Маңызды
(«нау» 26, 2022) Маңызды
Порталымызды қолданғаныңыз үшін қуаныштымыз! Тепсең порталы Сіздерге сапалы қызмет көрсетуге дайын! Біздің редакция сіздерге көптеген пайдалы әрі қызықты ақпараттар ұсынады. Read more...
   |   

Қазақтың арғы беттегі жаннаттай жазиралы мекендерінің бірі – Нылқы. Онда Іле өңіріндегі Әкпар мен Сейіт батыр бастаған ұлт азаттық көтерілісінің алғашқы оты тұтанып, дабылы қағылған. Сол елдің кешегісі мен бүгінін зерделі, дана көкірегіне тоқып, қаламынан інжу-маржандай төгілдірген ақ иық ақын, қабырғалы жазушы, мәдениет қайраткері, жирмадан аса кітаптың авторы Дәулетбек Қаңбақов ағамыз тарихи отаны Қазақстанға оралған-ды. Сексеннің сеңгіріндегі қаламгер қазір Қарасай ауданының Абай ауылында тұрады. Елге оралған 8 – 9 жылдың жүзінде «Қазақ ханы Абылай» тарихи романын оқырманмен жүздестіріп, жоғары бағалар алса, «Дауылдар толқыны» бастаған бес томдық эпопеясын аяқтады. «Фолиант баспасынан 2016 жылы шыққан «Дауылдар толқыны» атты бірінші кітабын маған ұсынып жатып, бір мақала жазуымды қадағалап тапсырған еді. Түрлі тіршіліктердің қол байлауынан әзер уақыт тауып, 360 беттен тұратын романды аяғына дейін астын сызып оқып терең ой жүгірттім. Ғажабы, 6 – 7 жас кезіміздегі сәби жүрегімді тілгілегендей есімде қалған, сұмдықтарға сықалған зұлымат дәуірдің қақ ортасына шырылдап барып түскендей күй кештім! Оқыған сайын түрмеде 6 жыл жатқан нағашым, қалпақ киіп, таяқ жеп ауыр еңбекке жегілген мұғалім әкем көз алдыма келе берді. Еріксіз көз жасыма ерік бердім...

Адамзат тарихында сирек кездесетін «Пролетарият мдениет зор төңкерісі» деген қытай елінің көсемі Мау Зы Доңның тікелей басшылығымен жүргізген әсіре солшылдық солақай соқыр науқан 1966 жылдан 1976 жылы өзі өлгенге дейін жалғасты. Сол бір өксікке толы сүреңсіз кешулер тұтас елді құрдымға жіберуге шақ қалған-ды. «Мәдениет зор төңкерісін ең соңына дейін жүргізу» науқаны қоғамды саяси, экономика, әлеуметтік, мәдениет және оқу-ағарту т.б. жақтардан мейілінше тұралатып қана қалмастан, миллиондаған жазықсыз жандарды азаптады, түрмеледі, өлім құшутырды. Айталық, «Таптық күресті мықты ұстау», «ашылып, сайрау» дегенді қанат жайдырып, төңкерістің обиектісі делінген мұғалімдерді «сасық тоғызыншы», зиялы қауым өкілдерін, басшыларды «совет одағы түзетімпаздарымен астасқандар», «капитализім жолымен жүрген құқықтылар», «боржуазия өкілдері», «қара жіптер», «бес түрлі бұзық элементтер», «жын-шайтандар» деп қаралады. Егінші-малшылардың сорпа бетіне шығарларына «мал иесі», «жер иесі», «табы жат элемент», «төрт көнені тірілткендер» т.б. аттар қойып, айдарлар тақты. Оларға ажуа суреттер салынған ұзін қағаз қалпақтар кигізіліп, жүздеріне қара сырлар жағылды. Халық алдына сүйреп шығарылып, бастары жерге жеткенше идіріліп, арқаларына ауыр тастар қойдырылып, мойындарына жіңішке сымтемірге тізілген шойын темір-терсектер ілгізілді. Қолдарына тесік шелек, қаңылтыр сияқтыларды ұстатылып, оны даусын шығара ұрғыздырып, мәселелерін тапсыртып қорлатты. Ол ол ма? Бастауыш, орта мектептердің өрімдей оқушыларына білектеріне қызыл бұлдан «кішкентей қызыл батыр», «қызыл қорғаушы» деген қызыл белгілер тақтырылып, «шаш ал десе, бас алатын» ессіз белсенділерге айландырылды. Оларға әлгі бұзақыларды желкелетті, аяусыз таяқтатты. Жастардан арнаулы жендеттік топтар жасақтатылып, «қару қүресін қолданбау, қалам күресін қолдану» деген нұсқауларына қарама-қарсы әрекетке аттандырылған. Ауыр соққылар, еңбектер адамдардың мүгедек болуына, денсаулығынан айырылуына апарған. Үреймен өз-өзіне қол жұмсағандар қаншама?! Қоғамның барлық саласындағылар төңкеріс жасайтын ұйымдарға айланып, өндіріс мейлінше тұралағандықтан, көпе-көрнеу ашаршылық туындады. «Төрт көнені жоғалту» желеуімен дәстұрлі ұлттық нақыштағы барлық құнды мәдени бұйымдар, алтын, күміс секілді әшекейлі заттар тінтіу арқылы жинап алынды. «Сары кітаптар» делінген Құран кәрімнен тартып, шеттен енген бағалы кітаптар өртеткізілді. Әйелдердің ұзын шаштары қидырылып, ұзын көйлектерінің орнына тұңғыш рет ерлерше шалбар кигіздірілді. Қорғандарға, там қабырғаларына, сөрелерге қытайша «дазыбау» делінген үлкен әріпті әшкерелу, төңкеріске үгіттеу қабырға газеттері жаппай жапсырылды. Адамдар бірінің аузын бірі аңдып, бірін-бірі әшкерелейтін сұмдық әдетке үйретілді. Шетелдің кітабын оқып, радиосын тыңдағандар «шетпен астасқан» деген атпен сын тезіне алынды. Желіккен қоғам өзінің табиғи даму арнасынан адасып, миша былыққан бөгенайы бөлекше құтырыну сипатты күйге еніп кеткендей болды...

Тұтас қытай елінде он жылға жалғасқан аталмыш қанқұйлы солақай науқан теріске шығарылып, көктем майда шуағы қайта есе бастағн тұста, жирма жыл бойы қаламнан айрылып қудаланған ақын, жазушылар қайта аттарына қонды. Ғалым Қанапияның «Бұрқасыны», Серік Қапшықбайдың «Жүрек тұстан», Жұмабай Біләлдың «Кешкен күндері», Батырхан Құсбегиннің «Кешулері» сияқты қыруар роман-повестер осынау естен кетпес есер де қасретті «Мәдениет зор төңкерісі» тақырыбын қаузап, әр қырынан толғаған болса, Д. Қаңбақовтың «Дауылдар толқыны» ерекше ауыз толтырып айтарлықтай тұлғалы шығарма. Ащы шындық боямасыз, табиғи суреттеліп, сипатталып, шындықты жеріне жеткізе шырылдатып айтқан даралыққа ие роман.

Шынайы сұрыпталған материялдар негізінде көркемдік көкжиек деңгейіне көтере суреттеп, бір дәуірдің мәні мен келбетін ашу – жазушының білімі мен шеберлігіне саяды. Д. Қаңбақов бұл белестерден сүінбей мәресіне еркін жеткен. Қызығы, автор «Мәдениет зор төңкерісі» сынды табаны күректей 46 жылдың алдында болған қанқұйлы күндердің бел ортасында болып, даңғазалықты бір кісідей басынан кешкен. Сондықтан да, жалынды жырларын бұрқырата жазып, әдебиеттің алғашқы тұнығынан қана бастаған жас ақынның оттай ыстық жүрегін су сепкендей басқан да сол айғай-сүрегнді жылдар еді. Демек, зерделі көкіректен «Дауылдар толқыны» бастаған көп томдықтың қоймаға жасырған сап алтындай бүгін ғана жарқырап шыға бастауы баршамызды ерек қуанышқа бөледі!

Ол «Дауылдар толқыны» романын үш үлкен бөлімнен тұратын 6 тарауға бөліпті. «Желеміктен дауылға», «Аласапыранда» делінген екі көлемді тараудан тұратын бірінші бөлімі басталғанда-ақ бейғам тіршілікте жатқан «Т» аудан халқына таңғажайып таңырқау мен үрей әкелген, бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген көріністер тізбегі оқырманын өзіне жетелеп әкетеді. Бұл – 1966 жылғы тамыздың 29-ы күнгі білім асыру курсындағы мұғалімдер бастап қызыл ұрандатып жиналған, оған мыңдаған адам қатысқан, ауданның әр саласындағы белсенді басшы кадырлар мақсатты түрде мұрындық болған «Мәдениет зор төңкерісі» басталғандығының және оның отын қоғамға жппай тұтандырудың тұңғыш жиналысы еді. Дүр сілкіндірген бұл саяси оқиға мешітте басталды. Бұрын сәлдесін орап, уағыз айтып тұратын имамның орнына ауданның орынбасар хатшысы Сұң Жияң, әкімнің орынбасары Дың Ли, Асқар, үгіт-нәсихат бөлім бастығы Асан, мұғалімдер курсы кеңсе меңгерушісі Го Шу Жияңдер қонжиып, кезек сайрады. Қоғам қауіпсіздік мекеме кадырлары «Болат, Дөкей, Тұрақ, Уаң Жияңдар мұздай қаруланып алыпты» («Дауылдар толқыны», 5 бет). Олар бастарына қағаз қалпақ кигізілген, орынбасар әкім Дың Ли айтқандай «мұғалімдер қосынына жалбызбалап кіріп алған буржуазия қара жіптері, жын-шайтандар» делінген 5 адамды бақылап тұр. Сорлаған Хан Ли Жау, Шанбай, Тәңірберген, Тоқтар, Мұқтарлар арасынан «бұл жиналыс – қара жиналыс» деп азаматтық кескін пікірін тайсалмай айта бастаған Хан Ли Жау сақшылар жағынан төпештеліп тынды. 5 адам да қзметтерінен айдалып, «бұзақы элемент» атты рухани қорлау қалпақтарын милықтата киіп, ауыл-қыстақтарға түсіп еңбекпен өзгеруге бұйырылды.

Мешіттің ішін кернеген «Таптық күресті әсте ұмытпайық!; Капитализм жолымен жүрген құқықтыларды тартып шығарайық!; Төрт көнені жоғалтып, төрт жаңаны орнатайық!; Буржуазия қара жіптерін сүйреп шығарайық!; Жын-шайтандарды аластайық!; Мәдениет зор төңкерісі жасасын!; Мау Жу Ши жасасын!» деген ұрандар әлсін-әлі шақырылып, адам түгілі періштелер де үрейленетін таңғажайып күй жүртты әңкі-тәңкі күйге түсірді.

Осынау өрттей лаулаған төңкеріске еріксіз белсенділер қатарында болған жас ақын, білімді, талантты азамат Дәурен, өз отауында ибалы, қазақ дәстүрін бойына сіңіріп өскен уыздай жан жары Гүлсанаға жағдайдың тым күрделі, кінасіз жандарға баттастыра жалалар жабылғанын айтып, ауыр күрсінуі де көп жайларды аңғартып жатқандай...

Көшеде, ел алдында Тәңірбергендей сұңғыла мұғамді келемеждеп, қылмыстарын тапсыруға мәжбүрлеп дікектеген Жапар мен Садықтың жендеттікті шен көретін саяз образдарын автор ожар қылықтары және шегіністі баяндаулар арқылы суреттейді. Тәңірберген мен Тоқтардың нашар немесе орташа оқып, олардан кезінде сын естіген бір-ер оқушысының желкелеріне қыдия төніп, мәселелерін мойындатуға шәңкілдеп қадалған тұсында, Тәңірбергеннің кекесінді сөздерін шымбайларына батыруы да төңкерістің қандай сұмдықтарға барып түршіктіргендігін көрсетеді.

Қараланған Хан Ли Жау мен Шәнбайдың бастауыш мектеп оқушыларын ұйымдастырып, өздерін жазықсыз жазалаған билікке қарсы «Зеңбірекпен атқылау» дейтін көтеріліс армиясын құрғандығы көшеге жапсырылған дазыбаулар арқылы жарялануы екі ойлы Дәуренді қайран қалдырады. Мұғалімдерді жазалаған биліктің жаршылары болған Го Шу Жың мен Бақайдың төртінші дала армиясы көтеріліс отрядын құрып, «Зеңбірекпен атқылаушыларды» қолдап дазбау жазулары күресің тіптен шиленіске қарай ұмтылғанын білдіргендей. Көрші ағайы боп келетін Қасымның әліптің артын бақсақ қайтеді дегеніне де қарамастан, «Мау Жу Шиге, партия орталығына адалдық деген осы деп түйген» Дәурен де сол майданға өтеді. Сонымен екі жақтың ортақ көзқарасы – «Мәдениет зор төңкерісінің мақсаты – партия ішіндегі капитализм жолымен жүрген құқықтыларды ортаға сүйреп шығару мен олардың сазайын беру...» болды. «Қара жіп қазу» солғындап, орнына «қара жіптер» бас болған көтерілісші бұқаралық үйымдар ауыл, фермаларға дейін кеңейе, күш ала түседі.

Романның осы бөлімінде тағы бір саясй күштің сахынаға шығуы қағыс қалмайды. Ол орталықтың «Төңкеріске, өндіріске, бұқаралық ұйымдарға көмек беру, саяси заң сияқты салаларға әскерй бақылау жүргізудей» нұсқауға сай, аудандық қарулы бөлім бастығы Ясинның өндіріс қолбасшылық штабын құруы.

Науқанның тағы бір туындаған түрі – «Төрт көнені жою» деп аталатын көне идея, көне мәдениет, көне салт-дәстүр, көне әдет-ғұрыптарды жоюдың сұрапыл шайқасы. Бұл оқиға шығарманың мазмұндық түрленуін тереңдете түскен. Мәселен, Бақайдың желікпе «қызыл қорғаушы» оқушылар тобының аудандық саяси кеңестің орынбасар төрағасы боп зейнетке шыққан 70 жастағы Ақылбай қарттың үйін ақтарып-төңкергені. Күміс ертоқым, қаптал шапан, кимешек, шылауыш, зерлі, үкілі тақиялар, тұс киз, шымылдық, ағаш жауыр, шөміш-саптыаяқ, шара, сырмақ, кілем-кілше, талыс, күміс белдік, кісе, кестелі тері шалбар сияқтыларды жинап алуы. Бәйбішесі Мәрияның басындағы қызыл жақтаулы кимешегін сыпырып алғанда, екі қолымен төбесін баса үйіне жүгіріп кіруін айтсайшы! Ақылбай қарттың сұлу қызы Гүлбанның мектеп бойынша емтиханнан алғаласа да, осы Бақай мен Го Шу Жыңдардың комитеті жағынан «табы жат» делінгендіктен университетке қабылданбай жігері құм боп, тауының шағылғаны да науқан сұрқының ашыныштылығын аңғатрқандай...

Зор ашылу, зор сайрау, зор айтыс, дазбау сынды «төрт зорды» партия орталығы ортаға қойған дегенді желеу еткен Хан Ли Жау бастатқан 29-тамыз бас штабындағылар капитализм жолымен жүрген деп Ахмет, Абдұл, Ақылбай, Түгел, Сұң Жияң, Дың Ли қатарлы аудан басшыларына ит пен доңыз басы форымдас қалпақтар кигізіп, беттеріне қара бояюлар жағып, автомобиль үстіне көгендеген. Сөйтіп, оларды аудан көшелерін, гүңшы (ауыл), фермаларды аралатып, айыптап масқаралаған. Дәурен де өзінің «А» мекемесіндегі капитализм жолымен жүрген Шың Юан Ли, Хан Жиань, Ыбырай деген үш бастығын ортаға шығарып, мәселесін тапсыртып, көше сыпыртып, ат бақтырады.

Олармен қарсы көзқарастағы Го Шу Жыңдар да бәсекелескендей төрт бірдей мекеме бастығын көшеге шығарып сайқы-мазақтап, қызыметтерінен қалдырып, бақылауда еңбекпен өзгеруге бұйырады.

Дала соғыс армиясы көтеріліс бас штабының 29-тамыз төңкерістік бас штабына «капитализм жолымен жүрген мансаптылардың қарғылы төбеті Жаң Ю Сань қылмысынан қорқып, өзін-өзі өлтірді. Оған сол штабтағы бұзақы адамдар жауапты» деген ашық хаты жазылған дазбау елді шулатты. Ел жақ-жақ болысты. Хан Ли Жау мен Дәуренді айыптаған дазбаур да қарша борады. Жұрт екі көзқарастың қалаған жағына өте бастады...

Романның осы бөлімінде мынадай оқиғалар бірінен соң бірі туындап, аласапыран жылдардың нағыз қатпарланған шындығын көз алдыға картинадай тартып береді. Айталық, Фермаға күреске жіберілген Тәңірберген мен Тоқтар қамаудан қашқанда, Тоқтар ұсталып қалып, ауыр соққыларға ұшырайды. Соңында оның сол соққыдан өлуі; Бақайдың ферма бастығы Әкімбектен құқық тартып алуы, сол шаруамен барып, аста-төк дастарқанда ішімдікке де тойған оның қойнында күзетшінің сұлу әйелі жатқаны; Әңгекке жасырынып аман қалған Тәңірбергеннің кезінде Шын Жаң педагоикалық институының қытай және қазақ тіл-әдебиет мұғалімі боп жүріп «оңшыл элемент» деген жаламен өндіріс отриятына түсірілген Бадыма атты моңғол азаматтың үйінен жан шақырып, ат мініп ауданға оралуы; Гүлсананың үйіне келгкен Гүлназға ғашығы Тәңірбергеннің жазған махабат жыры төгілген хатын табыстауы; Банк бөлімшесінен қызметкерлеріне тарататын айлық ақшаларын алуға барған Дәуренді қала маңы коммунасының көтеріліс басшылары Уайт пен Қамет адамдарының көшеде сойылдауы; Олардың үстілерінен түскен, «үш қызыл туға қарсы» делініп мансабынан айрылып, еңбекпен өзгеруге түсірілген қарқарадай әкесі Мұқан қарияның атпен келіп арашалап алуы; Қаладан үш автомобильмен келген белгісіз адамдардың қарулы бөлімдегі қару-жарақтарды тонап, жарылған гранатадан 2 адамның көз жұмып, 7 адамның жараланғаны, бұл оқиғаны Го Шу Жыңдардың Хан Ли Жау мен Дәуренге жапқаны; Дәуреннің уақыттық қайын жұртына атпен қашып жасырынуы; Әкесі Мұқанның оған ақыл айтып, ауданға қайтуын нәсихаттап көндіргені сияқты оқиғалар роман компзицияалық құрылымның сужеттеріне тамаша тартылған маңызды детельдар.

Романның «Көктемгі егісте», «Қым-қуыт күрестерде» деген екі тараулы екінші бөлімінде «Мәдениет зор төңкерісінің» ушыққан қайшылықтарымен қоса саңлауы бар басшы кадырлардың ақиқатта тұрып, халыққа игілік жаратуға талпынған жанкештіліктері суреттеледі. Аталмыш төңкеріс «капитализм жолымен жүрген мансаптылардан құқықты тартып алу» сынды сорақылыққа жол ашқаны белгілі. Солай да болды. Сондықтан, Хан Ли Жау мен Дәурен, Го Шу Жың мен Бақайлар бастаған сондай-ақ олардың жеке-жеке көзқарастарын қолдайтын бұқаралық көтеріліс отриядтары шаш ал десе бас алатын әрекеттерге барды. Оларды үйлестіруді аудандық қарулы бөлім басшысы Ясин мен армия басшысы Шың комиссардың үсіне алғаны сөз болады.

Дегенмен, өндірістің мейілінше тұралағаны белгілі. Романның осы бөлімінде ішінде Дәурен бар аудан басшылары екі топқа бөлініп, өндіріс отрияттарының «төңкерісті ұстап, өндірісті ілгерлету» жағдайын көздерімен көріп қайтқан соң, Ясин мен Шың коиссардың ықпалымен аудан бойынша зор жиын ашылып, мекеме басшыларына дейін өндірістің алдыңғы шебіне аттандырылады. Екі көзқарастағы, әсіресе Го Шу Жың майданындағылар «бұл өндіріс арқылы төңкерісті тұншықтыру, капитализмді тірілдіру» деп кері даурықты әрі тырнақ астынан кір іздеп, қарсы жағын сүріндіруге ұрынады. Ауыл, фермалардағы төңкерістік отрияттардың құқы зорайып алғандықтан, олар да төңкерісшіл болып, өндіріс жайында қалған. Мәселен, бұл бөлімде қала маңы ауылында көктемгі ұрық сіңіруге атыздарға дағармен апарылған ұрықтық бидайлар қараусыз қалғандықтан, отриядтың аттары түгел шашып жеп, 8 ат өлген. Оны төңкерістік басшылар Қамет пен Уайттың тап жауларынан көруі; Намжыл мен Дажаның мал шаруашылық отриядтарының ішер астығы да қалмаған қиындығын жасырмай айтуы; Чапай мен Жәлел деген төңкерістік топ өкілдерінің құқықтарыңды тартып алғамыз деген астамдықпен аудандық партком секатары Чо Зу Фу мен Шың комиссардың өндірісті мықты ұстауды дәріптеген сөздерін де, өздерін де менсінбей, капитализмді тірілткелі жүр деулері; Шың комиссардың олардың аузын орамды ой, дәлелді сөздермен тойтара жабуы; Ясин бастап «Т» ауданының төңкерісті ұстап, өндірісті ілгерлету, аттанысқа келтіру жиналысын» ашып, Хан Ли Жау мен Го Шу Жыңды осы құрылған штабтың орынбасарлары етіп, белсенділіктерін жұмылдырмақ болғаны; Қалпақ киіп төменге мәселесін тексеруге түсірілген Тәңірбергеннің арызданам деп қамаққа түсіп, серігі Мұхтардың Үрімжіге дейін арыздануының және Ясинның қузауымен екеуінің де қалпына келіп, Хан Ли Жау тобына қосылуы; Дың әкімнің ішінде Мұқан қария бар егіншілерді аса қауырт жұмылдырып, «Ынтымақ тоғанының» ерепайсыз ойылып кеткен оппасын тез жөндетіп, судан қалып көктемей қалған 4 өндіріс отриятының атызын суландыруы; Партком секратары Чо Зу Фуға Намжылдың дәрігер тапшылығынан бір жас ауыр аяқ моңғол әйелдің туыт ананы қайта-қайта атпен шақырып әзер әкелгенше жан үзгенін әңгімелеуі; Бақытнұр фермасындағы 2 мың му (133 гектар) жердегі күзгінің орнына Жаппардың немқұрайлығынан жазғы бйдай себіліп, түгел үсікке шалынғаны, оған ара түскен Тұрдақынның ауыр еңбекке жегілуі; Талдыбұлақ фермасындағы капитализм жолымен жүрді делініп құқы тартып алынған Әкімбектің 33 гектар жерге еккізген сортты алма ағаштары малға тапаланып, омарта шаруашылығы да күйрегендігі, орынбасар әкім Асқардың Әкімбекті алма бағында ашқан көп адамдық жиналысында қайта орнына қойғаны; Боран күпті, тоң соқты болған мал көктемде індетке шалықса да, жалғыз мал дәрігері Мәтіханға орынсыз жала жабылып, өзенге ағып өлгендіктен, дәрігерден тапшылық тартуы; Бір отриядтағы бір көзқарастағы егіншілер жиын ашып жатқанда, қарсы жағының терезеден тасталған гранатасынан 3 адам өліп, 2 адам жараланғаны; Мектепті кедей төмен орта шаруаларынан шыққан сауатсыз адамдар басқарып, оқушыларды төңкеріске, еңбекке сала беруі; Тәңірберген мен Гүлназдың мектеп залындағы қарапайым тойында граната жарылып, өрт кетіп, Хан Ли Жау мен Дәурендердің құтқаруында жұрттың көбі аман қалып, 8 адамның бастырылып өліп, 15 адамның жараланғаны; 1968 жылдың 20 қыркүйек күні ШҰАР да төңкерістік комитет құрылғанын ерекше құттықтау және ауданда құрылуына дайындалу; Хан мен Гоу тобындағылардың қару тапсыруының кескілесуі, Хан тобының жасырмай тапсыруы; Дәуреннің банк жабылып қалғандықтан еріксіз фонктке қойған 6 мың юан ақшаның қолды болып, жала Дәурен мен күзетші Ма Шаң Хай екеуіне жабылып, жазықсыз қамалып, ұры ұсталған соң, Ясинның ашу шақыруымен босатылуы; «Т» ауданы ерекше қуаңшылыққа ұшырап, 6 ауыл, фермасын суландыратын 6 күре тамыр тоғандарының суы мейілінше азайып, егістік өнімінің төмендеп, егіншілерге берілетін ай сайынгы ұн 10 килоға, балалардікі 3 килоға түсірілгендігі; Екі топ, екі жүйенің де ұқсастығы – компартияны, Мау Жу Шиді қорғайтындығы, ұқсамастығы – компартияның бағдарлама саясатын, нұсқауларын екі жақтың екі басқа түсінетіндігі; «Мәдениет зор төңкерісінің мақсаты – партия ішіндегі капитализм жолымен жүрген мансаптыларды тартып шығарып, сазайын тартқызу» далада қалып, бұқара өзара қырқысып, өз беттерін өздері айғыздап, жаппай жауласуы; Дәурен отбасы шаттыққа шомып, Гүлсана ару балпанақтай ұлды боп, Дәурен оның атын Арман болса деп ұсынғанда, үлкендер мақұл көріп, азан шақырып қоюы сияқты оқиғалар өте шеберлікпен қиюластырылған.

Романның «Қыс қырынан көктемге», «Жас өркендер, қитұрқы құбыжықтар» делінген екі тараудан тұратын соңғы бөлімі «Т» ауданында төңкеістік комитет құру ауыр жүгі әсіресе Ясин мен Шың комиссардың жүйкесін жұқартқан күрделі күрестермен басталады. Бұл мәселеде өз адамдарын комитет басшылық құрамына көрсетуге тараптар қасарысады. Го Шу Жыңға Шың комиссардың партияның жетекшілік ролы түбінде сол комитетте ықпалға ие болады, сен партиялы басшы кадыр болғандығың себепті, ырықтылықта болуың бек мүмкін дегендей, оны болашағынан үміттендіре отырып, өздері жобалаған мақсаттарына жетеді. Күрделі қайшылықтар әзер қиюланып, жолдаған жоспарлары жоғарыдан бекітіледі. Сөйтіп, 1969 жылдың 19 сәуір күні жер-көкті дүр сілкіндіре ұрандатқан, қалың адам иін тірескен, 400 ге жуық әр түрлі аттармен қалпақ кидірілген бұзақылар халыққа қарсы тұқыртылған, «Т» аудандық үш жақ ұштасқан төңкерістік комитет құрылды. Яаси комитет меңгерушісі, Чо Зу Фу, Шың комиссар, Ауданбай, Хан Ли Жау, Го Шу Жыңдар орынбасар меңгеруші, Дәурен, Бақай, Дың Жың Лу қатарлы 6 адам тұрақты жоралыққа, қалғандары алқа мүшелікке дегендей жалпы 29 адам басшылық құрамға енеді. Төрт жылдан бері ығыр болған жұрттың басым бөлігі осы комитеттен үміттенді. Алайда, төңкеріс жасаудай жаттанды сарыннан жалыға бастап, кімге сенеріне көзі жетпеген ауыл, фермалардағы төңкерістік ұйым басшылары да өз жерлерінен комитеттер құруға құлықсыздану нысайлары да жағдайды сылбырлатып жібереді. Аталмыш төңкерістің осыншама қабат-қабат шытырман қайшылықтарға маталып, сары аурудай созылуы романда тереңдей түскен және шарықтауға ұмтылған.

Төңкерістің күрделі де зорлықты күштің халықты рухани күйзеліске түсіргендігінің және оның әлі созақтап сары белдену көрінісі – комитет ақиқатпен шешеді деп талай жылдан бері жазықсыз жәбірленген, өлген туыстарын ақтауға арызданушы жұрттың Ясин меңгерушіге арыздарын қарша боратуы. Оның жылжыртпалатып, кейінге қалдыра сипай жауап беруі т.б. болмақ.

Дәурен образының тағы бір толысар тұсы – екі орындағы екі өндіріс ортиядының қытайлар мен қазақ егіншілері арасындағы 2 мың му (133 гектар) жерге таласқан шиленісті дауды Шың Юань Ли екеуі шешуге барғанда, Дәуреннің аса ырықтылықпен бітімге келтіргенін, Шыңның оған ерекше сүйінуі еді.

Енді бірі – Дәуреннің қызымет группа қармағында Шығыс нұры ауылының төбесінен топырақ саулаған ескі бір ауызды жатағында жатып, 11 өндіріс отриядын аралап, тексеріп-зерттеуі. Мыйсалы, Елдің төңкеріспен болып, өндіріске селқос қараулары себепті ішер астықтан тарығып, шиқылдап отырғандары; Қырмандағы бидай маяларының толық соғлмауы; Cоғылған борықтардың уағында ұшырылмай көктей бастауы; Түрлі жалалармен еңбекпен өзгеруге түсірілген қалпақты ерлер мен әйелдердің барлығынан шеттетіліп, ауыр еңбекке ғана жегілгені; Еңбектерін соларға істетіп қойып, өздері бармайтын жұрттың не жаңалық бар екен дегендей кештегі төңкерістік даңғаза жиналыстарға қалмай баратындығы; Күреске тартылған сорлыларды «қалпақты алу бұқараның қолында» делінген қитұрқылық бұқараға жаутаңдатып қойғандығы т.б. істердің мүлде ақылға симайтынына қабағат күйзелісі. Осы мәселелерді коммунадағы Хан деген әскерй өкілге доклат еткелі барғанында, оның «өндірісте нең бар, төңкерістен мәлімет бер!» деп шамына тиіп, ызасын келтіруі.

Ұнамды кейіпкер, комитеттің орынбасар меңгерушісі, мал шаруашылығына жауапты Ауданбайдың образы да көз алдыға келеді. Аудандық мал шаруашылық мекеме бастығы боп ел аралайтын кезі болса керек. «... көбінше сөзді кесек әрі күлдіргілеу сөйлейтін, қулана, қунақы тартып тұратын кісі. Жұрт оны сыртынан «кесек аяң» десетін. Олай дейтіні, кесек аяңы бар кер аты мініс аты болатын да, «кер аттың кесек аяңымен...» деп басталатын әңгімелерінің көбі. Өзінің сөзі де кесектеп, сиректеп айтылатындықтан, кері атқа бола айтылатын кесек аяң бара-бара Аудекеңнің өзіне тәуелденіп те кеткен. Оның үстіне бір жылы күзгі жиым-терімде осы кесек аяң Ауданбай бас болған қызмет группа кадырлары Жер серігі ауылына барып, бірінші өндіріс отриядын өзі көтереге алады. Ол күні-түні «зор секрумен» астық ормасында жүрген халықтың аш-тоғына онша назар салмаса керек. Сонда, сол көптің ішінде жүрген бір тілді-жақты әжей:

«Кесек аяң Ауданбай,

Халыққа назар аудармай,

Шалғымен қырқай қиылып,

Бидайың қалды бауланбай.

Кесек аяң болғанмен,

Басқармадың Асқарды-ай!

Еңбекте жүрген кәр анаң,

Нормасы жоқ, аш қалды-ай!»

деп өлең шығарады екен. ... Осы өлеңді естігенде барып, Аудекең өзінің «кесек аяң» атанып кеткенін біледі. Әрі халықтың астық норма жағдайын тексеріп, ... оңауға кіріседі» («Дауылдар толқыны», 171 бет).

Ол Жер серігі, Қызыл жұлдыз коммуналарының арғы бет асып, Құс емшек, Тоқандаба, Ашалы сияқты ұлы қыстауларға баратын мал, тұтас аудандағы малдың 30 пайызын ұстайтын. Қазан айының аяғына дейін Көрсай асуынан асып кететін мал қарашада да аса алмай қалған. Ауданбай қалың жиынан зорға құтылып, күнді-түнге жалғап, малшылардың неше айлық астығын, киім-кешек, шай-тұзын, соятын малдарын, алатын ақшаларын банк т.б. қатысты тараулардан қарыздап жүріп болса да шамаша қамдағанша желтоқсан басталады. Елді көшіруге басшыларын жұмылдырады. Өзі асуды қар алып қап, қар көшкіні түсуден алаңдайды. Көрсай аузындағы бір үйде жатып, түнімен жауған қар басылған тәңертеңінде, сай ішінде ауырып шетінеген 3 жасар баласын қайта елге алып келе жатқан азаматтың зарына қабырғасы сөгіле күйзеледі. 20 қора мал аман асып үлгерген еді. Енді аспақ боп көшіп келе жатқан 10 мың бас малды уақыттық тосқыза тұрды. Оның жанқиярлық қасиеттері ауыр апатты күндерде малшылар арасынан табылуы еді.

1969 жылдың ызғарлы желтоқсаны басталғалы тағы да неше күндерге жалғасқан жиналыстарда комитет мүшелері, әсіресе Дәурен қатарлылар қазақтарды негіз еткен ауданымыздың төңкерісін енді әскерилер басқарады деген масқара деп берік майдан ұстанды. Деседе романның төңкерістің тіптен зілдене бастауына оқырманын ентелеткен тұсының соңғы шырқары осы ғажаптар болды. Қысқасы, шулап жүріп құрған төңкерістік комитеттерін әскерлердің қолына ұстата салу еді. Мұның басты себебі, орталық әскери істер комитетінің бас ақылшысы Хуаң Юң Шыңның ШҰАР дағы төңкерістік комитет ашқан жиынға арнаулы келіп сөйлеген сөзі мен орталықтың Шың Жаңдағы әскери өкілі Луң Шу Жыңның газетке басылған мақаласы тудырыпты. «О, момын халқым-ай, ақкөңіл аңқау қазағым-ай, бастарыңа нелер күндер келіп, нелер күндер кетеді екен -ау!» деп көкірегін қарс айыра күрсінді...» («Дауылдар толқыны», 358 бет) іштей Дәурен мырза!

Романда төңкерістің жаңа информацияларымен дамылсыз қамдаса, енді бір жағынан оның сұрқия өртін өршітіп, адамдарды, топтарды кескілестіретін «дазыбау» болды. Мемлекетте, ШҰАР да жүріліп жатқан күрес жаңалықтары, әр көзқарастағылардың «үндеу хат», «ашық хат», «төңкерістік бастама», «төңкерістік үндеу» деген сияқты тақырыптпрмен жамырайтын дазыбаулар үдемелі айқай-сұреннің қосалқы тамыздығы мен мәйегі болғаны нанымды суреттелген.

Романның көркемдік өресі жоғары. Документални жүктерін көркем сөз өнерімен өрнектей жеткізген оқулық ситатты құндылығымен де дараланары сөзсіз! Романдағы сөз қолданысынан-ақ автордың тілдік байлығын байқауға болады. Мақал-мәтелдердің, қанатты сөздердің орнын таба білуі – қаламгердің қазақ сахаралық өміріне де қанықтығын аңғарқандай. Таптырмас тартымды теңеулердің шоқтай басылуы да көркемдік бояуын әрлей түскен. Ғажап таңдандыратын қоғамдық аласапыранның адам сенбестей сұмдықтарының тылсым сырларын айпарадай ашуы – тарихилығын құндылығын, өшпес өміршеңдігін, шыншылдық сипатын көрсетеді.

«Дауылдар толқыны» тудырған кейіпкерлердің алуан мінез-құлықтары, түр-түстері, ой-өрістері, қимыл-қозғалыстары, дағдылары даралықтарын жайып салады. Мәселен, төңкеріс тудырған желім ауыз Қадырбайдың екі жүзді, астыртын арызшылдығы; Ыбырайдың Шарылдақ деп аталып кеткен өсекші әйелі; Cөзінің бисмилласы «насыбайын атқызып» деп басталатын Қасым; Оқушыларды желіктіріп, аудан қазынасынан ақша босаттырып, Бейжиңге барып Мау Жу Шиді көріп келген, Тоқтар мұғалімнің өліміне де себепші болған, коммуна басшылық группа бастығы болып алған жылпос жас Чапай; Алаяқ Жақып; Ақылман, «үш қызыл туға қарсы» делініп, ауыл бастықтығынан шеттетілген Мұқан қарт; Ала өгізбен артынып-тартынып келінінің босануына келген Айжан ана; Жаны жайсаң Ши дәрігер мен сібе қызы – Гуан шипагер; Моңғол оқымысты Бадыма; Тайсалмас мұғалым Тәңірберген т.б.

Роман бұдан 46 жыл бұрын қытай елінде ғана жүз берген, әлем елдеріне күңгірт сезілетін, айтылса адам нанбастай безбүйректікпен жүрілген, қарайған халықтың қаймақтарын қырқай шалып, жөргегінде тұншықтырған қанқұйлы солақай саясаттың «Т» ауданында өткен өкінішке толы шежіресі. Сол бір аңызға айланған үрейлі дәуірді естігені болмаса көрмеген жастар үшін оқыр болса, түсінен шықпастай зұлымат өтмішке кауа болатындығы шүбәсіз! Роман – эпопеяға жол ашқан қаламгердің зұлыматтар туғызған зұлпыhры!

Д. Қаңбақовтай зерделі, жансебіл жазушыға бәрекелдіден өзге айтарымыз жоқ!


Болат Құрманғажыұлы Әкежан

Ақын, жазушы, журналист, сыншы, Халықаралық Б. Майлин

Атындағы әдеби силықтың, ҚХР дағы мемлекеттік

аз санды ұлттар ақпарат силығының иегері

24.09.2023 ж.

Сайтта кім отры

Қазір 1076 guests және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр

  • Қаңтар 27, 2024
  • Ақпан 18, 2024
  • Қараша 25, 2023
  • Қаңтар 24, 2024
  • «мамыр» 15, 2023
  • «тамыз» 17, 2020
  • Маусым 12, 2020
  • «тамыз» 10, 2020
  • Шілде 30, 2020
  • Шілде 24, 2020
  • Шілде 17, 2020
  • Шілде 16, 2020

Ең соңғы кескіндер

Тепсең сайтында жарияланған бейнежазбалардың барлығын осы арнадан көре аласыз.

Кіріп көріңіз