Маңызды
(«нау» 26, 2022) Маңызды
Порталымызды қолданғаныңыз үшін қуаныштымыз! Тепсең порталы Сіздерге сапалы қызмет көрсетуге дайын! Біздің редакция сіздерге көптеген пайдалы әрі қызықты ақпараттар ұсынады. Read more...
   |   

Мақсұтхан Дәлейұлы нағыз Қазақы отбасында дүниеге келген ақын, оның туа көргені Қазақы өмір мен дәстүр, тұмса тәбиғат. Оның өлеңдерінен Қазақы тұрмыстың, тәбиғат бояуларының, Қазақы салттың иісі бұрқырап тұратыны да содан. Кейінгі қоғамға араласқан кезіндегі түйгендері оның ақындық өміріндегі толысуларының негізін қалады. Ол «Өзіме» деген өлеңінде:

Өзім туған халқымның аспанында,

Өзіме шақ айналам әлемімді... - дегені бар, бұл өлең жолдарынан ақынның сол ауыл өңірінде, тәбиғат аясында қалып қоймай, азаматтық деңгейге талпынғанын көру қиын емес.

Ақын Мақсұтханның өлеңдеріндегі тақырыптар әр ауан: Туған жерге сағыныш, ата мекенді аңсау, ұлттық рух, Қазақы салт - сана, қоғамдық індеттер, туған тіліне деген құрмет, жастық шақ, махаббат сезімдері, өзі қадір тұтқан тұлғаларға арнаған арнаулары т.б. Кейінгі кездері қалам тербеп жүрген Қазақтың тегі мен тарихына қатысты өлең романдары мен дастандарының өзі бір төбе. Алды «Дәурен жыры» деген кітабынан да көрніс тауып жатыр. Бұл тарихи шығармалары мен кітаптарын, Сартқожа Қаржаубай, Нәбижан Мұхаметхан, Шалқарбек Шәйкенұлы Кәрібаев, Жәнімхан Ошан қатарлы

Қазақтың атақты тарих ғалымдары мен оқымыстылары өте жақсы бағалап жүр. Көбекбай Еспанов, Зияда Исатайқызы, Жұмашәріп Шәһадатұлы Дәндібаев, Баяхмет Жұмабай, Шаяхымет Әлжамбаев сынды танымал әдебиет танушылар да көлемді сараптамалық мақалалар жазып жорары бағалады. Десе де, біз бұл жазбамызда ақынның азаматтық лирикаларын өз тұрғымыздан жіліктеуді жөн көрдік.

Біз ақын өлеңдеріндегі тақырыптың молдығы жөнінде айттық, сонымен бірге, ақынның өлең сөзге деген тыныстылығы мен төкпелілігін де қосарлағанымыз жөн. Мақаңның жалпы өлеңдеріне қарап отырсақ, осы тыныстылығы мен төкпелілігін азаматтық ұстанымына көбірек жұмсаған сияқты. Біз бұнымен ақынның кейде тербеп кететін махаббат лирикаларын, бал дәурендеріндегі сағыныштарын жоққа шығарғалы отырғанымыз жоқ. Мәселен:

Гүлді қалай болады гүл демеуге,

Сені қалай көнейін іздемеуге?

............

Қандай суық болса егер бөліну,

Сондай ыстық сағынышқа көмілу!

Махаббатты өткізуге сынақтан,

Қыздар солай жыр тербейді жырақтан.

Емес мұным сені селтең көргенім,

Шөлдегенде бұлақ болсам дегенім! - деген өлең жолдарынан Ақын Мақаңның сағыныштан, махаббаттан бөгде жан емес екенін аңғарамыз. Оның өлеңдерінің әр тұстарынан, кейде, кейбір тұтас өлеңдерінен балалық дәуірге деген сағыныш, жастық дәурендегі махаббат желігі, оларды сағына еске алулар жиі байқалып тұрады. Мақаңның бұл жағындағы толғаныстары өзінің әнге жазылған мәтіндерінен де көбірек көрніс береді, біз оны ән сүйер қауымның талқысына қалдырдық.

Ақын Мақсұтхан Дәлейұлының азаматтық лирикаларға көбірек баруының себебі, әрине, оның қоғамдық ортадағы әрекетіне, тұрмыста айналасын жіті бақылап, танысуына байланысты. Ол өмірінің бір бөлігін өзінің туған жеріне бауыр басып, сол туған жерін өзіне, ұлтына ғана меншіктеп өткізсе, енді қалғанын өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері ата мекенінде өткізіп келеді. Қалай айтсаңыз да, ақынның жаны сол тұстары екіге бөлініп тұрғанын аңғару қиын емес:

Сұрар болсаң өткен күннің өлеңін,

Көз жасымды жетімекше төгемін.

Бір жүрекке сиғыза алмай екі елді,

Екі кеме құйрығында келемін.

Туған ұлт пен тұрған жұртқа еріксіз,

Бір кеудені бас пен жаққа бөлемін.

Бұған себеп болған, кінәлі есептелетін ақын емес, тарихи жағдайлар екенін Қазақ атаулы жақсы білеміз. Бірақ, ойы ерте жетілген ақын үшін бұның бәрі толғаныс, қаламын қолына алдыратын себеп. Сондықтан, ақынның көкірегінде туған жерге деген сағыныш та, ата мекенге деген махаббат та, ұлтына деген мақтаныш та, осы мезгілде ақынды ширықтыратын қоғамдық жағдайлар еді. Сүйтіп осы бір сарын Мақаңның қаламынан жыр жолдарына айналады.

Ақынның «Ұмытпан», «Жер ұйығым» қатарлы өлеңдерінде, туған жер, туған ел, отан тақырыптары айызды қандыра айтылады. Мәселен: «Жер ұйығым» өлеңінде автордың жан дүниесінен кетпейтін туған жерге деген бір аңсау тұрады. Ол ақын үшін асыл мекен, онда ата - бабасының асыл денесі қалған. Кіндік қаны тамған ол мекен сағындырады, есіне жиі оралады, елестейді, сағынышының зарығы басылмайды. Енді, міне бүгін сол туған жердің тау сілемдері Алатауға айналып отыр. Бұл расында тағдыр ма, жоқ автор өзі таңдап алған соқпақ па? Әрине, осыдан кейін ақынның көкейінен жыр жолдары төгілмей көрсін:

Жастығымның ең алғаш гүлі ашылған,

Жүрегімнің жұбыма сыры ашылған.

Туған жер, сенсің ыстық топырағым,

Арманымды үкілеп шың асырған.

................

Қайда жүрсем ту етіп өз атыңды,

Өзеніңдей өр кеуде тасып өтем.

.................

Тұмар етіп жазып ап жүрегіме,

Атыңды Алатауға ала келдім. - Міне бұл өлең жолдары біздің жоғардағы талдауымыздың дәлелі. Ақынның осыған сәйкес келетін ой жүлгелері «Жер қадірі» деген өлеңінде де әдемі бейнесін тапқан. Онда автор өзінің туған жерге деген сағынышын, махаббатын тіпті де әрлеп, жеткізе айту үшін киіктің адамша аңсауын тілге тиек етіп, ойын одан ары бекіте түседі. Мына бір шумаққа қараңызшы:

Адам түгіл атқы көрген киік те,

Жер дегенде батады екен күйікке.

Көрем бе деп туған жердің төбесін,

Жат жерінде шығады екен «биікке».

...............

Білер болсаң киік тілін егер сен,

Төгер едің жүрегіңнен жылы жыр.

Ақын нені меңзеп отыр, Тек киіктің туған жерді аңсауын ғана ма? Ол туған жерден неге безіп кетті, енді неге сол мекенге бара алмай тек «биік»тен ғана аңсап есіне алады? Бұл біздің Қазақтың бір жартысының да басында бар тағдыр. Қазақтың қаншама мекені қолдан сусып кетті. Енді ол тек сағыныш қана!

Біз ақын өлеңдерін оқи отырып, алғашқы нүктеден жол алып біртіндеп алдын арши ілгерлегенін байқаймыз. Түсінікті етіп айтсақ, оның өлеңдері өзінің өмір жолымен бірге толықтанып, толықсып отырған. Алғашқы өлеңдері ауылдан бастау алып, ақырындап қоғамдық түс ала бастаса, кейінде оған азаматтық армандар тоғыстырылған. Атап айтқанда, алдымен туған жердің топырағын ыстық сезінсе, біртіндеп ол нысанасы атамекен, ұлт тағдырына ұласқан.

Ақын Мақсұтханның өлеңдерінде жастық шақ, махаббат тақырыптары да сөз етілетінін ескерткен едік, бірақ, кей ақындар сияқты тек махаббаттың әуеніне ғана түсіп алып, жүрегі езіліп отыра бермейді. Өлеңдерінде махаббат пен туған жерге деген сағынышынан тыс, атамекен, отан, ел, ұлт тақырыбы, тіпті де, көп толғанылады. Үйткені, ақын өзінің, әсіресе, келешек ұрпақтың болашағы осы атауларға байланып тұрғанын терең сезіне білді. Айтар болсақ, ақынның «Менің кеңістігім», «Жүрегім», «Атамекен», «Туған ел» сияқты көптеген өлеңдері бұл ойымызды айқындайды.

«Кешір мені, Қаратау» деген өлеңінде ақынның туған жердің тәбиғатымен тамырланып, бойына жусан иісін жұқтырып, жүрегіне тау мінезін сіңіріп, қанын таза ауасымен тазартқан туған жерінен:

Кешір мені, қаратау,

Бөгделеу бүгін күйісім.

Жұрнақсыздап барады - ау,

Қайран жусан иісім, - деп еріксіз іргесін бөліп бара жатқан көңіл - күй толғанысын аңғарсақ; Осыған ілесе, «Жүрегім» деген өлеңінен ақынның:

Қазағым десе жарылып, Мүддеден бөгде арылып.

Тәуелсіздік алғанда,

Жарқылдап едің жан ұрып, - дейтін ендігі түпкілікті ойын тәуелсіз еліне, ұлттың мүддесіне бұрғанын байқаймыз. Жалғасты

«Атамекен» деген өлеңіне келгенде:

Аспанның анау төрінен,

Ай болып түнде көрінсем.

Арайлы күннің көзінен,

Нұр болып күндіз төгілсем.

Аймалап сонда өберім -

Өзіңсің, атамкенім!

Жер шары күнді айналса,

Мен жүрем сені айналып.

Кіндігің күнге байланса,

Мен тұрам саған байланып, - деп ақын өзінің болашақ тағдырының байланар түп қазығы енді атамекен екенін, ендігі берері де сол атамекенге тәуелді екенін баса айтады. Бұл өлеңдегі суреттеу әдісі де ерекше, «мен» аспандағы ай, жұлдыз, күннің нұрына айналып кетсе де, бәрі бір ең соңғы өбері сол атамекен, атамекендегі таулар болатынын; Тәбиғаттың қандай бөлшегіне айналып кетсе де, қандай арманына жетсе де «меннің» тағы да айналып баратын тұғыры сол атамекен болып қала беретінін салғастыра суреттейді.

Атамекенге келіп, ақынның аңсаған ұлы арманы орындалғаны белгілі. Ұрпағы осы ұлы отанның, оның әр бір өлкесінің ауасы мен суын сіміріп, алаңсыз өмір кешетініне сенді. Өзінің де осы бір ұлы даланы, рухын асқақтатып, жырына шомылдырып өткізгісі келген. Десе де, кейіндеп, ақын бұл ойының ең соңғы нысана емес екенін біртіндеп сезіне бастайды. Нақтап айтқанда, ақын өз мойнына осы отанның болашығы мен дамуы, өз ұлтының көркейюі мен гүлденуі сынды міндетті жүктелгенін білді. Оған белін буына ұмтылыс жасағанымен, кедергілердің де аз емес екенін аңғарды. Ақынның «Сен біздерді дейсің бе оралман ба?» өлеңі бар. Онда ақын өзін бекітіп, тәуелсіз еліне тәп тәуір үлес қосқысы келген ойына кереғар, «оралман» деп кемсітетін жандардың пайда болғанына ашынады. Әрі өлеңде өзінің ата - бабаларының кезінде мекендеген жерлерін атап, дәлелдеп олардың бетіне тіке қарайды.

Болса егер жүрегің Қазақтікі,

Мына сөзің дұшпанға мазақ - күлкі.

Кемейтуге кемелсің іргемізді,

Кеңейтуге мешелсің ғажап тіпті, - деп олардың төменшік ойларына тойтарыс береді. Дегенмен, ақын бұл шамырқануын дереу доғарады, бұл азғантай «мешел» жандардың татымсыз күңкілі екенін сезінеді. Сүйтіп, ендігі кезекте өз мұратын елдің көркеюі мен гүлденуі сынды жоғары деңгейден іздейді.

Бірақ, бұл бір Мақсұтхан ақынның қаузап таусатын тақырыбы емес еді. Тәуелсіз Қазақ елінің егемендігінің нығаюы, көркейіп - гүлденуі, болашағы; Бұл барыстағы түрлі кедергілер, атап айтқанда: Қазақтың ұлттық салт - санасы, тілі, жемқорлық, жершілдік, топшылдық, руға бөлінушілік, бирократтық т.т. лар. Ақын жақынғы жылдардан бері осы тақырыптарда да жиі - жиі қалам тербеп көрді. Қоғамдағы ұнамсыз жәйіттерді қамшылап, өзінің тәуелсіз елін мақтана жырына арқау етті. Көп өлеңдерінде өзінің ұлттық рухын жани түседі. Қысқасы, ендігі кезекте, аңғарлы ақын өзін осы бір ұлы топыраққа тереңдеп тамыр тарта сіңірді.. Ол бірде:

Ала таудың оянғам таңыменен,

Түс көрсем де Қазақтың тауын көрем, - деп Қазақтың тау - тасына дейін өзінің арқа сүйер тиянағы, көкейіндегі мақтанышы екенін көрсетсе; Енді бірде:

Қазақ қана сияды жүрегіме,

Бақытым да Қазақтың тілегінде.

Қазақ болып туудан басқа бақыт,

Бар дегенге сенбеймін бұл өмірде, - деп ұлтының ұлы тұлғасын жасап, оны жүрек соғысы, тынысы етеді. «Маған ыстық бір отан» деген өлеңінде де ақын:

Аңсап келіп алыстан,

Бұлағыңнан жұтқаным -

Сәби болып анамның,

Жан шуағын құшқаным, - деп қысқа да нұсқа бір шумаққа өзінің бүкіл болмысын сызып беріп отыр. Бұндай өлеңдер ақынның жақынғы кездердегі жиі қалам тербейтін бір өлкесіне айналғандай.

Біз мақаңның азаматтық тұлғасын бейнелейтін өлеңдеріне көбірек мән бердік. Іс жүзінде ақынның тақырып таңдауы өте жан - жақтылы. Кейінгі кездерде жазып жүрген өлеңдері Мақаңның және де бір қырын ашып бара жатқандай. Өмір туралы, адамдық қасиет, адамдардың елеусіз нәзік тұстары, қоғамның әлсіз жақтары, отанның тау - өзендері, ұлтқа жанашырлық, ұлыларды әспеттеу, ұлттық рух т. б. Уақытының ендігі бір бөлегін Қазақ тарихына қатысты ұлы тұлғалар туралы ірі - ірі шығармаларға арнап жүр. Ондағы мақсаты тарихтың ақтаңдақ тұстарын түгендеу, тарихты жаңғыртып келешек ұрпақтың көкейіне сіңіру. Мақаңның өзінің бір айтқаны бар: «Мен жазбасам тұра алмаймын, ал, жазғанымды жұртқа жария етпей де тұра алмаймын» деп, үлкен тақырыптарға барып жүргенінің бір себебі де сол шығар?!

Біз жоғарда ақын Мақсұтхан Дәлейұлының азаматтық лирикаларына біраз тоқталып өттік. Бұл өлеңдері өзінің де азаматтық тұлғасымен көбірек түйіседі. Әрине, Мақаң тек қана азаматтық лирика жазатын ақын емес екенін, тақырып аясы кең ақын екенін де ескерттік. Сонымен бірге, ақын өлеңдерінің барлығы бірдей сары қасқа деуден де аулақпыз. Мақаңда да біраз ақындар сияқты ойды қайталау байқалып қалып жатады. Ақын шынайы шалқып, желпінген кездерінде кей өлеңдерінің ұйқастары бошалаңдап кететін жәйіттері жоқ емес. Мақаң өлеңін негізінен дәстұрлі өлең үлгісімен жазады, десе де, кейде бір өлеңде ұйқас бірдейлігі сақталмай, бірнеше ұйқас түрлері кезігіп те қалады. Дегенмен, оны бүгінгі өлеңдердің құрлысы сан саққа кетіп жатқан кезде кемшілік деуге келе де қоймас. Біз бұл туралы Мақаңның ана өлеңі, мына өлеңі деп атамай оқырманның саралауына да мүмкіндік қалдырдық. Себебі, біз ақынның азаматтық келбетін көрсететін азаматтық лирикаларын аздап сараптауды мақсат еткен едік.

Мақаңның кейінгі кездердегі шабыты ересен, ойлы өлеңдерге де бой ұрып жүргенін байқаймыз. Қазір, ақынды өлең сөздің нағыз додасына түскен ақындардың қатарында деу керек. Бұл сөзімді оқырманға дәлелді етіп көрсету үшін мақаламның соңын, ақынның "Біздің Қазақ" деген кейінгі кезде жазған жалынды өлеңінің басы мен аяғындағы екі шумағын оқумен аяқтасам деп отырмын:

Біз - ұлы байтақпыз.

Мұнай атты

Мың қабат қоңыр қаймақпыз.

Кеңістік- ұшпақ кеңдігім,

Едіге

Қыпшақ - ерлігім.

Европаны кезінде,

Өткеміз атпен жәйпап біз...

............

Біз - тәуелсізбіз, дербеспіз!

Елдескенге елдеспіз.

Замандардың заңғарында жаңғырған,

Өткен өртті тағдырдан,

Тектілікке теңдеспіз!

Аспанынан әлемнің,

Күн сөнсе де сөнбеспіз!


Автор: Мырзағали Тоқтаубай

  • Шілде 27, 2020
  • «Желтоқсан» 06, 2020
  • Қараша 22, 2020
  • Шілде 17, 2020
  • Ақпан 21, 2023
  • «наурыз» 28, 2021
  • «Сәуір» 04, 2021
  • «наурыз» 15, 2021
  • «тамыз» 01, 2021
  • «мамыр» 11, 2020
  • «мамыр» 29, 2021
  • «Желтоқсан» 15, 2021

Ең соңғы кескіндер

Тепсең сайтында жарияланған бейнежазбалардың барлығын осы арнадан көре аласыз.

Кіріп көріңіз