранға айналуы негіз болған. 

Абылай ханның:

  • Шаңдатып жауға кіретін, 
  • Сиырға енген бұқадай. 
  • Жайратып кете баратын, 
  • Қашқан жауды құтқармай, - деген сөздері батыр бейнесін толықтыра түседі.

Сонымен бірге дастанда халқына айтқан Бұқарбайдың өсиеттері да ұмыт қалмаған. Соның ішінде:

  • Сақтаңдар ата салтын таза қанын, 
  • «Жеті ата ұрпақ бір» деп саналатын. 
  • «Жақсы айғыр жақынына шаппас болар, 
  • Ұрпағым осылардан сақтанаарсың, - деген өсиетін барша қазақ күні бүгінге дейін ұстанып келеді.

Батырдың жетінші ұрпақпен де құдаласуға болмайтындығын, өз-өзінен қыз алмау керектігін қадап айтқанына қарап, қазақтың болашақ ұрпағының қаны таза болуын қалағандығын байқауға болады. Жоңғарлар жеңіліп, ел ішіне тыныштық орнаған соң, Қалбатаудан Сауыр тауға қарай көштің басын бұрған батырдың ата-баба қонысына, туған жерге деген шексіз махаббаты аңғарылады. Батырдың бабаларының ата-қонысы Алтайдағы Мұзтауды мәңгілік мекендеп қалуы – «Ер туған жеріне» екендігінің көрсеткіші.

Қорыта айтқанда, Байахмет Жұмабайұлының дайындаған «Бұқарбай батыр» кітабын оның ұзақ жылдардағы еңбегінің жемісі деп қабылдауға негіз бар. Автордың негізгі жетістігі – батыр туралы ел аузындағы аңыздар мен тарихи деректерді бір жерге топтастыруы. Бұл еңбек – 500-ден астам ірілі-ұсақты шайқастарға қатысып, ел іргесін қорыған батырын исі қазақ ешқашан ұмытпайтынының көрсеткіші. 

Сонымен бірге «Ерке батыр», «Атойшыл батыр», «Аға батыр» атанып, қол бастаған Бұқарбай батырдың шайқастағы сәттерін қылқаламмен бейнелеген суретші Көсемханның суреттері кітаптың мазмұнын толықтыруға қызмет етіп тұр. Осындай жетістігімен бірге кемшіліктер де кездеседі. Кәсіби редактор оқымағандықтан, кітапта техникалық қателердің көп кездесуі – өкінішті.


Гүлжаһан ОРДА

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филол.ғ.д.

  • Қаңтар 27, 2024
  • Ақпан 18, 2024
  • Қаңтар 24, 2024
  • Қаңтар 22, 2024
  • Қараша 25, 2023
  • «мамыр» 15, 2023
  • «Желтоқсан» 23, 2023
  • Қаңтар 09, 2024
  • Қазан 31, 2021
  • Қараша 22, 2020
  • Шілде 29, 2020
  • «тамыз» 19, 2020

Ең соңғы кескіндер

Тепсең сайтында жарияланған бейнежазбалардың барлығын осы арнадан көре аласыз.

Кіріп көріңіз