(Талғар аудандық ішкі саясат, тілдерді дамыту, мәдениет, спорт бөлімдерінің басшысы, ҚР мәдениет саласының үздігі Бегембаева Фарида Мамырбекқызы туралы шағын эссе)
Талғар ауданының Тұздыбастау ауылына ірге көмгеніме де жирма жылға таяпты. Ауылдық мәдениет үйінде әр түрлі мәдени іс-шаралар дамылсыз өтіп тұратындықтан, мені де қағыс қалдырмай шақыратын-ды. Уақытым бола қалғанда қалмай барып жүрдім. Мәдениет үйіне аудан, облыс жағынан жүктелген алуан мазмұндардағы мүшәйраларға ат салысып тұрдым. Осында өтіп жататын ірі шараларға, келелі жиналыстарға қатынасқан сайын, қырқпа шаш, жұқалтаң аққұба өңді, жанары оттай жайнаған, сұңғақтау келген, қимылы бұйынтақ, ширақы, адуынды ару келіншекті үнемі көрем. Ол нар кескендей ұтқыр да, ұтымды сөйлейді. Шаралардың өтуін жіті қадағалап, атқарушыларға қатаң тапсырмалар беріп жатады. Сол бір қырғидай қырағы жанмен танысудың орайы келмесе де, сырттай ұғысып білгенім, іскерлігіне тәнті болғаным бар.
Ол – Талғар аудандық ішкі саясат, тілдерді дамыту, мәдениет және спорт бөлімдерінің білдей басшысы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Бегенбаева Фарида Мамырбекқызы еді. Асқаралы Алатауы құтты құшағын ашса, талыққанның, тарыққанның таңдайын жібітіп, аузын аққа тигізетін киелі мекен – Талғар ауданы ел эконоикасын шалқытуға еселі үлесін қосудан тыс, рухани мәдениет шебіне де айтағасын еңбек сіңіріп келе жатқан талғампаз, еңбекшіл, қордалы аудандардың бірегейі. “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дегендей, тұтас ауданның ұлағатты істерін білікті де білімді басшылық ұйтқысы мен дана халқының бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жұмылуынан бөле қарауға болмас! Олардың арасындағы бірдің өнегесі мыңға үлгі боларлық серкелерін көре білу де, көпке жеткізу де бір ғанибет болар?! Айталық, аудан келелі істерінің бір тізгіні жаны сірі, іске адал, қайтпас қайсар, шойтабан да мұқият, әділетсіздікті алмас қанжардай тіліп, қара қылды қақ жаратын, шырылдаған шындықты бетке айтатын турашыл, өжет те өрт мінезді сұңғыла қазақ қызы Б.Ф. Мамырбекқызының қолында болғаны да тегін емес-ті! Өз ісінің майталманы атанған оның халық пен отан алдындағы азаматтық борышы мен құлшыныстары көрнекті нәтижелерді қолға келтірді деуге толық негіз бар. “Жақсыға сөз, жаманға шөп ереді” демекші, болайын деп тұрған қыздарының белін буып, жігеріне дем беруші қара орман халқынан тыс, аз сандағы мүддешіл көреалмас, күншіл, қызғаншақ, жікшіл, топшыл адамдар аяғынан шалып, дәлелсіз жалалар жауып, көпірме арыздарын қарша боратқандарын да жоққа шығармаймыз. Алла “аққа жақ” болса, ақиқатқа құрылған жеңімпаз заң да салтанат құрды. Шындық ежелден үйірсек иесін қайта тапты. Өсектер өрши алмай өртеніп тынды. Қалтқысыз от жүрегін еліне арнап, көк туын желбіреткен Б.Ф. Мамырбекқызының айдарынан жел есіп, Талғарлықтардың сенімі мен алқауына бөлене берді...
Бір жолы облыста ашылған жиналысқа қатысқандардың барлығы қазақ ұлтының өкілдері бола тұра жиналыс тек орыс тілінде ғана жүрілді. Сөз кезегін алған батыл кейіпкеріміз: “Жаңа қазақстан құрудың өзі мемлекет тілін ардақтаудан басталмай ма? “Су бастан тұниды”. Осында отырған барлығымыздан үлгі басталмаса, қалған жұртқа тіліміз өте ме? Неден жасқанып, өз ана тілімізды қорлаймыз? Алқалы жиналысымызда өзіміз бастап ана тілдің мерейін асқақтатуымыз керек!” деген мазмұнда тайсалмайтын Мақамбетше бетке айтып салады. Оның жасындай жарқылдаған жалыны мен өткірлігі ішінара адамдарға жақпай да қалған сыңайлы. Оның шындықты шырылдата айтқаны Талғар еліне де тізгін ұшымен жетіп, әр түрлі аңыстарды тудырғаны белгілі. Деседе, халық оның шыншылдығына шапалақтарын бұрынғыдан бетер соқты... Иә, сонау Сақтар дәуірінен бері майдан даласында батырлығымен, даналығымен ел есінде қалған Тамерис (Тұмар), Айғаным, Әлия мен Мәншүк т.б. аты аңызға айланған қыздарымыз жетерлік. Қолда бар алтынның қадіріне жетер болсақ, сөзімізге тиек етіп отырған Б.Ф. Мамырбекқызындай қастерлі жандарымыз қасымызда жүр...
Шығармашылдықтың адамы болудай ерекшелігіме бола ауылдық мәдениет үйінің директоры Динара Құрманова мен көркемдік жетекшісі, әнші, сазгер, мәдениет саласының үздігі Мұратбек Сарыбасов ағымдағы жылдың 29 сәуірінде шығармашылық кешімді өткізіп беруді жоспарларына алған-ды. Бір әнімді ҚР еңбек сіңірген артісі Ғанипа Садықова орындамақ болғандықтан, М. Сарыбасов сол әнші екеуімізге Бесағаш ауылының мәдениет үйі алдынан көріністер түсіріп алмақ боп көлігімен апарған. “Ақсақалдар алқасы” деген топ жиналып тұр екен. Сәлем бердік. Ауданнан келе қалған Б.Ф. Мамырбекқызына бір арызшыл қарт таскенеше жабыса кетті: “Әнеу жерді сендер сатқызып жібергесіңдер, міне, арызымыз, қайтартқызып беріңдер!”. Кейіпкеріміз оған қабақ шытпастан байсалды да сабырлы бейнеде: “Ақ сақал, мен жер басқару саласынан емеспін, десе де ауыл әкімімен бірлікте даулы мәселелеріңізді тыңдап, шындыққа көз жеткізгелі, арыздарыңызды жер басқару мамандарына тапсырмаққа келдім, қане жүріңіздер!” деп, мәдениет үйінің ішіне бастай берді. Аудан оның іскерлігі мен шешен де логикалы сөйлеп, жұртты иландыра алатын дарынына бола ауылдарда туылып жататын даулы, түйткілді мәселелерге үнемі жіберіп, әділ шешімге қол жеткізіп отыратын көрінеді.
“Тасжарған”, “Жылып өткен дүние”, “Өркеш” сынды 3 кітабымның тұсау кесілуі, өлеңдерімнің мәнерлеп оқылуы, әндерімнің және өлеңдеріме өзгелердің жазған әндерінің орындалуы, 3 кітапқа мамандардың баяндама жасауы сияқты “Аш, маған, құшағыңды, атамекен!” атты көлемді шығармашылық кешімнің өтуін ақылдасу үшін, М. Сарыбасов Б.Ф. Мамырбекқызына алын-ала жолықтырған еді. “Қазірге дейін өз қаражатыңызбен 7 кітап шығарып, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне елеулі екбек сіңіріп жатқаныңызға алғыстан өзге айтарымыз жоқ! Кешіңіз айтағасын өтеді, өзім қадағалаймын, алаңсыз болыңыз!” деп қанаттандырып жіберді.
Екі сөйлеуді ұят санайтын текті қыз сөзінде тұрды. Қанша қарбалас болса да, орайын тауып аудан әкімі Танат Есенкелдіұлы Айдарбековке жолықтырып, шақыртуымды, шығармаларым енген “Әлем Халықтары жазушылары одағының Антологиясын” және жеке авторлық кітаптарымды ұсынуыма мүмкіндік тудырды. Сонымен бірге мені әкімге тәптештеп таныстырды. Кітаптарыма, талантыма разы болған әкім көңілденіп: “Сол күні барып кітаптарыңның тұсауын кесісіп берем!” деп уәде етті. Талғардың су жаңа әкімі де, жаны жайсаң Б.Ф. Мамырбекқызындай ждағатты, мәдениетті басшы кадры да қаламгерлерін іздейді екен деген марқа көңілмен сарайым желпініп қайтқан едім!...
Кешімнің жоғары деңгейде дабыралы өтуін барынша қадағалап, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Дәріпхан Семейхан, Тұздыбастау ауылдық мәдениет үйінің директоры Құрманова Динара, көркемдік жетекшісі, әнші, сазгер М. Сарыбасов т.б. қызыметкерлердің аса мұқият болуына дем беріп, мәселелерді табанда шешуге жалықпай кірісті. Ол сахынада Аяқ асты Нұра ауылындағы шұғыл жұмысқа аттанып кеткен аудан әкімінің алғыс хаты мен сыйлық бұйымдарын ұсынып, шабытқа толы көшелі сөздерін арнады. Тұздыбастау ауылының өз баламыздай жалынды жас әкімі Толымбеков Шыңғыс Ермахаметұлы иғыма оқалы шапанын жауып, естелік бұйымдарын ұсынып, ыстық ықыласты лебізін білдірді. Б.Ф. Мамырбекқызы ресторандағы дастарқан жайылған торқалы тойдың соңына дейін болып, ізгі тілек-дұғаларын ағынан ақтарды.
Ағымдағы жылдың 21 маусым күні түстен бұрын Тұздыбастау ауылдық мәдениет үйінде Б.Ф. Мамырбекқызы жетекшілік етіп, Талғар ауданының ішкі саясат бөлімі атынан ұйымдастарған қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, әйгілі ақын, ағартушы, ұлт қайраткері Таңжарық Жолдыұлының туғанына 120 жыл толуына орай «Тарихи тұлға – Таңжарық» атты әдеби-сазды тарихи танымдық кештің жоғары деңгейде өтуіне кепілдік етті. Кеште Таңжарық ақынға арналған әсем әндер шығандап, күмбірлі күйлер тербетті, жеткіншектер мәнерлеп өлеңдерін оқып желпіндірді, ғалымдар келелі, сындарлы ойларлын ағытты, жезтаңдай ақындар айтыстың көрігін қыздырды. Осынау салиқалы кеште алғашқы боп сөз кезегін алған Б.Ф. Мамырбекқызы: «Бұл іс-шараны тектен-текке өткізіп отырған жоқпыз. Жалпы халықтан тыс, аудан бойынша 43 мектеп пен 5 колледждегі оқушыларғдың санасына дейін алаш қайраткерлерінің және олардың ізін басқан Таңжарық ақын сияқты тұлғаларымыздың шығармаларын нәсихаттап жеткізіп, жастарымызды бүгінгі егемендікті аңсап сол жолда ғизиз жандарын шаhит еткен боздақтар рухын бойларына сіңіріп, ұлтын, отанын шынайы сүйудің ұлылығын көкіректеріне өшпестей құйып кету. Біз қолға алмасақ, дәріптемесек, жол ашып кетпесек кім жалғастырар? Елдігіміз рухани іргесін кім бекемдемек? Келесі ұрпаққа біз үлгі болмасақ басқалардың несі кетеді? Таңжарықты Қазақстанда ғана емес, ЮНЕСКО, Түрксой көлемінде де өткізуге қол жеткізуміз керек» деп аса жалынды, асқақ рухты сөздерімен көрермен қошаметіне бөленді. Оның өнегелі қадамы кейінгі ұл-қыздарымызға үлгі болары сөзсіз!
Сөзімді халқымен жаны етене қызға 2021 жылдың наурызында арнаған өлеңіммен аяқтай тұруды жөн көрдім:
Ұнайды көпке текті сарыныңыз,
Шығыстық Фарида қыз, жалыныңыз.
Тізгінді халық берген қымти ұстап,
Атойлап ұлы шептен табылдыңыз.
Ар алдында адалдық атқарғаның,
Бүкпесіз шындық еді ақтарғаның.
Үңіліп қаламгерге, өнерпазға,
Өзегін сезіне алдың, қатпарларын.
Өрлігің, қайсарлығың қарағайдай,
Таңдана еңбегіңді ел саралайды-ай!
Өсек пен өтіріктің лаң салар,
Жүрегін алдаспаның жаралайды-ай!
Гүл ашқан қарлы шыңда қарғалдақсың,
Шынайы сұлулықты талғамақсың.
Жасындай жарқылдаған көктемдегі,
Жұртыңа жаққан бүгін Талғарлықсың!
Болат Құрманғажыұлы Әкежан
Ақын, жазушы, журналист, сыншы, Әлем Халықтары
жазушылар одағының, Түркі Әлемі жазушылыр
одағының мүшесі, Б. Майлин атындағы халықаралық
әдеби сыйлығының иегері
14.06.2023 ж.