«Дәурен жыр» тарихи романын оқығаннан кейін
Мақсұтқан Дәлейұлының қысқаша өмірбаяны

Мақсұтқан Дәлейұлы (қалам аты – Мақсұтқан Баркөл – Дәлейұлы ). 1958 жылы ҚХР-ның Баркөл қазақ автономиялы ауданында дүниеге келген.
Ақын, жазушы,тарихшы, қоғам қайраткері, Қазақстан жазушылар одағының, Қазақстан авторлар қоғамының, Әлем халықтары жазушылар одағының,Таңжарық әдебиет айдыны қор қоғамының мүшесі.
Тарихи жыр поэзия жанырындағы ауқымды сала. Ол бір ұлт не бір ел халқының тарихына, саяси ұстанымына, әлеуметтік жағдайына қатысы зор болған тұлғалар іс іздерінен жазылатын тұлғалы еңбек. «Дәурен жыры» осындай тұлғалар бойынан екшеле таразы тартқандарынан ғана таңдала жазылған кесек туынды. Мінеки, жоғардағыдай талап- өлшемдер негізінде жазылған өрелі ой, өткір тілді төкпе жырымен танымал ақын Мақсұтқан Дәлейұлы Баркөлдің, әлемге әйгілі Тұғұрұл хан, Тайбұға хан, Сейтақ хан... т.б. қатарлы ірі тұлғалар жәйлі жазған көлемді тарихи эпосын сүйіне оқып, үңіле ой жүгірттім. Сүійінетінім- жыр:
«Асқақ та асқақ аспан тау,
Басқадан иығы асқан тау.
Алтайдың бағзы даласы,
Сібірдің сырлы саласы,
Ерентау - Еділ арасы,
Бозтарлан жырын қозғайды,
Боз інген көңіл боздайды...
......
Ал, қанеки, жөнейін,
Аманымда көмейім.
Бөгеу қылмай жан мұңын,
Селдетіп жырдың жаңбырын,
Тұғұрылдай тау тұлға- Тарландардың тағдырын, Өлеңдетіп төгейін. Парызымды өтейін...!»- деп басталуындағы ағыл- тегіл төкпеліктен-ақ, кім-кімді болсада бірден өзіне баурап әкетерлік үлкен шабыттан туындаған бітік ұйқасты үйірімді тіл өзіне еріксіз жүгінтетіндігі; Үңілетінім – Алтай - Сібір, Ерентау- Еділді қамтыған ұланқайыр өңірде әлемге әйгілі Тұғұрыл ханды өзек еткен тарландар тағдыры жырланатындығы.
Автор көтеріп отырған «Дәурен жырындағы» тақырыптың маңыздылығы-қазақ халқын құраған ең байырғы текті ұлыстардың бірі Керей елінің хандық тарихының көрнектіленуі мен бірнеше томдық үлкен трилогияға жүк болатындай ауқымды тақырыптың көп мазмұнды аз сөзге сидыра алатын жыр құдыретімен тұжырымдала жарқ етуінде. Мейлі қай жағынан алып айтсақ та шығарма сәтті жазылған сарабдал еңбек. Көркем әдебиет қай жанырда жазылса да көтерген тақырыбы (ойы), оқиғалығы, бейнелеу амалдары, көркемдігі (тілі) қатарлы жақтары негіз етіле бағаланады. Осы негізде біраз ой бөлісіп көрейік.
Бірінші, шығарма көтеріп отырған басты тақырып – тұлғасы бөлек туы биік Тұғұрұл ханды өзек еткен Керей хандығының ұлы тұлғаларының өнегелі образын тіктеу арқылы үлкен қайрткерлік көсем тұлғасын ашу. Әлемге әйгілі ұлы империя құрушылардың бірі де бірегейі де ұлы Шыңғысхан. Бүгінгі таңда оны білмейтін пенде кем де-кем. Ал одан көп жылдар бұрын хандық құрып әкесіне дос-тамыр болған, әкесі өлгенде жылағанын уатып, жығылғанын сүйеген, хандығын қайта құрып қамқор бола, оған ұстаз да, өкіл әке де болып оны тыңнан түлеткен Тұғұрұлхандай ұлы тұлға көптеген тарихи және саяси жағдайларға байланысты оның тасасында қалып қойғаны да белгілі. «Дәурен жыр» осы бір Тұғұрұл хан сияқты тау тұлғаның ата-бабаларына жалғасып Тұғұрұл ханға ауысқан, одан оның ұрпақтарына ұласқан тағдырлы хандық тарихты көркем тіл, икемді пайыммен қайта танытуды мақсат қылады. Шығарма сол мәнсұқтаған мақсатына жетті де. Мыслға алсақ:
«Сол рухтың көк аспаны- Тұғұрыл,
Сол рухтың төл дастаны- Тұғұрыл.
Бастау алған Енесей мен Орхұннан,
Көктүріктің өр асқағы- Тұғұрыл.
Есукейге дес бермеген- Тұғұрыл,
Төл қандасын шет көрмеген- Тұғұрыл.
Жетім кезде темучин мәпе көрген - Тұғұрыл,
Болу үшін «Шыңғысхан» әкелеген - Тұғұрұл»...
Болу үшін «Шыңғысхан» әкелеген - Тұғұрұл»... Жырдағы осы жолдар- ақ Тұғұрыл рухының асқақ, тіпті Шыңғыс ханнан да биік екенін аңғартады. Екінші, бір ғана емес, бірнеше ғасырға жалғасқан кедергісі көп кер заман тарихын жаратудың оқиға өзегі, тіл тиегі болған Тұғұрыл хан ата-бабаларынан тартып оның ұрпақтарына дейінгі «Керей хандығы» деп аталатын әйгілі «мыңжылдықтың» асуынан асқан қайшылық-қақтығысы мол, оқиғасы шытырман шымыраған шын жағдайлар негізінде шығарма оқиғасы нанымды өрбиді. Атап айтқанда, мұнда негізгі желі Татарлар қолынан жер құшқан Есукей тағдырынан бастау алады. Онан ары ішкерілей түсіп әкесі өліп хандығы таланға түсіп есеңгіреп қалған Темучинді әкесінің досы болған Тұғұрыл хан алдына шеберлікпен әкеліп:
«Төбе хансыз төбесінде хандардың,
Сіз тұрғанда өзге кімді таңдармын.
Дайшығұттар тартып алып тағымды,
Сайғақ құрлы сая таппай сандалдым.
Іні болып қосылайын Сәнгүнге,
Хандар ханы өзіңіздей бар кімде?!
Хан әкем деп, жан әкем деп өтейін
Телім болып тентіремей әр кімге...»- дегізіу арқылы оның кішірейу, жағыну, жалынудай дәрменсіздігін бейнелей келіп, сол тұстың «Оңханы» атанған төбеханы – Тұғұрыл хан алдына тізерлетеді. Жолға жүйрік, уағдаға берік, адами қасиеті күшті Тұғұрыл хан төс соғыса достасқан Андасы (дос-тамыры) Есукейдің ұлына екінің бірінің қолынан келе бермейтін кісілік танытып, оның қарсыластарын жойып, қираған орда шаңырағын қайта көтертіп ес жиып ел қатарлы болғанынша оған өкіл әке, мейірлі қамқоршы болып, ел басқару, ұрыс-соғыс жүргізу жақтарында ұстаз болады. Осындай ұлы тұлға, мығым күшке сүйенген ол тез ес жиып, еңсесін көтере елдің алдынғы қатарынан көріне бастайды. Адам көзі топырақтан өзгеге тойған ба еді, бір жағы Тұғұрылдай үлкен тұлғаны арқа тірек сүйеніш қып, енді бір жағы өзінің де ақыл-дарыны, қуат-қарымымен оңхан Тұғұрылға теңеледі. «Кедей байға, бай құдайға жетсем» дегендей ол да барған сайын астамси мен-мендігі күшейе келіп Тұғұрыл ханан асқысы келеді. Ол үшін хандықтар мен ру-тайпалар ара болып жатқан қайшылықтардан икемді пайдалана отырып әйгілі «Оңханды» омақастырудың жасырын қазанын аса бастағанын автор орамды ой, ершімді тілмен былайынша бейнелеп:
«Жапырақтар саудыраған сары күз,
Тау нұраған сай- саланың бәрі түз.
Тұғұрылдың қолтығында қоңданған,
Темучиннің іші жылы, жаны мұз.
Аңсары ауды әлем ханы болуға,
Ешкім бөгет болмау керек жолына,
Тұғұрылдай туы биік көрінер,
Керейлердің күші болса қолымда...» - оның ішкі иірімінде жатқан жат ниет осылай әшкереленеді. Шығарма онан арман тереңдей келе Тұғұрылдың қолымен өзіне қарсы күштің бәрін жойдырып алып, соңында ұлы хан ер Тұғұрылдың өзін де мерт қылғанын, содан ел азып- тозса да, текте бар тегеуіріні қайта жанданып Сібірге дейін қанат жайған Керей хандығының қайта шаңырақ көтерген тағдырлы тарихы сомдалады. Үшінші, тарихшылдықтағы пәктіге жүгініп, дәлел мен дәйектерді негіз ету жолы мен көркем әдебиеттегі образды суреткерлік тығыз ұштастырыла Керей хандығына өзек болған Тұғұрыл негізіндегі осыншама ғасырларға жүк болған ұзақ тарих поэтикалық тілмен көркем өрілген. Жырда:
«Айым қайта аспанда тоғар ма екен?!
Құтым қайта басыма қонар ма екен?!
Қарт Алтайдың құшағы анамыздай,
Ондағы елдей мұндағы ел болар ма екен...?!
Бордай тозып келеміз боса көшіп,
Артта қалған арманды тоса көшіп.
Қалған арман келер ме бізді қуып,
Көз жасына келеміз қоса көшіп...» - деп бірде зар заман наласы бейнеленсе; енді бірде:
«Туындайды даналық та халықтан,
Құзғындайды алалдық та халықтан.
Кейде дарқан дана туса халықтан,
Кейде арзан шала туар халықтан.
Көмілмейтін уақыттың шаңына,
Көсем туар әр халықтың бағына.
Заман басқа, адам басқа болған соң,
Ауысады ханның алтын тағы да...» дегендей
философиялық ой түйінделеді. Ой шалмасын алысқа сілтеп онан да ары нұрлы болашақ шамшырағын көрсеткісі келген автор:
«Даласында қыпшақтың, Есігі бар ұшпақтың.
Аян беріп жаратқан,
Баян етіп тіл қаттым.
Түбі соған барарсың Тұрағыңды табарсың.
Аруақты ақсақал,
Тасын қалап іргемнің, Бәйтеректей бүрлендім,
Көк бояулы ту көрдім,
Көк күмбезден күн көрдім...» - деп асқақ үмітті асыл арман мен бүгінгі реалға айналған болашаққа боямасыз болжам жасалады. Төртіншіден, тарихи жырдың ұйқасы бітік, тілі шұрайлы. Онда онбір буынды қара өлең тәсілдерімен негізгі оқиға пайымдала келіп, батырлардың айбынын, билердің көсемдігі мен шешендігін, ақсақалдардың батагөй абыздығын бейнелейтін көбінеки 6-7 буынды жыр жолдары арқылы сезім селін жөңкіте оқырманын өзіне баурай шығарма көркемдігін барынша арттырған.
Шығармадағы тағы бір ерекшелік атамзаманнан жалғасып келе жатқан жыршы-жыраулық тәсіл жете меңгеріліп жемісті қолданылған. Бүгінгі ұрпақ жадынан әлі де толықтай орын алып үлгіре қоймаған жер-су, ру-тайпа, тұлғалы би-батырлар аттары да жінтіктей хатталумен бірге халқымыздың сол тұстағы тұрмыс-тіршілігіне қатысты қазір де архаизімге айналып бара жатқан көне атау сөздері, салттық ырым-жырымдары әйнінде беріліп есте жоқ ерте заман өмірі мүмкіндігінше елестетілген. Шығарманың оқырманына беретін тарихи тағылымы мол. Бұрынғы-соңғы жазылған батырлар жыры қатарында көтерген тақырыбының ірілігі, қамтыған мазмұн-көлемінің кеңдігі, жазылу слобының икемділігі жақтарынан ешкімнен қалыса қоймайтындай биіктігін сақтай алатынына күмәнім жоқ. әсіресе болашақ жас буындардың ұлт-ұлыс тарихын білуде болмасын, көңіл көншірліктей әдеби көркемдіктен ләззаттануда болмасын, тарихи жыршылдық дәстұрден үлгі алудан болмасын, бәрінде де ұнамды үлгі бола алатынына сенемін. Мақаланың соңғы нүктесін тарихи жырдың авторы Мақсұтхан Дәлейұлы Баркөлдің:
«Шыңғысхан да Тұғұлдың түлегі,
Орта азия– Алаш қазақ жүрегі.
Отаршылдар орайына бұрғанмен
Ұлы әлем енді бізді біледі!» - деген ізгі ниет, игі қадамды оңды қып, оның діттеген өресіне жетуіне ұлы жаратушы жар болғай,- деп соңғы нүктені қоюды ұйғардым. Иә, Мақсұтхан бауыр, қашанда қалам қарымың мұқалмай, арының басылмай, дарының ашыла берсін!